mk-kz.kz: "Үкіметке сенуден қалған қазақстандықтар қауымдастық құрып, бір-біріне дәрі-дәрмек табуға көмектесіп жатыр" деп хабарлайды аталмыш басылым. COVID-19 отандық медицина саласына, үкіметтің төтенше жағдайдағы іс-қимылына, қоғамның қиын жағдайдағы әрекетіне сын болды. Алайда бұл сыннан көбісі өте алмады.
Басылымның хабарлауынша, мамыр айында Қазақстан үкіметінің мүшелері індеттің шарықтау кезеңінен өттік, аурулардың саны азая бастайды деп айтқан болатын. Алайда олардың болжамы расталмады, жағдай қиындап кетті. олжам бойынша індетке шалдыққандардың саны бес мың адамнан аспау керек еді, алайда қазіргі кезде олардың саны 60 мың адамнан асты.
"Сіздер білесіздер ме, жүйеге сенім жоқ, үкіметке сенім жоқ. Себебі кабинетте отырып алып, түрлі уәдені бергеннен пайда жоқ, Алғашында "ешкім назардан тыс қалмайды" деген болатын, алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Дәрі жоқ, ИВЛ жоқ, ауруханаларда орын жоқ. Жарайды деп, қолды бір сілтей салуға болар еді, бірақ олай жасай алмаймыз, өйткені адам өмірімен төлеуге мәжбүрміз", - деп жазған әлеуметтік желілерде алматылық азамат.
Басылымның хабарлауынша, бұл жазба қоғамдағы жағдайдың көрінісі және мұндай жазба қалдырушылар көп. Сонымен қатар басылым, соңғы аптада жағдай қалай өрбігенін баяндап жазған. Көптеген азамат дәрі-дәрмек таппай қиналған, нәтижесінде олар үкіметке сенуден қалып, бір-біріне көмектесе бастаған.
caravan.kz: Қазақстанның қолөнер шеберлері еңбекақысыз қалды деп жазады басылым. Олардың жасаған өнімдері көп, бірақ оны кімге сататынын білмейді. Себебі жоспарланған түрлі шаралар пандемияға байланысты кейінге қалдырылды немесе мүлдем өтпейтін болған.
Негізі қазақстандық қолөнер шеберлері еңбекақысынан карантин басында-ақ қағылған. Өйткені жоспарда болған түрлі фестивальдар мен ірі көлемдегі жобалар тоқтап қалған. Күні бүгінге дейін олардың тауарына сұраныс жоқ, себебі дағдарыс кезінде адамдар ақшасын ең алдымен тамаққа, дәрі-дәрмекке жұмсайды.
"Қазақстанның қолөнер шеберлері одағына 120 адам мүше, алайда бұл одаққа қатысы бар адамдардың қатары 800 адамға жетіп жығылады. Бұл біздің мемлекетіміздің мәдениет пен дәстүрін ел ішінде және халықаралық деңгейде насихаттап жүрген азаматтар. Олар бірегей білім мен техниканы игерген, қолөнерінің майталмандары болып келеді. Олардың қолынан шыққан дүниелер өте қымбат бағаланады. Олардың өніміне деген сұраныс өте жоғары, тек коронавирус түрлі өзгеріс әкеліп, жағдайды қиындатып жіберді. Сол себептен олар жұмыссыз отыруға мәжбүр", – деп жазады басылым.
Басылымға бар жағдайды жеткізген қолөнер шеберлері мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жоқтығын айтқан. Нәтижесінде бұл мемлекет беделіне кесірін тигізіп отырғанын хабарлаған.
express-k.kz: Қазақстанда балалар үйінің болуы масқара жағдай. Мұның орнына балаларды патронаттық тәрбиелеумен айналысатын отбасылар керек. Мұндай пікірді Қазақстанның бала құқығы жөніндегі омбудсмені Аружан Саин айтты деп жазады басылым.
Бала құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саинның пікірінше, балалар үйінің әлі күнге дейін болуына белгілі бір топ өкілдері мүдделі. Себебі мемлекет әр баланы асырау үшін қомақты ақша бөледі. Бала көп болса, бөлінетін ақша да көп болады. Құқыққорғаушының айтуынша, көптеген қазақстандық отбасы бала асырып алғысы келеді, алайда қалыптасқан жүйе оларға кедергі болып отыр.
"Осының салдарынан балалар жүйенің тұтқынына айналады. Олардың басым көпшілігі соңынан баспанасыз қалып, қылмыс әлеміне бет бұрады. Егер бала отбасында тәрбие алса, онда оның келешеші басқаша қалыптасады. Осыған байланысты біз мемлекетке "жұмыс" істейтін патронатты отбасы туралы заңды мәжіліске жіберуді көздеп отырмыз. Бұл біз үлгі тұтатын алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тәжірибесі", – деп жазған Аружан Саин.
Оның айтуынша, балалар үйіне келген сәбилердің ата-аналарынан қалған өз мүліктері болады. Алайда көп жағдайда олар кәмелет жасына келгенде осы мүліктен айырылып қалады. Себебі елде балалардың байлығына көз салушы мафия бар. Олар бүлдіршіндердің жылжымайтын мүлігін жасанды құжат негізінде сатып жіберген жағдайлар да болған.
liter.kz: "Жалғас Жұмағұлов жеңіліп қалғанына жаттықтырушысын кінәлады" деп хабарлайды басылым. Оның сөзіне жүгінсек, күрес барысында жаттықтырушы қателесіп, тұрысын өзгерт деп кеңес берген.
Шілденің 12 күні Жалғас Жұмағұлов UFC дебютына шыққан еді. Бұл алаңда қазақстандық боксшы бразиялық азамат Раулиан Пайвамен күрескен болатын.
"Мен оның бауырынан жақсылап соққы берген сәттерім болды. Ол бүгіліп қалды, бірақ соңына дейін бармадым. Сосын сол жағына жақсы түстім. Камераға онша көрінбейтін шығар, бірақ тік қарап тұрғанда бәрі байқалады. Сәл жетпей қалды, себебі тұрысымды өзгерттім. Егер өз тұрысымда тұра бергенде мен оны нокаутқа жіберер едім. Бар наразылықты жаттықтырушыға білдіруге болады. Себебі ол маған тұрысыңды өзгерт деді, мен өзгерттім", -деді Жұмағұлов.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Гүлмира Қамзиева