Қазақстандағы 2020 жылдың басты әрі ірі саяси оқиғалары

13877

Биылғы жылғы тосын өзгерістер сананы сансыратты. 

Қазақстандағы 2020 жылдың басты әрі ірі саяси оқиғалары

Күнтізбе 2020 жылдың соңғы күндерін санап жатыр. Бұл жыл оғаш, қалыптан тыс, тіпті жан түршігерлік оқиғаларға қанық болғаны сонша, қазақстандықтардың қатты шаршағаны байқалады. Мұны әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді кезіп жүрген әзіл-карикатура, күлкілі мемдер куәландырады.

Айтқандай, Wikipedia биылғы жылдың елеулі, адамзат үшін маңызды оқиғаларының тізімін жасады.Биыл елуден аса ел халықаралық қауымдастықты елең еткізген екен. Осы орайда оның жаһандық тізіміне Қазақстандағы бірден бірнеше оқиға кіріп отыр. Мысалы, 2020 жылдың Қазақстанда "Волонтер жылы" деп жариялануын Wikipedia  биылғы әлемдегі маңызды саяси оқиғалардың бірі санайды. Мұны батыс елдерінің осы қозғалысқа баса мән беруімен түсіндіруге болады.

Қордай оқиғасы

Wikipedia Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы төбелеске жеке тоқталыпты. Ел билігі мұны бұзақылық, тәртіпсіздік деп бағалады. Ал жаһандық энциклопедия не дейді?

"2020 жылғы 7 ақпанда Қазақстанның оңтүстігінде, Жамбыл облысының Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс орын алды. Биліктің байламынша, оған тұрмыстық шиеленіс себеп болған. Қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапты, тағы 185 адам медициналық көмекке жүгінді. 23 мыңнан астам тұрғын, негізінен дүнгендер, көрші Қырғызстанға қашты. Қазақстанда қалған бірнеше мың дүнген мешіттерде, шекаралық завставаларда бас сауғалады. Жалпы саны 778 жергілікті отбасы зардап шекті", – дейді Wikipedia сарапшылары.

Жыл басында сол бейберекетсіздікті тоқтатуға қатысқан Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл таяуда Қордай ауданына қайта сапарлады. Оның анықтағанындай, ақпанда аздап зардап шеккен, яғни тек әйнектері сынған 103 нысан да, сондай-ақ 54 өртенген жылжымайтын мүлік те (41 үй, 13 кәсіпкерлік нысаны) толық жөнделді. Бұған демеушілер қаражаты мен мемлекет бюджеті тартылды. Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан отқа оранған, соның ішінде 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысаны және 62 автокөлік бар. Алайда сол 65-тің 11-і заңсыз нысан болып шықты. Ондайға өтемақы жасалмайды. Мемлекеттік материалдық резервтен 274 текше метр ағаш, 8 мың 375 шаршы метр профнастил, 16 мың 750 шаршы метр шатырлы темір таратылды. Зардап шеккен отбасыларға тиісті әлеуметтік және материалдық көмектер көрсетілді. Облыстың жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен "Бейбітшілік пен келісім" жобасы іске асырылып, 618 іс-шара ұйымдастырылды, онымен 15 мың 481 адам қамтылыпты. Аудан қалпына келді. Бірақ мұндай қақтығыстың өзге өңірлерде қайталанбасына кепіл бар ма? Оның қайталануына жол бермеу – биліктің алдағы жылдардағы міндеті.

Дариға Назарбаеваның отставкасы

Ата заң бойынша Президенттен кейінгі мемлекеттегі №2 тұлға – Сенат төрағасы. Өйткені 1995 жылғы жаңа Конституцияның қабылдануымен бірге елде вице-президент институты жойылды.

Елбасы басқарушылардың жаңа формацияна жол ашу үшін өткен жылы президенттік биліктен өз еркімен бас тартып, орнын сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғаны мәлім. Ізінше Қ.Тоқаев Президенттік сайлауда жеңіске жетіп, сайланған Мемлекет басшысы мәртебесін иеленді. Қазақстандық оппозиция осы әдіс алда тағы қайталанады деп тон пішеді. Сенат төрағасы лауазымына кімнің тағайындалғанына халықаралық сарапшылардың назар аударуының себебі де содан болса керек.

Білікті саясаткер, мемлекетшіл қайраткер Дариға Назарбаева 2016 жылғы 13 қыркүйекте Президент жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. 2019 жылғы 20 наурызда жоғарғы палата депутаттары оны Сенат төрағасы етіп сайлады. 2019 жылғы 2 қыркүйекте Сенат басшысы лауазымына қайта сайланды.

Биылғы 2 мамырда лезде әлемге тараған және кейін Wikipedia-ның "2020 жылғы оқиғалар" ұзын тізіміне кірген жаңалық жарияланды: Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен Д.Назарбаеваның Сенат депутаты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мемлекет басшысы оған Сенат спикері ретінде белсенді және жемісті жұмысы үшін алғыс білдірді. Дариға Назарбаеваның қызметінен кетуінің себебі сол бойы белгісіз қалды. Қазіргі кезде саясаткер "Nur Otan" партиясының атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде тіркелген.

Сенат төрағасы лауазымын соған дейін Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Мәулен Әшімбаев иеленді.  

Сенаторлар сайлауы

2020 жылғы 11 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы" жарлық қабылдады. Бұл саясаттанушылар арасында, қоғамда Парламенттің жоғарғы палатасына қатысты пікірталасты қайта өршітті. Соның алдында, 2017 жылғы конституциялық реформа кезінде Сенатты жою жөнінде көптеген ұсыныс түсіпті. Халық 6 жылға тағайындалатын сенаторлардың не істейтінін түсінбейді. Сарапшылар олардың Мәжіліс өткізген заң жобаларын көп пысықтамай, бір жиында-ақ екі оқылымда қабылдай салатынын, әрі оларды тікелей бұқара емес, мәслихат депутаттары сайлайтынын сынайды.

Нәтижесінде, бұл палатаға көбіне жергілікті билік өкілдері өтеді. Биыл сайланған сенаторлар ішінде әкімқаралар мен мәслихат жетекшілері көп. Мысалы, мәслихат депутаттары Алматы қаласында – Медеу ауданының әкімі, 60 жасар Сұлтанбек Мәкежановқа, Ақтөбе облысында – Шалқар ауданының әкімі, 62 жасар Бауыржан Қаниевке, Алматы облысында – облыс мәслихатының хатшысы, 61 жасар Сұлтан Дүйсембиновке, Жамбыл облысында – облыс әкімінің бірінші орынбасары, 63 жасар Бекболат Орынбековке, Қостанай облысында – облыс әкімінің орынбасары, 52 жастағы Сергей Карплюкке, ШҚО-да соның қарсаңында Бородулиха ауданының әкімі, оған дейін Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болған, 48 жасар Ольга Булавкинаға дауыс берді. Жалпы саны 17 сенатор сайланды. Осынша депутаттық мандатқа 46 кандидат таласты. Сайланған жаңа сенаторлардың бесеуі – әйел.

Мәжіліс және мәслихат сайлауы тағайындалды

Оппозиция "Парламент сайлауы 2020 жылы өтеді" деп бұрыннан жорамал жасады. Себебі, бұған дейінгі 5 шақырылымдағы мәжілістердің бірде бірі аяғына дейін жұмыс істемепті: барлығы мерзімінен бұрын тарап кеткен. Бұл ретте депутаттар арасынан біреуі шығып, әлдебір "салмақты себепті" алға тартып, Парламентке өзін-өзі таратуды (самороспуск) ұсынатын. Бұл бастама қоғамнан қолдау табатын.

Ал 6-шы шақырылымдағы Мәжіліс аяғына дейін істейтін алғашқы депутаттық корпусқа айналмақ. Ол алдағы аптада өзінің жылжабар, соңғы отырысын өткізеді. Парламенттік сайлау да бірінші рет конституциялық мерзімінде – 2021 жылғы 10 қаңтарда өткелі тұр. 

Ал Мәжіліске Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы сайланатын 9 депутат 11 қаңтардағы ҚХА съезінде анықталмақ.

Қазіргі кезде 5 партия үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде, бұлар "Nur Otan", "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы халықтық коммунистер), "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы, "Adal" (бұрынғы "Бірлік"). ЖСДП сайлауға бойкот жасауға ұйғарды. Алдағы сәрсенбіде, 30 желтоқсанда "Хабар" арнасында әрбір партиядан кандидаттардың дебаттары өтеді.

Жиналыс бостандығының енгізілуі

2020 жылғы 25 мамырда Қ.Тоқаев "Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңына қол қойды. Жаңа заң митинг, шеру, пикет және басқа да наразылық шараларын өткізуді жеңілдетті. Енді жергілікті әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ, тек қай күні өтетіні және қанша адам қатысатыны туралы дер кезінде хабарлама жіберсе болғаны.

Кейбір деректер бойынша жаңа заң қабылданғалы елде ақпарат құралдары назар аударған 20-ға жуық митинг өтіпті. Бұдан көп болар еді, алайда коронавирус пандемиясы және онымен күрес үшін қабылданған шектеу шаралары кедергі болды. Демек, пандемия аяқталған соң бұл заң мүмкіндіктерін пайдалану талаптары да күрт өсуі ықтимал.

Бұған дейін жергілікті әкімдер астана жаққа жақпай қалудан сескеніп, наразылық шараларын өткізуге тыйым салу үшін әртүрлі сылтау табатын. Қазіргі кезде әкімдіктер керісінше, демократияға қарсы деп сынға ілікпеу үшін рұқсат-санкция беруге бейім тұрады.

Әрине, биылғы ірі оқиғалар қатары осы бесеуімен шектелмейді. Біз тек ең бастыларына тоқталуды жөн көрдік. Әйтпесе, сұрау салынған саясаттанушылар 2020 жылдың елеулі оқиғаларына пандемияның өзін, наурызда елде жаппай Төтенше жағдай енгізілуін, Ж.Бекшиннің отставкасын; жаңа Президенттің екінші жолдауын; демократияландыру бағытындағы басқа да бастамаларын; Қазақстан тарихындағы елді жаппай қамтыған праймеризді; 24 қарашада Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылуын; тіпті РФ МемДумасы депутаттарының қазақ жеріне көз алартып, Қазақстанды Ресейге қосуға мүдде білдіруін де қосып отыр.

Кейбір сарапшы азаматтарға зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын баспана сатып алуға және емделуге жұмсауға мүмкіндік беру жөнінде саяси шешімнің және тиісті заңның биыл қабылдануын да жылдың ірі оқиғасы ретінде санауды ұсынады. Бұл әркімнің "өз талғамына қарай таңдауы" болса керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу