Қазақстанда жаңа вакцинациялау паспорты жасалуы мүмкін

2037

Қытайдың Sinopharm вакцинасының бірнеше түрі бар, оның бәрін бірдей Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындамаған. Қазақстанда соның қайсысы егілуде?

Қазақстанда жаңа вакцинациялау паспорты жасалуы мүмкін

"СҚ-Фармация" дерегінше, Қазақстан ҚХР-мен келіссөздер нәтижесінде, жалпы алғанда қытайдың Sinopharm компаниясының Vero Cell инактивті вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алған. Бірыңғай дистрибьютордың айтуынша, бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакцина.

Шынында солай ма?

Тараз тұрғыны Жансая Ибрагимова шетелде оқитын студент. Оқуына баруы үшін әлемде танылған вакцинамен егілуі міндетті. Ал Қазақстанда қолданылатын 6 вакцинаның басым көпшілігі дүниежүзінде құпталмаған. Бұл ретте әлем таныған америкалық Pfizer компаниясының "Комирнати" вакцинасы әзірге балалар мен жүкті, босанған аналардан басқаларға егілмейді.

"Университетіміз қытайдың Sinovac Biotech биофармацевтикалық компаниясы әзірлеген коронавирусқа қарсы CoronaVac препаратымен егілуге болатынын хабарлады. Алайда біздің қалада оны табу қиын болып шықты. Тараздағы көптеген егу пунктеріне хабарластым, ешқайсысында жоқ. Алматыдағы вакцинация пункттеріне де қоңырау шалдым, олар өздерінде CoronaVac-тың барын айтты. Бірақ оның қызметкерлері вакциналардың аталымын шатастыратынын білдім. Шын мәнінде, Алматыдағы мен адақтап шыққан егу пункттерінде CoronaVac жоқ екен, оны қытайлық басқа препараттармен шатыстырып алыпты. Тек біреуінде бары анықталды, оның өзі тек екінші компонент", – дейді Жансая. 

CoronaVac-тың  екінші компоненттері биылғы жаздан қалыпты. Бірінші дозасын еккізгендер екіншісін алуға келмеген көрінеді (Қазақстанда Ashyq қосымшасындағы мәртебе бірінші дозадан кейін бірден "жасылға" өзгереді). Содан дәрігер: "бірінші және екінші компоненттер бір-бірінен ерекшеленбейді, салғыза сал" деген кесірлі кеңес берген, студент одан бас тартқан. Себебі шетелде бұл салада тәртіп қатаң, компоненттерді егу ретін сақтауды талап етеді.

"Осылайша, кейбір егу бекетінде дәрігерлердің біліктілігі сын көтермейтінін түсіндім. Олар тіпті нақты қандай вакцинаны егіп жатқанын да айырмайтын көрінеді. Коронавирусқа қарсы ғой, бәрібір емес пе дегендей, салғырт қарайды. Соның кесірінен басқа қалаға босқа сапарладым. Негізі, елде парадоксты жағдай қалыптасуда. Пункттерде CoronaVac-тың пайдаланылмаған екінші дозалары жинақталуда. Ал бірінші компонентін салғызғысы келетіндер оны таппауда", – дейді студент қыз.

Оның айтуынша, университет келіссөз барысында қытайдың Sinopharm (VeroCell) вакцинасын салғызуға рұқсат етіпті.

"Қабылдаушы тараптан ВероСелл Синофарм BBIBP вакцинасымен егілуге рұқсат алғаннан кейін соны салғызайын десем, тағы да кедергілерге тап болдым. Кейін білгенімдей, қазақстандық вакцинациялау паспортында егілген вакцинаның толық атауы, егжей-тегжейі жазылмайтын болып шықты. Өйткені VeroCell препараты Бейжің, Ухань, Біріккен Араб Әмірліктері (Hayat-Vax атаумен белгілі) секілді бірнеше қалада жасалады. Біздің екпе паспортында "Вероселл Синофарм" деп қана жаза салады. Бұл дұрыс емес. Себебі ДДСҰ және Еуропа елдері VeroCell-дің барлық түрлерін бірдей мойындай бермейді. Тиісінше, "ВероСелдің" қай түрімен егілгенімді нақтылауды талап етеді. Сондықтан қазақстандық ВП-ға өзгеріс енгізіп, вакцинаның толық атауын жазуды сұраймын", – деді Ж. Ибрагимова Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында.

Шенділердің көзбояу тірлігін түсіну қиын

"СҚ-Фармацияның" дерегінше, 2021 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен, Бейжіңнен Алматыға COVID-19 індетіне қарсы Sinopharm (VeroCell) вакцинасының кезекті партиясы келіп жетті. Жүк құрамы 3 миллион дозадан тұрады. Бұл доза Қазақстан халқын жаппай вакцинациялауды аяқтауға арналған көрінеді.

Жалпы алғанда, бірыңғай дистрибьютор ҚХР-дан 4 миллион доза вакцина сатып алған. "СҚ-Фармация" елге әкелінген осы VeroCell-ді Бейжің биологиялық өнімдер институты әзірлегенін және оны ДДСҰ мойындағанын растады. Оны әлемдегі елу шақты мемлекет қабылдаған. Вакцина инактивті, өлтірілген, қос дозалы. Сақтау мерзімі – 24 ай.

Бейжің институты әзірлеген вакцина "Sinopharm BBIBP-CorV", "Sinopharm BBIBP", "Sinopharm BIBP-CorV", "Sinopharm Covid Vaccine BIBP", "Sinopharm Beijing", "BBIBP-CorV", "BBIBP", "Sinopharm Covilo", "Covilo" таңбаларына ие болып келеді.

Әйтпесе, биылғы сәуірден бері Қазақстан Sinopharm-ның БАӘ-де жасалған, Hayat-Vax сауда маркасына ие вакцинасын да алғызды. Бірақ оны әзірге көптеген мемлекет мойындамаған көрінеді.

Денсаулық сақтау ведомствосының басшысы Алексей Цой азаматтардан түскен ескертпе-ұсыныс ескерілетінін мәлімдеді.

"Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялаудың электронды паспортына қосымша ақпаратты енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның барысында аталған паспортқа коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны өндірген компанияның және шығарған елдің атауы қосылады. Таяу уақытта eGov mobile ұялы қосымшасындағы "Цифрлық құжаттар" сервисінде КВИ-ге қарсы вакцинациялау паспортының жаңа формасын жасау жоспарланып отыр", – деп хабарлады А. Цой.

Азаматтардың шағымында айтылғандай, мегаполистердің өзінде егу пунктерінің телефондары күні бойы қоңыраулатсаң да жауап бермейді. Салдарынан, нақты бір препаратпен егілгісі келетін азаматтарда оларды өзі аралап, қаншама уақытын сарп етуге тура келеді.

Сондай-ақ елімізде әлі күнге дейін нақты бір қалада дәл қазір нақты қандай вакциналар түрі қолжетімді екенін шынайы уақыт режимінде көрсететін не интерактивті карта, не онлайн база жоқ.

Ал құрылуына және жұмыс істеуіне қыруар бюджет қаражаты жұмсалған www.coronavirus2020.kz сайты жұрт онсыз да ақпарат агенттіктерінен оқып-біліп отырған жаңалықтарды, статистиканы қайталап басумен шектелуде. Яғни егілгісі келетіндер үшін сайттың еш практикалық пайдасы жоқ.

Шенеуніктердің неге бюджет есебінен көзбояу жасауға құмар болып тұратынын түсіну қиын.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу