Қазақстандықтар шетелге ақша аударудың үлкен тетігінен айрылғалы тұр

3793

Ресейлік "Золотая корона" халықаралық төлем жүйесінің серіктесі америкалық санкцияға ілікті. 

Қазақстандықтар шетелге ақша аударудың үлкен тетігінен айрылғалы тұр Фото: TAdviser

Қазақстанда ресейлік "Алтын тәж" – сектордағы іс жүзіндегі монополист болып табылады. Ұлттық банктің мәліметінше, қазақстандықтардың шетелге жасаған ақша аударымдарының шамамен 87%-ы – жалғыз "Золотая корона" жүйесі арқылы жүзеге асырылып келеді. Өткен айда оның үлесі 90 пайызға жетті.

Бұл жүйе Батыстың санкциясына ілігіп, күйресе, былтырдан бері онсыз да күрт азайған шетелге аударымдар енді тіпті құлдырауы мүмкін. Ұлттық банктің хабарлауынша, 2024 жылдың І жартыжылдығында Қазақстанда халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ХААЖ) арқылы жүргізілген аударымдардың жиынтық мөлшері 2023 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 19%-ға төмендеп кеткен. Бірақ соның өзінде қомақты: елімізге және елімізден жарты жылда 515,3 миллиард теңге аударылды.

ХААЖ арқылы жүргізілген аударымдардың басым көпшілігі немесе 94%-ы – жеке тұлғалардің бір-біріне өтеусіз аударымдары. Оның ішінде шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың Отанда қалған отбасына, ата-анасына, туыс-туғанына жолдаған табысы да бар.

Ұлттық банк сарапшылары шетелден Қазақстанға немесе Қазақстаннан шетелге ақша аударғысы келетін адамдар үшін ХААЖ-дың аса ыңғайлы екенін айтады. Өйткені бұл жүйеде банкте шот ашу қажет емес.

"ХААЖ арқылы жүргізілген аударымдардың негізгі бөлігі немесе 98%-ы – Қазақстан мен басқа елдер арасындағы трансшекаралық аударымдарға тиесілі. Бірақ Қазақстаннан кететін қаржы көлемі басым. Биылғы жылдың 6 айында аударымдардың 75%-ы – шетелге жіберілді. Осы кезеңде, 2024 жылдың І жартыжылдығында шетелге аударылған қаржы көлемі 383,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл аударымдардың шамамен 87%-ы – бір ғана "Золотая корона" жүйесі арқылы жүзеге асырылды", – деп мәлім етті монетарлық реттеушінің сарапшылары.

Қазақстаннан шетелге бағытталған бір аударымның орташа сомасы 330,1 мың теңгені құраған. Негізгі алушы елдерге: Ресей (барлық сомасының 31,2%-ы), Өзбекстан (26,8%), Түркия (20,9%), Грузия (7,7%) және Қырғызстан (3,6%).

Халықаралық сарапшылар мен ақпарат құралдары бұл аударымдардың үлкен бір бөлігі Ресейдің Батыс санкцияларын айналып өтуіне қызмет ететінін айтып келеді. Ресейдің және Түркия, Грузия сияқты "прокладка" елдердің үлесінің басымдығы біраз жайттан хабар берсе керек. Дегенмен, қазақстандықтардың бауырлас түрік елінде баспананы белсенді сатып алуы да Түркияға жолданатын миллиардтар тасқынын арттыруда. Ал, Орталық Азия елдері негізінен, Қазақстанда еңбек ететін мигранттарынан қаржы қабылдайды.

Санкцияны орағытып өтуге мүмкіндік беретін схемалар болсын, атажұртындағы жақын-жұрағатын алыстан асырайтын мигранттардың аударымдары болсын, қазақстандықтардың шетелде сатып алған жылжитын-жылжымайтын мүлкі үшін есеп айырысуы болсын, еларалық есептесу операцияларының 87 пайызын "Золотая корона" қамтамасыз етіп отыр еді.

Салыстырсақ, Өзбекстанда танымал Western Union-ның Қазақстандағы ХААЖ-дағы үлесі – небары 7% ғана. Жаһанда 200-ден астам елге қызмет ететін "MoneyGram"-ның еліміздегі еншісі – бар-жоғы 2%. Өзге халықаралық ақша аударымдары жүйелерінің біздегі жиынтықты үлесі тым мардымсыз – 4% ғана.

Қазақстандықтардың шетелден алатын қаржы аударымдарында да "Золотая коронаның" билігі жүріп тұр.

"2024 жылғы жартыжылдықта жалпы көлемдегі шетелден алынған аударымдардың үлесі 23%-ды құрады. Яғни, Қазақстанға шетелден 120,4 миллиард теңгеге тең қаржы аударылды. Бұл аударымдардың едәуір бөлігі – "Золотая корона" және "Вестерн Юнион" төлем жүйелеріне тиесілі. Шетелден Қазақстанға жіберілген бір аударымның орташа сомасы – 279,3 мың теңге болды. Негізгі жөнелтуші елдер – Ресей (28,3%), АҚШ (12,4%), Оңтүстік Корея (11,2%), Өзбекстан (9,7%) және Түркия (7,4%)", – деп түсіндірді Ұлттық банк сарапшылары.

Енді ақпарат құралдары осы ең танымал ресейлік сервистің қазақстандық банктердің мобильді қосымшаларынан тосыннан жоғалып кете бастағанын хабарлауда. Мысалы, "Золотая корона" арқылы ақша аудару функциясының е-банкинг қосымшасынан алып тасталғанын бірінші болып "Центркредит банкінің" клиенттері байқады.

Бір қызығы, өткен сенбіде ғана банк қосымшасында бұл функция қолжетімді болыпты. Банктің сайтында "Золотая корона" арқылы "қолайлы, тез және қауіпсіз тәсілмен ақшаны онлайн жолдау" мүмкіндігі ары қарай жарнамалануда. Осы орайда Orda.kz журналисінің сұрағына жауап берген банктің PR-директоры Сәкен Нигмашев мұның халықаралық санкциялармен байланысты екенін түсіндірді.

"Банк қолданыстағы барлық халықаралық экономикалық санкцияларды сақтау практикасын ұстанады. Қазіргі уақытта біз өзіміздің процестер мен сервистерге өзгерістер енгізу үшін жаңартылған санкциялық тізімді зерделеп жатырмыз. Кез келген түзетулер туралы коммуникацияның ресми арналары арқылы өз клиенттерімізге хабарлаймыз. Bcc.kz мобильді қосымшасы штаттық режимде жұмыс істеуде, бүкіл функционалы қолжетімді, – деді Сәкен Нигмашев.

Шетелдік ақпарат құралдары Грузияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда және басқа елдерде клиенттердің "Золотая корона" арқылы ақша аудару және қабылдау бойынша қиындықтарға тап болғанын хабарлауда. Түрлі банктер сервисті төл қосымшаларынан жаппай алып тастап жатыр. Грузиялық банктер өз қосымшаларынан жойғанымен, клиент банкке өзі келсе, ресейлік жүйе арқылы қаржысын аудара алатынын айтқан. Bank of Georgia, TBC Bank сияқты ірі қаржы ұйымдары "Интерфаксқа" "Золотая корона" арқылы төлем қабылдау "техникалық себептерге байланысты уақытша тоқтатылғанын" жеткізген.

Сонда кенеттен не болып қалды?

Америка Құрама Штаттары биылғы 23 тамызда Ресейге қарсы санкцияларының жаңа пакетін іске қосты. Егжей-тегжейі енді белгілі болған бұл санкциялық "қара тізімге" ресейлік "Центр финансовых технологий" (ЦФТ) компаниясының енгені анықталды. ЦФТ – "Золотая коронаға" арналған қосымшаны әзірлеуші болып табылады. Сондай-ақ "Платежный центр" төлем жүйесі операторының құжаттарына сәйкес, осы "Платёжный центр" иелігіндегі ЦФТ-сервис те тікелей "Центр финансовых технологий" компаниясымен байланысты.

Қорыта айтқанда, АҚШ "Золотая корона" операторының тікелей өзіне болмағанымен, оның басты серіктесіне және төлем сервисіне арналған бағдарламалық қамтылымын жасаушы компанияға санкция салды. Тиісінше, бұл төлем жүйесін, оның қосымшасын ары қарай пайдаланатын елдерге және олардың компанияларына Американың қосарлама санкцияларына ілігу қаупі төнуі ықтимал. Сондықтан шетелдік қаржы ұйымдары қатарында, қазақстандық банктер де "Корона" арқылы төлем қабылдауға рұқсат етілген-етілмегенін білмей, дағдаруда.

Грузияда тұратын ресейлік журналист Николай Левшиц осы елдің кейбір банктері астыртын ақша аударуды жалғастырғанын айтты. Бірақ ондай грузиялық банктерді табу үшін біраз іздену керек.

"Сол себепті оңтайлы тәсіл – ақшаны туыстан не таныстан беріп жіберу болып тұр. Мұндай тәсілге жүгінгендер шынында көп. Бұған қоса, санкцияны жасырын айналып өту белсенді жүзеге асырылады. Сіз сенбессіз, бірақ Грузия санкция астындағы ресейлік "Сбербанкке" де сол бұрынғыдай, ақша аударады. Ресми түрде бұған тыйым салынған. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Мысалы, менде скриншоттар бар, оған сәйкес, Сбербанктің Грузияға аударымдар жасағанын білуге болады. Мұны ол қалай жасайды? P2P көмегімен Өзбекстан арқылы іске асырады. Соның нәтижесінде, Грузияда отырып, Сбербанктен аударымды қабылдаған адам құжаттарда қаражаттың Өзбекстаннан келгенін көреді", – деді Николай Левшиц.

Осылайша, заң тұрғысынан ешқандай санкция бұзылмайды. Николай "Золотая корона" арқылы қаржы аудару толық тоқтаса, криптовалюта қалатынын қаперге салды. Криптовалютаның айналымы Грузияда заңдастырылған. Грузияның Ұлттық банкінің лицензиясын алған "криптообменниктер" жұмыс істейді. Қазақстанда криптовалютаға тыйым салынған, бірақ сарапшылар азаматтардың өзара астыртын биткойн алмасатынын айтып жүр.

Ресейлік төлем жүйесіне қатысты дағдарыс Қырғызстанды да шарпыды. Өткен аптадан бастап, бірқатар қырғыз банкі қосарлама санкциялардан қауіптеніп, ресейлік банктерге аударымдардың тоқтағанын жариялады. Бірақ "Золотая коронамен" жұмысты жалғастырған банктерді табуға болатын көрінеді.

Қазақстанның Ұлттық банкі үнсіз қалуда. Банктер өз бетінше доғарып жатқанымен, монетарлық реттеуші "Золотая коронамен" жұмысқа рұқсат етілген-етілмегені туралы мәлімдеме жасаған жоқ.

Қалай болғанда, KoronaPay жүйесі жұмыс істеген елдердің ешқайсысы америкалық санкциялардың мән-жайын жете түсінбей, артын бағып отырғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу