Қазақстандағы жекешелендіру: тарихқа шолу

3934

Қазақстанда жаңару кезеңі басталғаннан кейін, саяси және экономикалық салаларда өзгерістер болып жатыр.  

Қазақстандағы жекешелендіру: тарихқа шолу Фото: kartinkin.net

Ulysmedia.kz барлық мемлекеттік фабрикалар мен зауыттардың жеке меншікке қалай өткеніне, “дамыған социализмнен” “капитализмге” алғашқы қадам қалай жасалғанына шолу жасады, деп жазады inbusiness.kz.

Жекешелендіру және 90-шы жылдар

Жақында берген бір сұхбатында "Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы, ал қазір кәсіпкер әрі саясаткер Мұхтар Жәкішев  Қарағанды металлургия комбинатын 14 күн басқарғанын айтты. Бұл сұхбаттағы қызықты бір дерек – 1995 жылы Үкімет одан 40 миллион доллар пара сұрағаны. Бірақ мәміле жасалмаған, бүгінде Жәкішев шетелдік серіктестердің алдында мемлекеті үшін  ұялғанын айтады.

Бұл оқиға отандық жекешелендіру сатысындағы деректердің бірі ғана. Бұл елімізде капитализмнің қалыптасуының экономикалық тарихындағы қара дақ екенін растайды.

Қаңтар оқиғаларынан кейін бұл тақырыпқа қызығушылық артты. Былтырдан бері елден шығарылған активтерді қайтару талабы туралы жиі айтылады. Аталмыш идеяны ұстанушылар активтерді қайтару экономиканың дамуына, әділеттілікке және теңсіздікті азайтуға ықпал етеді деп сендіреді.

Тәуелсіздік таңында елдегі мемлекеттік меншіктің қалай талан-таражға салынып, халыққа инвестициялық-жекешелендіру купондарын қалай бергенін, олардың іс жүзінде қарапайым құр қағаз болғанын еске түсірсек. 

Тарихқа көз жүгіртсек…

Жекешелендіру тарихы бірнеше кезеңнен өтті. Біріншісі – 1991-1992 жылдар. Оған сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық, шағын өнеркәсіптік кәсіпорындар, автокөлік саласындағы тиімділігі төмен және шығыны бар шағын кәсіпорындарды мемлекет меншігінен алу, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіру кірді.

Жекешелендірілген активтерді төлеу құралы ретінде купондар қолданылды. Бір жылғы еңбек өтілі үшін 400 купон есептелді. Асырауындағы адамы барларға, жетімдер мен мүгедектерге 2 мыңнан 5 мыңға дейін купон берілді. Бұл акция негізінен тұрғын үйді, ауыл шаруашылығы мүлкін, сондай-ақ тиімділігі төмен және тартымсыз мемлекеттік активтерді жекешелендіруге бағытталды. Жалпы алғанда бұл кезең ірі кәсіпорындарға айтарлықтай әсер етпеді, Қазақстанның орта кәсіпорындарына аз ғана ықпалы болды.

Бос купондар

Жекешелендірудің келесі кезеңі (1993-1995) 1993 жылы наурызда бастау алды. Сол уақыттың өзінде жекешелендіру купондары арқылы жаппай жекешелендіру ісі сәтсіздікке ұшырап, халық миноритарийге айналмады. Сондай-ақ купондарға деген сенімсіздік пайда бола бастады. Сол себепті де жаңа кезеңде мемлекеттік меншіктің барлық нысаны жекешелендіруге жататын және сатуға тыйым салынған болып бөлінді. Кәсіпорындарды тізімге енгізу критерийлері нақты  болмады. Осының нәтижесінде шарап пен алкоголь өндірісі немесе зергерлік дүкендер сияқты бәсекеге қабілетті сегменттер тізімге енбей қалды. Совхоздарды шаруа мен фермерлік қожалықтарға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтеріне айналдыру процесі жүрді.

Осы кезеңде шетелдіктерді ірі активтерді жекешелендіруге қатысуға тарту идеясы туындады. Оған қызметкерлер саны 5 мыңнан асатын бірегей кәсіпорындар енді. Тау-кен металлургия, мұнай және энергетика салаларында жеке жобалар деп аталатын активтерді жекешелендіру басталды. Мұнда басымдық шетелдік жеке және заңды тұлғаларға берілді.

Кім көп береді

Тап осы Мұхтар Жәкішев сұхбатта айтқан кәсіпорындарды бастапқыда сенімгерлік басқаруға беру тәжірибесі танымалдыққа ие болды. Басқарушы өзінің ауқатты екенін, яғни тәжірибе көрсеткендей, пара бере алатынын дәлелдегеннен кейін ғана  кәсіпорынды белгілі бір шарттарда сату түрінде келесі кезең басталды.

1995 жылдың аяғына қарай жекешелендіру аясындағы жеке жобалар бойынша 5 кәсіпорын сатылды, 44-і сенімгерлік басқаруға, оның ішінде 12-сі шетелдіктердің пайдасына берілді. Одан кейін үкімет шешіміне сәйкес 1996 жылдың наурызынан бастап жекешелендіру ақшалай есеп айырысу арқылы ғана жүргізілді. Бұл процесті айтарлықтай жылдамдатты. Мәселен, 1996 жылдың өзінде жеке жобалар бойынша 28 ірі кәсіпорын, 1997 жылы – 47 кәсіпорын  сатылған, оның 21-і мұнай-газ кешенінде болса, 10-ы электр энергетикасында, ал алтауы тау-кен металлургиясында, 4 көмір кәсіпорны және үшеуі машина жасау саласында болды.

Үкімет қай кәсіпорындарды "жекешелендірді" 

Жәкішевтің сұхбатында “Қарағанды металлургия комбинатын” одан кейін “төрт айға” басқарушы ретінде Григорий Лучанский келгенін айтылады.  Кәсіпорынды сенімгерлік басқаруға алу кезеңінде, сондай-ақ акцияларды беруде де пара талап етілген болуы мүмкін. Кейін Лучанский мәмілелердің бірі үшін одан 1 млн доллар бопсалағанын, кәсіпкер оны төлегенін ашық айтқан. Бұл көптің аузында айтылып жүрген оқиғалардың бірі ғана.

Сенімгерлік басқаруға беріліп,  кейін арзан бағаға сатылған кәсіпорындардың қатарына Соколов-Сарыбай КБК, Павлодар алюминий зауыты, Дон КБК, Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттарын жатқызуға болады. Павлодардағы зауыт британиялық White Swan Ltd компаниясына сатылды, өз кезегінде басқа активтер танымалдығы аз Japan Chrome Corp. компаниясына, сондай-ақ Trans World Group (TWG) еншілес басқа шағын фирмаларға берілді.

1996 жылдың маусым айында ең ірі энергия активі – Екібастұз ГРЭС-1 жекешелендірілді. Станцияны голландиялық әдіс бойынша жабық тендерде 23,8 млрд теңгеге бағаланып тұрып, америкалық AES-ке 100 млн теңгеге ғана сатылды. Айырмашылық – 230 есе. Тағы да шетелдіктердің жолы болды.

1997 жылға қарай америкалықтар Шүлбі және Өскемен ГЭС, Согра ЖЭО, Шығыс Қазақстан АЭК, “Шығысэнерготрейд” ЖШС, сондай-ақ Өскемен жылу желілерін өз қолына алды. Басқа жекешелендіру мәмілелерінің қатарында Шымкент МӨЗ бойынша 60 млн долларға жасасқан мәміле болды.

Жекешелендірудің бастапқы кезеңі не берді

Елдегі жекешелендірудің бастапқы кезеңін талдай отырып, мемлекеттің жаппай жекешелендіру кезінде проблемаларға тап болғанын, ал мұның келешекте меншікті мемлекет иелігінен алуда таңдап, жеке тәсілге көшуге әкелгенін көруге болады. Шетелдік инвесторларды тарту бұдан әрі ірі капиталды тартудың көзі ретінде ғана емес, сондай-ақ олардың технологиялық тәжірибесін, әсіресе, тау-кен металлургиясы, мұнай және энергетика сияқты негізгі салаларда пайдалану тәсілі ретінде қарастырылды.

Десек те, 90-шы жылдардағы жекешелендірудің сынға ұшырауы тегін емес. Құнды активтерді шетелдік компаниялардың пайдасына сатудың көлеңкелі тұстары мен тиімділігінің төмендігі көп сұрақ тудырады. Сонымен қатар ел ішінде жекешелендіру пара берумен іске асқаны ашық айтылып та жүр.  

Қалай десек те, жекешелендіру нарықтық экономикаға көшудің маңызды кезеңі болды. Бұл процесс шетелдік инвестицияларды тарту, ұлттық мүддені қорғау және жеке субъектілердің капиталды бастапқы жинақтауы арасындағы тепе-теңдікті іздеумен сипатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу