Қазақстандық әйелдер тыйым салынған жұмысқа шығуға әзір

3260

Феминистер жеңіске жетуге таяп қалыпты. 

Қазақстандық әйелдер тыйым салынған жұмысқа шығуға әзір

90-шы жылдары ел экономикасын ауыр ала дорбаны арқалаған әйелдер көтергені жасырын емес. Қазіргі қиын шақта кейбір отағасы дағдарысқа, компаниялар мен кәсіпорындардың карантинге жабылғанына, бизнестің тұралағанына шыдамай жүнжіп кетті. Сондықтан болса керек, отбасы үшін нан табуды қайтадан нәзік жыныстылар өз қолына алуда.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биылғы жылы Қазақстанда экономикалық белсенді тұрғындардың саны 9,2 млн адам. Соның ішінде 4,5 миллионы – әйелдер. Оның 1,7 миллионы ауылда тұрып жатыр. Жалпы, әйелдердің 4,2 миллионы жұмыс істейді. Соның ішінде 1,6 миллионы – ауылда тұрады.

Ресми статистика бойынша елімізде әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 5,6%. Әрине, бұл тек тіркелген жұмыссыздар үлесі ғана.

Мемлекет жұмысқа орналаса алмаған әйелдерді тігінші, бағдарламашы, шаштараз секілді мамандықтарға оқытып, жеке ісін ашуға ынталандыруға тырысуда. 2020 жылы "Еңбек" бағдарламасы аясында 11,6 мың әйел қысқамерзімді курстардан өткен көрінеді.

Егер осыдан кейін кәсібін бастағысы келсе, 200 АЕК (2020 жылы – 555 600 теңге) көлемінде тегін грант беріледі. Бірақ бюджет шектеулі болғандықтан, онысы қалағанның бәріне тимейді. Бағдарлама аясында кәсіпкерлік бастаманы қолдауға 6 %-дық арзан микрокредит беру көзделген. Жыл басынан бері 4,4 мың әйел микронесие алыпты. Оның 2,7 мыңы өз ісін аша алған.

Мемлекет 117,2 мың әйелді маусымдық, уақытша жұмыспен қамтыды. Тұрақты жұмыстарға тек 108,3 мың әйелді орналастырды.

Тыйым салынғанға үйір

Дегенмен, еңбекке жарамды және жұмыс істеуге құлықты әйелдердің бәріне бірдей жұмыс орны жете бермейді. Сондықтан олар еркектерге ғана арналған жұмыстарды өз қолына алуға даяр.

Кәсіпкер Мұратжан Ахметов кәсіпорынға жұмыс іздеп, әйелдер көп келетінін айтады. Олар тіпті зиянды жұмыстарды атқаруға әзір.

"Алайда 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №944 және 28 желтоқсандағы №1053 бұйрықтармен бекітілген "Өндірістер тізіміне" сәйкес, зияндыға жататын жұмыс орындарына әйелдерді қабылдауға жол берілмейді. Осы тыйымды алып тастайтын кез келген сияқты. Мысалы, әлгі тізімге сәйкес, газды-электрлі дәнекерлеуші жұмысы зиянды жұмысқа жатқызылған. Компаниямызда еңбек инспекторлары жұмыс орындарын аттестациялауды жүргізгенде осыны растады. Біздің ұйымға жұмыс сұрап, әйелдер келеді. Олардың бәрі бала туа алатын жаста. Соған қарамастан, олар газды-электрлі дәнекерлеуші болып еңбек еткісі келеді. Қолында тиісті оқудан өткені туралы құжат, аттестат бар. Бізге мұндай мамандар керек. Ендеше оларды сварщик ретінде алсам болар ма екен?", – дейді М.Ахметов

Еңбек ведомствосы да әйелдердің сұрауымен, бұл тұйықтан шығу жолдарын іздестіріпті. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, биылғы 2020 жылғы 4 мамырда Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай "жұмыс беруші "Әйелдердің еңбегін пайдалануға шектеу қойылатын жұмыстардың тізіміне" енгізілген жұмыстарға, кәсіптерге және лауазымдарға әйелдерді жұмысқа орналастыру туралы шешімді өзі қабылдай алады" (26-бап, 2-бөлім, 4-тармақ).

Бірақ бұл үшін жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауы керек. Оның шынымен қауіпсіз екені "еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестаттау қорытындысында расталуға" тиіс.

Басқаша айтқанда, енді бар жауапкершілікті әйел-жұмыскер мен жұмыс беруші өз мойнына алады. Сондай-ақ кеңес кезінен бері келе жатқан "әйелдерге тыйым салынатын" деген сөздер "шектеу қойылатын" деп өзгертіліп, біраз жұмсартылды.

Бойжеткен, арманыңды тізіммен сәйкестендір

Сонымен, "Әйелдердiң еңбегiн пайдалануға шектеу қойылатын жұмыстардың тізіміне" сәйкес, нәзік жыныстыларға металл өңдеумен, тау-кен жұмыстарымен, геологиялық барлаумен, бұрғылаумен, дәнекерлеумен, сым тартумен, монтаждаумен, құрылыстағы кейбір ауыр жұмыстармен шұғылдануына шектеу қойылған.

Бұған қоса, ерекше жағдай жасалмаса, әйелдерге мұнайшы, шахтер, металлург, атомшы, қазандық жағушы-кочегар, слесарь, жер қазушы, тас қалаушы, автогрейдер, экскаватор, бульдозер, өзге де ауыр машина мен агрегаттар машинисi болып жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Басқа да қаптаған кәсіптер шектеуге іліккен.

Өйткені мемлекет әйелдер табиғат сыйлаған басты парызын орындап, дүниеге қазақстандықтардың жаңа ұрпағын әкелсін деп күтеді.

Елімізде гендерлік теңдік орнаған сайын бұл тізім де тоқырауға ұшырап, жыл өткен сайын қысқарып келеді. Мысалы, кейінгі жылдары еңбек министрлігі одан жеңiл өнеркәсiптің, полиграфияның, мақтаны алғашқы өңдеудің, зығыр және кендiр-талшық өндiрiсiнің, лак-бояу өндiрiсiнің, резеңкені қайта өңдеудің, жүн өндiрiсiнің, киiз басу өндiрiсiнің, тамақ өнеркәсiбiнің, ұсталық-престеу және термиялық жұмыстардың барлық зиянды кәсіптерін алып тастады. Енді бұлардағы ең қауіпті жұмыстарға да нәзік жыныстылар қабылдана береді.

Егер әйелдің еңбегі бүкіл жұмыс ауысымы бойы үнемi ауыр заттарды қолмен көтерумен байланысты болса, онда оны 7 келіден артық жүк көтеруге жұмсауға тыйым салынады. Егер жұмыс күні ішінде 2 рет қана көтерсе, онда 10 келіге дейінгі жүкті ғана оның иығына артуға рұқсат.

Егер әйелге арбамен не контейнермен жүктi жылжыту тапсырылса, онда ол жүктің салмағы 875 келіден аспауға және жылжыту ұзындығы 1–5 метрден қашық болмауға тиіс. Егер одан алысқа жылжыту қажет болса, жұмыс беруші мұны ер адамға тапсыруы шарт.

"Феминита" қазақстандық феминистік бастамашыл тобының дерегінше, ел Үкіметі әйелдерге жалпы саны 213 жұмыс, лауазым және кәсіп түрімен айналысуына рұқсат етпейді.

"Әрине, билікте отырған еркектердің әйелдің аналық рөлі туралы ойлағаны дұрыс-ақ. Бірақ бұл әйелдерді таңдау құқығынан айырады деп ойлаймыз. Мысалы, біз дайвер-маман, метро жүргізушісі, жүк көлігінің шофері, слесарь болуды армандай да алмаймыз. Жалпы, кез келген қыз болашақ мамандығы туралы армандай бастамас бұрын шектеу қоятын әлгі тізімді тауып алып, мұқият қарап, тек содан кейін ғана қиялға берілуіне болады. Ал егер арманыңыз әлгі тізімнен табылса, күрделі", – дейді феминистер өкілі Жанар Секербаева.

Оның мәліметінше, бұрындары тыйым салынған жұмыс-кәсіп түрлері 287-ге дейін жететін. Ол тізімді Кеңес одағы 1974 жылы енгізіпті. Бірақ алғашқы талаптар 1932 жылдан бері жасалған. 

Бүгінде әлемде осыған ұқсас тізімдер Ресейде (456 кәсіп түрі), Қырғызстанда (402), Беларусте (181) бар. Өзбекстан, Украина және Молдова ол тізімдерден толық бас тартуға шешім қабылдады.

"Қазақстанда шектеу қойылған кәсіптер тізімі бір жағынан, адам құқықтарын сақтау мәселелеріне байланысты қысқаруда. Екінші жағынан, бұған өнеркәсіптік және индустриалдық өндіріс орындарының автоматтандырылуы, технологизацияланауы және ақпараттық технологиялармен жабдықталуы ықпал етуде. Яғни, өндіріс орнында ауыр жұмысты роботтар, автоматты жүйе атқарады. Демек, оларды әйелдер пультпен, компьютермен басқара алады", – деді сарапшы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу