Қазақстандықтар озық елдер пайдаланатын игіліктен түпкілікті айырылғалы тұр

3823

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Марченко мен Жәмішевтің ұсынысын қабыл алды.

Қазақстандықтар озық елдер пайдаланатын игіліктен түпкілікті айырылғалы тұр Фото: inbusiness.kz

Қазақстандық бір топ сарапшы – Григорий Марченко, Болат Жәмішев, Ораз Жандосов, Қадыржан Дамитов, Ануар Сәйденов, Елена Бахмутова Президентке хат жолдаған болатын.

Онда олар зейнетақы реформасын жүргізуді ұсынып, Қазақстанның зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және заман талабына сәйкестендіруге бағытталған бірқатар бастама көтерді. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Мысалы, ұсыныс авторлары барлық зейнетақы төлемдерін есептеу үшін "бірыңғай минималды әлеуметтік көрсеткіш" ретінде ең төменгі жалақыны (ЕТЖ, биылғы жылы 85 мың теңгеге тең) бекіту керектігін дәйектеді. Олардың пікірінше, ЕТЖ-ны пайдалануға кезең-кезеңмен көшу өмір шындығына барынша сайма-сай зейнетақыны қамтамасыз етеді. Әйтпесе, қазіргі кезде осы мақсатта қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейі небәрі – 43 407 теңге ғана.

Сарапшылар базалық зейнетақыны нығайту арқылы көп деңгейлі зейнетақы жүйесінің (оған жұмысшы, жұмыс беруші және мемлекет жарна аударып, үлес қосады) "мемлекеттік бөлігін" күшейтуді ұсынды. Онсыз болашақ зейнеткерлердің зейнетақысы тиын-тебен ғана болып қалғалы тұр.

Эксперттер пенсияның мемлекеттік бөлігіне жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 3 пайызынан кем болмайтын көлемде бекітуді және соны үнемі қолдап тұруды ұсынды. Сонда базалық зейнетақы мөлшері біршама артады.

Бүгінде Қазақстанның атаулы ЖІӨ-сі 135 триллион теңгені құрайды және 2028 жылға қарай 218,5 триллион теңгеге жетеді деп болжанған. Нәтижесінде, ел экономикасының және ЖІӨ-сінің өсуімен бірге зейнетақы да өсер еді.  

Марченко мен Жәмішев тобы отандық бизнес орта қызу қарсы шыққан, бірақ 2024 жылдан бері енгізілген биліктің бастамасын құптады. Әңгіме жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) туралы болып отыр. Президентке хат жазушылар мұны зейнетақымен қамтудың жинақтаушы компонентін дамыту үшін қажет деп санайды.

Олар тұрақты жұмыс берушісі жоқ, бірақ айына кем дегенде 1 ЕТЖ көлемінде зейнетақы жарналарын аударып тұратын адамдардың міндетті зейнетақы жинақтарын мемлекеттің қоса қаржыландыруын, яғни оларға ақша бөлуді ұсынды.

Бұдан бөлек, БЖЗҚ-ының валюталық портфелінің үлесін ұлғайтуды, қордың табысын арттыру үшін тәуекелді қимылдауды, мысалы, консервативті инвестициялық басқарудан аулақтап, тез өсіп жатқан активтерге инвестиция салуды, тұрақты, алайда төмен табыс әкелетін мемлекеттік және квазимемлекеттік құнды қағаздардың үлесін кезең-кезеңмен кемітуді ұсынды.

Марченко, Жәмішев бастаған топтың бастамалары Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке бағытталған және қазіргі кезде соның алаңында өзге сарапшылармен бірге пысықталуда.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарапшылардың екеуден басқа ұсынысын қабылдамағандарын қазірден жариялады. Өйткені олар онсыз да тарихымызда болмаған рекордтық тапшылық-дефицитке тап болған бюджеттің шығыстарын одан әрі арттыруды талап етеді.

Дегенмен, министрлік базалық зейнетақы туралы ұсыныс қолдауға лайық екенін жеткізді. Оған сәйкес, Үкімет базалық зейнетақыдан бас тартпайды, қазақстандықтар оны әрі қарай да ала алады. Бірақ оның көлемі ЕТЖ-ның (85 мың теңге) тұтас көлеміне тең болмайды, оның тек 60%-ын ғана құрайды. Яғни, бәрібір ең төменгі күнкөріс деңгейінен (43 407 теңге) шамалы ғана жоғары болады.

Ал азаматтарға жеткіліктілік шегінен артылған зейнетақы жинақтарын баспана жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсау мақсатында алып қоюға рұқсат ететін жоба жабылып қалғалы тұр. Бұл туралы ведомство басшысы Светлана Жақыпова мәлім етті.

"Сарапшылардан жинақтаушы зейнетақы қорынан басы артық жинақты алып қою практикасын доғару туралы ұсыныс түсті. Өйткені сол арқылы біз өзіміздің активтерді төмендетіп жатырмыз. Бүгін алып қою арқылы біз зейнетақы жасында жеткілікті төлемсіз қаламыз. Сондықтан біз бұл ұсынысты қарастырып жатырмыз және біз оны қолдап отырмыз. Біз сарапшылардың жинақты алуға тыйым салу және базалық зейнетақыны арттыру туралы екі ұсынысын қолдаймыз. Басқа ұсыныстарын – қолдамаймыз!" – деді министр.

Дегенмен ол эксперттердің өзге ұсыныстары әрі қарай талқыға салынатынын нақтылады.

Еңбек министрі аталған екі бастама өмірге жолдама алғанда, қазақстандықтар оны дұрыс қабылдайды деп үміттенетінін жеткізді.

Тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделу ақысын төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану құқығы Президент бастамасымен 2021 жылы енгізілген болатын.

Мемлекет басшысының осы ізгі жобасы арқасында Қазақстанда жүздеген мың адам жаңа баспанаға қол жеткізді.

БЖЗҚ дерегінше, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бұл игілікті пайдаланып, баспана жағдайларын жақсартқысы келген жалпы саны 1 540 690 қазақстандықтың өтініші мақұлданыпты.

Олардың Отбасы банктегі, өзге банктердегі есепшотына жалпы сомасы 3 триллион 434 миллиард 209 миллион теңге зейнетақы жинағы аударылды.

Бірақ соның ішінде 253 998 адам шотына аударылған қаражатты түрлі себеппен толық не ішінара пайдалана алмай, 521 миллиард 701 миллион теңге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағы кері қайтарылған екен.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халықтың сол триллиондарын не мақсатта пайдаланғанын таратып айтып берді.

Басым бөлігі немесе 33,19 пайызы – толық құнын төлей отырып, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға жұмсалды. Осы мақсатта мақұлданған 511 404          өтінішке 2 трлн 146 млрд 652 млн теңге бөлінді.

Екінші орында – әрі қарай жинақтау үшін "Отбасы банктегі" тұрғын үй құрылысы жинағындағы салымды толықтыру мақсаты тұр. Үлесі – 21,83 пайыз. Мақұлданған 336 403 өтінішке 311 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.

Үшінші орынды екі мақсат бөлісті. Біріншісі – "Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті (оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде) ішінара өтеу", үлесі – 16,44 пайыз. Нақтылағанда, 253 340 өтініш құпталып, оларға 263,3 миллиард теңге берілген. Екіншісі – "Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз берешегін ішінара өтеу", үлесі – 16,24 пайыз. Яғни, 250 231 өтініш үшін 192,5 миллиард теңге аударылды.

Тұрғын үй жағдайларын жақсартудың БЗТ қолданылған өзге бағыттарының рейтингі келесідей:  

  • Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алу: 4,18%, 64 334 өтінішке 207,4 млрд теңге;
  • Тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу (оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруы) үшін бастапқы жарнаны енгізу: 2,81%, 43 306 өтінішке 123,8 млрд теңге;
  • Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз берешегін толық өтеу: 1,22%, 18 722 өтінішке 43,5 млрд теңге;
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті (оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде) толық өтеу: 0,87%, 13 452 өтінішке 40,4 млрд теңге;
  • Сатып алу құқығын беретін жалдау шарты бойынша берешекті ішінара өтеу: 0,83%, 12 811 өтінішке 14,3 млрд теңге;
  • Жеке тұрғын үй салу (жер телімін сатып алуды қоса алғанда): 0,50%, 7 763 өтінішке 17,7 млрд теңге;
  • Нысаналы мақсаты бар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша жер телімін меншікке сатып алу – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық (түпкілікті есеп айырысу): 0,27%, 4 113 өтінішке 8,9 млрд теңге;
  • Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша немесе көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы актіні жасау кезінде тұрғын үйді сатып алу (түпкілікті есеп айырысу); 0,15%, 2 374 өтінішке 7,6 млрд теңге;
  • Сатып алу құқығын беретін жалдау шарты бойынша берешекті толық өтеу: 0,15%, 2 256 өтінішке 5,5 млрд теңге;
  • Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке тұрғын үй салу (жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда): 0,04%, 657 өтінішке 1 млрд теңге;
  • Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру: 0,03%, 534 өтінішке 674 млн теңге;
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру: 0,02%, 308 өтінішке 638 млн теңге.

Бірыңғай зейнетақы төлемдерін (БЗТ) емдеу мақсатында пайдалануға, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жалпы саны 514 100 қазақстандық өтініш берген екен. Олардың арнайы шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға 465 миллиард теңгеден астам басы артық зейнетақы жинағы аударылды.

77 037 өтініш бойынша 45 млрд 318 миллион теңге БЖЗҚ-ға кері оралыпты. Яғни, жеткіліктілік шегінен артылған қаражатты қазақстандықтар емделуге белсенді жұмсауда: аударылған қаржының 90 пайыздан астамы емделуге пайдаланылды.

Ең көбі – 96,66 пайызын стоматологиялық қызметтер құрады: 496 911 адам 454 миллиард теңгесін игілігіне жаратты.

Екінші орында офтальмологиялық қызметтер: 2,41%, 12 405 өтінішке 6 млрд 289 млн теңге аударылды. Одан кейін орфандық аурулардан емделу тұр: 1 363 өтініш иесіне 1 млрд 177 млн теңге бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу