Қазақстанда жол көлік апаты жиі болатын автожол учаскелері жарияланды

4320

Жол-көлік оқиғаларының өсуіне жолдар бойындағы инфрақұрылымның нашарлығы да ықпал етіп отырғаны анықталды.

Қазақстанда жол көлік апаты жиі болатын автожол учаскелері жарияланды Фото: baq.kz

Көп адамның қайтыс болуына әкеліп соқтыратын жол-көлік оқиғалары соңғы уақытта тым жиілеп кетті.Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда 2014 жылдан бері жол апаттарының жалпы саны азайып келеді. ЖКО салдарынан қаза тапқандар саны керісінше, артқан. 

"5 жыл ішінде болған 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасында 11 193 адам қаза тапты. Оның ішінде 8212 ер адам, 2974 әйел, 1093 бала мерт болды. Жол-көлік оқиғаларынан шейіт болған азаматтардың 36%-ы – жаяу жүргіншілер, 32%-ы – көліктегі жолаушылары, 27%-ы – көлік жүргізушілері, 5%-ы – мотокөлік немесе велосипед басқарған адамдар. ЖКО-ның негізгі себебі – көлік басқару тәртібін бұзу және жүргізу мәдениетінің төмендігі. Барлық жол-көлік оқиғаларының 94%-ы жүргізушілер кінәсінен болады, оның ішінде 6%-ға жуығы мас жүргізушілер кесірінен болды", – деп мәлім етті ІІМ.

Жолдардағы апаттардың негізгі себептері рұқсат етілген жылдамдықты асырумен (40%), қарсы жолаққа шығумен немесе басып озумен (7%), маневр жасау қағидаларын бұзумен (7%) байланысты болып отыр.

Адамдар жиі қаза табатын қауіпті жолдардың антирейтингі де белгілі болды. ІІМ мәліметінше, Жамбыл облысындағы "Батыс Еуропа – Батыс Қытай", "Алматы – Ташкент", Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы "Орал – Атырау" автожолдарының учаскелерінде күрделі жағдай қалыптасуда: ЖКО-ларда қайтыс болғандардың жалпы санының 60%-дан астамы соларға тиесілі көрінеді.

Жол инфрақұрылымы жан сақтауға сеп

Сонымен, жолдағы апаттарға көлігін жын ұрғандай айдайтын менмен жүргізушілердің көбеюі түрткі болған.

Бірақ сол ЖКО-лар салдарынан адамдардың көп өлуіне жол инфрақұрылымының нашарлығы да ықпал етіп отырғаны анықталды.

Бұрынғы билік тұсында "жолдар неғұрлым тақтайдай түзу болса, жол апаттары да соғұрлым көп болады" деген қысыр сөзді тіпті биік лауазымды тұлғалар айтып жүрді. Олар жақсы жолдарда жүргізушілердің көңіліне желік бітіп, өзара жарысқа түсуге ынтық тұрады дегенге сендіріп бақты. Бірақ дамыған елдердің бәрінде де жол сапасы өте жақсы, ал оларда жол-көлік оқиғалары көп емес. Демек, мәселе түп-түзу жолдарда емес.

Ішкі істер министрлігінің мамандары жол апаттарында өлген адамдар санының көбеюінің бір себебі ретінде "жол жабынғысының қанағаттанарлықсыз жағдайын, шұңқырлардың, ойықтардың көптігін" және "жолдардың үлкен бөлігінің заманауи талаптарға сай келмейтінін" атады. Соның салдарынан көліктер аударылып қалады (барлық ЖКО-ның 21%), қарсы жаққа шығып кетіп, өзге көліктермен соқтығысады (барлық ЖКО-ның 30%). Қазақстандағы жолдардың басым көпшілігі ортадағы барьерлік қоршаумен ажыратылмаған.

Мәселен, биылғы сәуірде "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы Екатеринбург–Алматы республикалық маңыздағы автожолдың 1246 шақырымында шоттың дөңгелек тастарындай айналатын жаңа үлгідегі барьерлік қоршау орната бастады.

"Аталған құралдың артықшылығы сол, ол соқтығысу қуатын айналу қуатына айналдырады. Конструкциядағы барабандардың жылдам айналуы нәтижесінде апатқа ұшыраған көлік қоршаудан кері серпілмейді, оған сүйкенген күйі оның бойымен алға жылжиды. Тиісінше, көлік жол бойында қалады", – деп мәлім етті "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.

Компания роликті барьерлік қоршауды Екатеринбург–Алматы трассасының 1239 шақырымында, Ақмола облысының Талапкер кентінің жанында да орнатпақ. Егер сынақ өзін ақтаса, онда бұл конструкцияны басқа тасжолдарға да таратқан орынды болар.

Қалай болғанда, мамандардың айтуынша, жол бойындағы инфрақұрылым да қала сыртындағы жолдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Мысалы, көлігін жүргізіп келе жатып, шаршағаннан қалғи бастаған жүргізушілер, әсіресе алып фуралардың жүргізушілері жолдан шығып, тынығатын "аралдар" көптеп жасақталғаны жөн. Әйтпесе, еліміздегі жаңа ақылы жолдар сыртынан қоршалған. Бұл ақша төлегісі келмеген өзге көлік иелері жол-жөнекей еніп кетпеуі үшін жасалды. Салдарынан, ондай трассаларда жүргізушілер ұйықтап алу үшін жолдан төмен түсіп келе алмайды.

Мәселен, Америкада, Еуропада жол бойындағы мотельдер (motor hotel сөзінен шыққан) желісі өркен жайған. Бізде ол жоқтың қасы.

"Жолбойы инфрақұрылымы дамымағандықтан, кемпингтердің, демалыс орындарының, тамақтандыру орындарының жоқтығынан жүргізушілер өздеріне де, өзгелерге де қауіп төндіре отырып, аз ұйықтап, демалмай, дамылсыз көлік жүргізуге мәжбүр", – деді ішкі істер органдарының мамандары.

Олар 2022 жылы адам өліміне әкеп соқтырған ЖКО-ның жартысына жуығын автомектептерде оқымай, өз бетінше даярланған адамдар жасағанына да назар аудартты. Олай болса, автомектептерде оқуға қатысты талапты қайтарған артық болмас еді. Әйтпесе талап тоқыраған соң, елде жүргізушілерді даярлау сапасы да құлдырап барады. Ал автоХҚКО-ларда (автоцондарда) жүргізуші куәлігін емтиханды тапсырмай, сатып алуға болатынын салаға жауапты Цифрлық даму министрлігінің басшысы Бағдат Мусин дәлелдеді.

Қандай шаралар қабылдануы қажет?

Үкімет жол-көлік оқиғалары кезінде болатын өлім-жітімді азайтуға бағытталған шаралар кешенін пысықтап жатыр. Қазақстанның жолдардағы қауіпсіздікті арттырудың негізгі стратегиясына Скандинавия елдерінің тәжірибесі ұстын болады. Бұл елдерде енгізілген "жолдарда өлім-жітімді мүлдем болғызбау" қағидаты жол-көлік оқиғаларының азаюына әкелді.

"Осыған байланысты автожолдарды жобалау мен реконструкциялау тәсілдерін қайта қарау қажет. Ол үшін тиімділігі дәлелденген "Vision Zero" сияқты мамандандырылған арнайы бағдарламалық қамтылымды пайдалану, аналитиканы енгізу керек. Бұлар барлық қатысушылардың қауіпсіздігі үшін жол қозғалысының үйлесімді жүйесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Sms хабарлама, Яндекс, Google, 2 GIS навигациялық карталары сияқты ақпараттық сервистер арқылы жүргізушілерді апат қаупі жоғары учаскеге жақындағаны, немесе ауа райының, жолдың және өзге де жағдайлардың нашарлағаны туралы хабардар ету көзделеді. ЖКО кезінде зардап шеккен адамдарға жедел алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ өлім-жітімді азайту үшін бұл бағытта да жұмыс тәсілдері өзгертіліп, трассалардағы медициналық-құтқару пунктерін оңтайлы орналастыру қарастырылады", – деп бөлісті жоспарларымен Ішкі істер министрлігі.

Полициялық бақылау күшейтілмек. Полицияның жол қозғалысын қадағалау жөніндегі күнделікті қызметіне көлік ағынындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретін қызметтік автомобильдер базасындағы аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілетін болады.

Көліктердің техникалық жай-күйі нашарлады. Сондықтан жол-көлік жарақатының қаупін барынша азайту мақсатында көліктерді техникалық байқаудан өткізуге қойылатын талаптар қайта қаралады.

Өйткені техбайқау босаңсытылған соң, 5 жыл ішінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін көлік басқарған 565,7 мың жүргізуші әшкереленіп, жауапкершілікке тартылды. Тағы 266,8 мыңына техникалық байқаудан өтпегені үшін айыппұл салынды.

5 жыл ішінде 738 адам қауіпсіздік белдігін және басқа да шектеу құралдарын тақпау салдарынан қайтыс болса, 173 жағдайда көлікте белбеу мүлдем болмай шығыпты.

Осыдан-ақ саланы былық жайлағанын байқауға болады. Қазіргі Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов командасы ойға алған реформасын аяғына жеткізіп, саланы ретке келтіріп үлгерсе, игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу