Қазақстандағы "Украин" және "Малоресей" ауылдарының қайғылы тағдыры белгілі болды

10501

Елде 899 ауыл мен ауылдық округ таратылды.

Қазақстандағы "Украин" және "Малоресей" ауылдарының қайғылы тағдыры белгілі болды Фото: ustinka.kz

Олар толығымен бос қалған немесе тұрғындарының басым көпшілігі көшіп кеткен.

Ел Үкіметінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы №1434 қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың Бас схемасының негізгі ережелеріне" сәйкес, 2013 жылы республика аумағында 87 қала (оның ішінде 2 – республикалық, 40 – облыстық және 45 – аудандық маңызы бар қала), 31 кент, 2 444 ауылдық округ және 6 828 ауыл, жалпы саны 9 272 ауылдық елді мекен болыпты.

Содан бері он жылдай ғана уақыт өткенде, 2024 жылғы шілдедегі жағдай бойынша елде қалалар саны 90-ға дейін өсті. Кенттер саны 29-ға дейін кеміді. Ал, ауылдық округтер саны – 2 165-ке, ауылдар саны – 6 208-ге дейін азайып кетті. Жалпы саны – 8 373. Яғни, тек кейінгі онжылдықта 899 ауылдық елді мекен Қазақстан картасынан жойылды.

Мысалы, Маңғыстау облысында – небары 59 ауыл, Ұлытау облысында – 72, Атырау облысында – 153, Қызылорда облысында – 230 ауыл ғана қалды.

Ең көп ауыл Түркістан облысында – 800, СҚО-да – 635, Ақмола облысында – 589 ауыл. Басқа облыстардың бәрінде бүгінде ауыл 500-ге жетпейді.

Негізі, 2 165 ауылдық округ бар деген статистика да жай көзбояушылық көрінеді. Ұлттық статбюро дерегінше, оның ішінде 500 ауылдық округ құрамында бар-жоғы 1 ауылдық елді мекен, яғни сол округтің орталығы қалған. Заң бойынша, атап айтқанда "Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы" заңының 2-бабына сәйкес, "Ауылдық округ – халқының жалпы саны кемінде 500 адам болатын 2 және одан көп ауылдық елді мекендерден тұрады".

Ал, Маңғыстау облысында айналдырған 34 ауылдық округтің 24-і, Атырау облысында – 67 округтің 23-і, Ұлытау облысында – 33 округінің 11-і, Қызылорда облысында – 142 округінің 95-і, Қарағанды облысында – 151 округінің 54-і заң талабына мүлдем сәйкес келмейді. Өйткені ол округтер құрамында жалғыз ауыл бар. Өзгесінде де жағдай ұқсас. 

Бұл тек кейінгі "бақуатты" онжылдықтағы ахуал. Ал, тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан бастаса, жабылған ауылдар саны мыңдап саналады. Мысалы, кейінгі 20 жылдың өзінде шекара жақтағы бір ғана Қостанай облысында 274 ауылдық елді мекен таратылды. Мысалы, қазіргі кезде облыста Украин (орысша нұсқасында – Украинский) ауылдық округі жоқ.

"Ол Федоров ауданында орналасқан еді. Заманында оған сырттан қаптап қоныс аударушылар қоныстанды. Сонда тіпті "мектептерді украиндендіру" ("украинизация школ") ұғымы пайда болды. Қазақстанға украиндердің қоныстануына Столыпин реформасы септесті.

Оның барысында Қостанай өңіріне Полтава, Харьков, Херсон губернияларынан шаруалар ағылды. Салдарынан, қоныс аударушылардың көптігі сонша, біздің Федеров ауданында 1930-31 оқу жылдары білім беру тек украин тілінде жүргізілетін мектептердің саны 8-ге жеткен. Сондай-ақ украин тілінде жұмысшы факультеті ашылды", – деп жазады "ТоболИнфо".

Ұлы Отан соғысы кезінде жүздеген мың украиналық Қазақстанға эвакуацияланды. Дегенмен, Қазақстан азаттық алғаннан кейін украиналықтардың көбі елден көшіп кетті. 2021 жылғы соңғы халық санағы бойынша республикада украин ұлтының 387 327 өкілі ғана қалған. Яғни, Кеңес кезінде ірілігі жөнінен екінші-үшінші орында тұрған украин диаспорасы бүгінде Қазақстан халқының 2%-ын ғана құрайды.

Ендеше "Украин" деген символдық атауы бар ауылдық округтің жабылып қалуының да символдық мәні болса керек.

Қостанай облысында 2004 жылдан бері тұрғындарының саны 50-ден аз қалған 274 елді мекен таратылған. Бұл өңірде бүгінде 492 ауыл ғана әзірге аман тұр. Осы онжылдықта оның тағы қаншасы қаңырап бос қалатыны белгісіз.

Басқалары сияқты Украин ауылдық округінің күйреуі бірте-бірте жүрді. Алдымен 2006 жылы таратылатындарының "қара тізіміне" округтің Дмитриевка және Домбарка ауылдары кірді. 2009 жылы Дубровка ауылы да солардың жолын құшты. Ақыр соңында Украин ауылдық округі әкімшілік бірліктер қатарынан алып тасталды. Оған кірген барлық кенттер мен ауылдар Қоржынкөл ауылдық округіне бағындырылды.

Оның қатарында Қостанайдан 130 шақырымдай қашықтықта жатқан "Малоресей" (орысша нұсқасында – Малороссийск) ауылы да бар. Оған сапарлаған "ТИ" тілшілері Малоресейге дейінгі соңғы 40-50 шақырым жолсызбен жүру ауыр сынаққа айналғанын айтады. Онда асфальт ешқашан болмаған екен. Жолай бірде бір машинаны ұшырастырмапты.

2011 жылға дейін Малоресей Украин ауылдық округінің әкімшілік орталығы болды.

"Малоресейдің көшелерінде бұрынғы қалпында сақталған жақсы баспаналар кездеседі, бірақ онда ешкім өмір сүрмейтін болып шықты. Біз мектепке бас сұқтық. Соның ішінде клуб, кітапхана және сайлау учаскесі орналасқан: онда жергілікті тұрғындарға АЭС салу бойынша референдумда қолдап немесе қарсы дауыс беру ұсынылады. Кезінде оқушыларға шүпірлей толатын мектеп бөлмелері бүгінде бос жатыр. Бізді учаске кезекшісі Анатолий Довбулатов қарсы алды. Ол осы ауылда туған және әлі күнге тұрып жатыр. Ресейдің солтүстігінде 10 жыл бойы сүңгуір қайықта әскери қызмет етіпті. Бөлімі таратылған соң елге оралған", – деп әңгімеледі журналист Полина Циммер.

Анатолий әскери қызметін тағы 5 жыл жалғастырғанда, Ресейде зейнеткерлікке ерте шығуға мүмкіндігі болғанын еске алады. Солтүстік көршіде әскерилерге жоғары зейнетақы төленеді. Алайда 90-шы жылдары ол қызмет еткен бөлімнің әскери сүңгуір қайықтарын металға жаппай кесіп жатыпты. Осы мақсатта әскери бөлімді де жауып тастаған. Содан Довбулатов Ресейде қалмай, Қазақстанның ауылындағы отбасына, туысқандарына оралған. Бірақ бертінде ағайындары, әпкелері көшіп кетіп, оны жалғыз қалдырды.

Анатолийдің дерегінше, совхоз болып, дәуірлеген жылдары онда 2 мыңнан астам тұрғын тұрыпты. Сол кезде бұл ауылда құс фабрикасы, қаптаған төрт түлік мал, шошқа фермасы, басқа кәсіпорындар жұмыс істеді. Қос қабатты балабақшасы, өзге ауылдардан келген оқушылар жатып оқитын қос қабатты интернаты болған. Енді оның бірі де жоқ. Бүгінде тұрғындарының саны 100 адамға жетпейтін көрінеді. Довбулатовтің өзі де көшіп кетуге ниетті.

"Бізде тіпті кірпіш, май өндіру зауыттары жұмыс істеді. Миллионер кенттің жұртында бүгінде жайраған үйлер ғана қалды. Малоресейде енді екі ермек бар: бұрын 450 балаға дейін оқыған, бүгінде жұмыс істемейтін мектептің орнында ашылған клуб пен кітапхана", – деп еске алады тұрғын Анатолий.

Павлов көшесінде қалған жалғыз үйде Зауреш Сарбасова тұрады.

"Мен мәдени ұйымдастырушы (культорганизатор) және кітапханашы қызметін қатар атқарамын. Первомай ауданының Дружба ауылында тудым, қазіргі уақытта ол да жойылды. Мұнда тұрғаныма 58 жыл өтті. Мектеп бітірген соң клубта киномеханик болдым, кейін ауыл кеңесінде істедім. Мәдени ұйымдастырушы болып істегеніме 24 жыл болды. Бізде негізінен зейнеткерлер қалды. Мектепті жауып тастады, балалар өзге ауылдарға, Қостанайға оқуға кетті. Туыс-туғанның қолында тұрады. Жазғы каникулда келсе, мен түрлі іс-шаралармен көңілін аулаймын. Кітапханадан кітап алады. Ата-аналары негізінен шаруашылықтан қолдары босамайды", – дейді зейнеткер Зауреш Сарбасова.

Ол осы жылды аяқтаған соң, Рудный қаласына қарасты Қашар кентіне қоныс аударатынын айтады. Сонда бес жылдан бері оның пәтері бар екен. Демек, соңғы тұрғындары кеткен соң "Малоресей" кенті де жабылуы мүмкін.

Айтпақшы, бұл ауыл дәл шекараның іргесінде тұр.

"Ауылымыздан қашық емес жерде Ресей орналасқан. Шекараны біздің шекаралық бөлімше күзетіп тұр. Олар Ресейден бізге топ-топ болып қашқан ресейліктерді дүркін-дүркін ұстап алып, кері қайтарады", – дейді Зәуреш.

Алайда қазақстандықтар, соның ішінде қостанайлықтар керісінше, іргелес жатқан ресейлік Челябі, Свердлов облыстарына көшіп жатқан көрінеді. "Біреудің қаңсығы біреуге таңсық" деген. Тұрғындар олардың "Малоресейдегі" сияқты кеспірсіз көріністерден қашатынына сенімді.

Қаңырап бос жатқан көшелер, құрылыс материалдары алынып, күйреген ғимараттар, тұрғындары тастап кеткен үйлер, көлік түгіл, арба жүре алмайтын ойқы-шойқы жолдар кім-кімнің де болса көңілінде тек үрей тудырады. Осы және басқа ауылдарда өркениеттен тек электр ғана қалды.

"Функционалдық қалалық аудандардың құрамына кірмейтін ауылдық елді мекендерді, шекара маңындағы елді мекендерді дамыту" мақсатында Президент тапсырмасымен 2014 жылы "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы" қабылданған болатын. Оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2015 жылы – 180,7 млрд, 2016 жылы – 113,3 млрд, 2017 жылы – 69,5 млрд, 2018 жылы – 134,5 млрд, 2019 жылы – 131,9 млрд теңге бөлініпті. Содан кейін бұл бағдарлама жабылып қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу