Қазақстандық вакцина кезекті кедергіге тап болды

10642

Күнсұлу Закарья неге "Мақта қыз" кейіпкерінің кейпін кешті? 

Қазақстандық вакцина кезекті кедергіге тап болды

Осыдан 2 күн бұрын ғана Президент Ақордада кеңес өткізіп, еліміздің вакцина жасау саласында таңғаларлық табысқа жеткенін айтқаны бар. Қ.Тоқаев "Үкіметтің алдында тұрған алдағы үлкен міндет – отандық вакцинаны ешбір кедергісіз өндіріске енгізу" деп белгіледі. Уақытша тіркеу тәртібін жеңілдетіп, вакцинаның тәжірибелік-өнеркәсіп және өнеркәсіп өндірісіне арналған зауыт құрылысын аяқтау жүктелді.

Егер бәрін жеделдетпесе, ресейлік вакцина алдын орап кетеді. Себебі оны да Қазақстанда өндіру жөнінде Путинмен арада келісім бар екен. Соған қарамастан отандық вакциналар қайтадан тосқауылға маңдай соққанға ұқсайды.

Бұл жайында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның Ауыл шаруашылығы министрлігіне жазған хатында айтылған.

Мәселенің мәнісі мынау: бүгінде Жамбыл облысының Қордай ауданында құрылысы аяқталып қалған зауыттан шығатын отандық вакциналарды "OtarBioFarm" деген ортақ тауарлық белгімен ішкі және жаһандық нарыққа шығару жоспарлануда. Брендті тіркеу – мемлекеттің қолында. Оны жасайтын биофармацевтикалық зауыт та – мемлекет аумағында. Вакцинаны өндіретін мекеме – мемлекеттік: БҒМ-ның Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты. Демек, билік бар мәселені өз дәлізінде-ақ шешіп тастай алады.

Халық айтатындай, онда не базар бар?

Шенеуніктер бұқара мен бизнеске ғана емес, бір-біріне де кедергі келтіруден алдына жан салмайды. Нағыз майталман шебер. Осының алдында отандық вакциналардың клиникалық сынақтарға кірісуіне Алексей Цойдың мекемесі кедергі келтірді. Одан қалды, Марат Бекетаевтың Әділет министрлігі ғылыми-зерттеу институтымыздың вакцинасына бірнеше ай бойы патент бермей, сергелдеңге салған

Бұл жолы Әділет министрлігі тағы бір сылтау тауыпты. Салдарынан, осы бюрократиялық тоспалар тізбегіне тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігі қосылып отыр.

Айта кету керек, БҒМ-ның Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты (БҚМҒЗИ) тек адамға арналған ғана емес, сонымен қатар төрт түлік малды, жануарларды қорғауға бағдарланған қаншама вакцинаны жасайды. Жаңа фармзауытта солар да өндірілмек. "OtarBioFarm" брендіне солар кіреді. 

"Біздің ҒЗИ Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін өзекті әрі өте қажетті профилактикалық және диагностикалық отандық препараттармен қамтамасыз етумен айналысады. Осы орайда БҚМҒЗИ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетімен арада бекітілген келісімшарттар бойынша 2020 жылы 25 миллион 811 мың 879 доза профилактикалық және 8 мың 570 доза диагностикалық препарат өндіріп, жеткізді. Қазіргі уақытта БҚМҒЗИ аумағында биофармацевтикалық зауыт салынып жатыр. Онда GMP жақсы өндірістік тәжірибесі стандарттарына жауап беретін иммунобиологиялық препараттардың 60 миллион дозасы шығарылады", – дейді Күнсұлу Дальтонқызы.

Жалпы, бұл зауыт Қазақстанға импорттық өнімдерге тәуелділікті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, өткенде елімізде "құс тұмауы" өршігенде отандық вакцинаның пайдасы тиді. Ендеше адамның, жануарлардың және құстардың болашақта толқын-толқынмен соққы жасар аса қауіпті індеттеріне қарсы тұру үшін бұл зауыт керек.

"ҒЗИ өндіретін тауарлар мен өнімдерді клиентке бағыттау, индивидуализациялау үшін кәсіпорын "OtarBioFarm" тауарлық белгісін әзірледі. Оны тіркеу үшін Әділет министрлігінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" (ҰЗМИ) республикалық мемлекеттік кәсіпорнына тиісті өтініш жолдаған болатын. Алайда ҰЗМИ-дан жауап келді, онда ол тауарлық белгіні тіркеу туралы өтінішті ары қарай қарауы үшін біз құзырлы органнан "Bio" элементін пайдалануға келісім хат алып келуіміз қажет деп отыр", – дейді Күнсұлу Закарья.

Ал 2015 жылы Парламент қабылдаған "Органикалық өнім өндіру туралы" заңының 7-бабына сәйкес, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ереже бойынша органикалық өнім өндірісі саласындағы уәкілетті орган – АШМ болып табылады.

Сондықтан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры амалсыздан "Мақта қыз бен мысық" ертегісіндегі кейіпкердің кейпіне енуге мәжбүр. Ол өзінің "OtarBioFarm" тауарлық белгісін тіркеу туралы өтінішін Әділет министрлігінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" қарауы үшін енді Ауыл шаруашылығы министрлігіне қол жайып, одан осы белгідегі "Bio" деген сөзге рұқсат етуді сұрап жүр. Егер министр Сапархан Омаров "Биоға" рұқсат етсе, оның келісім хатын алып, Марат Бекетаевтың ведомствосына барады. Ары қарай тіркелген тауарлық белгісімен БҒМ министрі Асхат Аймағамбетовке және ДСМ министрі Алексей Цойға да кіріп кеткені жөн.

Осылайша, С.Омаровтың министрлігіне өтініш жасалды. Президенттің де тездету жөнінде пәрмені бар.

Осымен мәселе шешілетін болар?

Асықпаңыз! АШМ жауабы осыған саяды. Министрліктің Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы Жанат Тоқсанбаев ары қарайғы рәсімді түсіндірді. Енді тізбек Бақыт Сұлтановтың министрлігімен ұзара түседі.

"Негізі, "Органикалық өнім өндіру туралы" заңының "Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау және оларды инспекциялық бақылау" деп аталатын 12-бабына және Экологиялық кодекстің 32-бабына сәйкес, Қазақстанда нақты ережелер бекітілген. Ол бойынша органикалық өнімнің сәйкестігін растау керек. Содан кейін оған органикалық өнімнің сапасы мен қасиетін растайтын сәйкестік белгісі белгіленеді. Бұл үшін Сауда және интеграция министрлігінің "Ұлттық аккредиттеу орталығы" ЖШС жүйесінде аккредиттелген орган сынақ жүргізуге тиіс. Соның қорытындысы бойынша сәйкестігі расталса, "Био" белгісі таңбалана алады", – деді директор міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, өнім өндіруші органикалық өнімді өндіру және оның сәйкестігін растау рәсімінен өтсе ғана органикалық өніміне "Bio" ұлттық сәйкестік белгісін қоюға құқығы бар.

Олай болса, қаһарлы "Мақта" қыздан өзіне тиесілі затты алғысы келсе, "мысықтың" сапары одан әрі жалғасады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу