Euronews хабарлауынша, 100 пайыздық салықтан тек Еуропалық Одаққа кіретін елдердің азаматтары ғана босатылады. Оған 28 мемлекет мүше екені белгілі.
Ал, ЕО резиденттері емес адамдарға екі еселенген құн төлеуге тура келеді.
"Испания Еуроодақ азаматы болып табылмайтын тұлғалардың жылжымайтын мүлік сатып алуына қатысты қатаң шаралар енгізіп жатыр. Өйткені көптеген испандықтар өз елінде баспананы сатып алуға, не жалға алуға мүмкіндігінің жоқтығына шағымданады. Жыл сайын күшейіп бара жатқан тұрғын үй дағдарысын еңсеруге талпынған Испания билігі ЕО резиденті еместерге 100 пайыздық салық енгізуге бел буды", – деп жазды Euronews.
Бұл қадам – Премьер-министр Педро Санчестің Үкіметі әзірлеген 12 шараның бірі болып отыр.
Ақпарат құралдарының мәліметінше, кейінгі жылдары Испания қарапайым халыққа қолжетімді жылжымайтын мүліктің тапшылығына тап болды. Салдарынан нарықтағы онсыз да жоғары баға жыл өткен сайын шарықтап барады. Бұл елдегі инфляцияның ушығуына ықпал етті.
Қалыптасқан күрделі ахуал жергілікті жұртшылықтың наразылығын туғызуда. Халық бұл жағдайға Үкіметті айыптайды. Өйткені билік жаңа тұрғын үйлердің құрылысына серпін бере алмай келеді.
Соның кесірінен сұраныс нарықтағы ұсыныстан бірнеше есе асып түсуде. Бұл да бағалардың әрі қарай көтерілуіне түрткі.
"Батыс әлемі шешуші шайқас алдында тұр. Біз бір-бірімен тайталасқан, бір-біріне қарсы тұрған қос кластың – үйлердің бай қожайындар мен кедей арендаторлардың қоғамына айналып кетпеуіміз үшін арпалысатын боламыз! Мысал үшін айтайын, Еуропалық Одаққа кірмейтін бөтен мемлекеттердің азаматтары бір ғана 2023 жылдың қорытындысында Испанияда шамамен 27 000 үй мен пәтерді сатып алған! Бірақ осынша баспананы олар бізге келіп, елімізде өмір сүру үшін сатып алған жоқ. Олардың отбасылары өз елінде баспанасыз отырған жоқ. Олар спекуляция жасап, біздегі жылжымайтын мүліктен ақша жасайды", – деп ренжіді Испания Үкіметінің басшысы Санчес.
Оның айтуынша, шегіне жеткен тұрғын үй тапшылығы жағдайында Испания мұндай махинацияларға енді жол бере алмайды.
Премьер-министр бұл проблеманың өте салмақты екенін, тұрғын үй дағдарысы өрши берсе, оның ел үшін экономикалық және әлеуметтік салдарлары алапат болатынын ескертті.
Жергілікті сарапшылардың байламынша, жаңа бастама қалай жұмыс істейтіні туралы ешқандай қосымша ақпарат жарияланбағандықтан, салықтың жаңа түрі бекітіліп, күшіне енгенше, оның баспана нарығына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.
Бірақ бұл жаңашылдық еуропалық өзге елдерге де таралуы мүмкін. Мысалы, бүгінде Ирландия, Нидерланды және басқа ірі мемлекеттер де соңғы бірнеше айдан бері тұрғын үй кризисіне душар болды.
Алайда Еуроодақтағы барлық елдер ішінде дәл осы Испания қазақстандықтар үшін жылжымайтын мүлік сатып алу бойынша ең танымал бағыт саналады.
Мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары Шенген визасын алу қиындағандықтан, сондай-ақ тұрғын үй бағасы елеулі қымбаттағандықтан Испанияда үй алуға құлшынған қазақстандықтардың саны айтарлықтай азайды. Соған қарамастан, Испания әлі күнге шетелден жылжымайтын мүлік алатын отандастарымыз арасында танымал 5 елдің қатарына кіреді.
Sea Key Investment компаниясының басшысы және жылжымайтын мүлік жөніндегі жетекші сарапшы Жарқын Мәукеева нақты қанша қазақстандықтың шетелде нақты қанша үйі бары беймәлім екеніне назар аудартты.
Оны тіпті салықшылар да біле бермейді. Сондықтан декларацияда көрсетуді талап етеді.
"Дегенмен, мен қазақстандық инвесторлардың таңдауы негізінде рейтинг құра аламын. Бірінші орында, әрине, Түркия тұр. Бұл елге барлық сатып алудың шамамен 30-40%-ы тиесілі. Онда курорттық аймақтағы пәтердің немесе үйдің орташа құны 100-250 мың доллар аралығында. Екінші орында Дубай орналасқан. Қазақстандықтардың шамамен 20-25%-ы сондағы жылжымайтын мүлікке ие. Апартаменттердің орташа құны 250 мыңнан 1 миллион доллар аралығында", – деді Жарқын Мәукеева "Digitalbusiness" басылымына сұхбатында.
Үштікке Солтүстік Кипр кіреді. Шетелде жылжымайтын мүлкі бар қазақстандықтардың 15-20%-ы соны таңдаған. Орташа құны курорттық аймақтағы пәтер үшін – 80-150 мың доллар және үй үшін 250-500 мың доллар.
Төртінші орынға Грузия жайғасты – шамамен 5-10%. Орташа құны Тбилиси мен Батумиде 40-120 мың доллар аралығында.
Бестікке Испания, Италия және Грекия кірді.
Эксперттің айтуынша, ауқатты қазақстандықтар Еуроодақта тұрақты тұруға рұқсат алу үшін Испанияны таңдайды. Сонда олар Шенген аймағында еркін қозғала алады.
Қазіргі кезде шетелде үйі бар отандастарымыздың шамамен 5-10%-ы бұл бағытта жылжымайтын мүліктің иегері болып табылады. Баспананың орташа құны өңіріне қарай 300 мың доллардан 1 миллион долларға дейін жетеді.
Испанияда жатжұрттықтар үшін баспана салығы 100 пайыз артса, онда бұл елдегі жылжымайтын мүлікке қазақстандықтардың қызығушылығы азаюы мүмкін.
Дегенмен, Испаниядағы тұрғын үй мен жылжымайтын нарықты ең көп сатып алушылар – АҚШ, Ұлыбритания мен Марокко азаматтары болып шықты.
Бұған қоса, соңғы жылдары испандық тұрғын үйлер мен виллаларды сатып алуға Венесуэла мен Мексиканың азаматтары тарапынан ынта-ықылас күрт өскен.
Шетелдік сатып алушыларға салынатын салықты еселеп арттыруға қарсылар да жеткілікті. Олардың тұжырымдауынша, Үкіметтің бұл жоспары экономикаға қомақты үлес қосатын елдің туристік саласына салмақты теріс ықпал етеді.
Өйткені Испанияда баспана сатып алған шетелдіктердің үлкен бөлігі көбіне жазғы және қысқы маусымда елге сапарлап, төл виллаларында өздері тұрады. Тамақтан бастап, киім-кешек пен керек-жараққа дейін жергілікті өнімдерді тұтынады.
Үкімет тұрғын үй дағдарысын шешу үшін бұдан бөлек әлеуметтік арзан баспана құрылысын арттыруды, пәтерлерді қысқа мерзімді арендаға беруге қатаң шектеу қоюды да жоспарлап отыр.