Қазақстандықтар Toyota мен Nesquik өндірісін жолға қойып, бастары бәлеге қалды

10447

Әділет министрлігі бөтеннің брендтерін заңсыз пайдаланушыларды аяусыз қудалауға кірісіп кетті. 

Қазақстандықтар Toyota мен Nesquik өндірісін жолға қойып, бастары бәлеге қалды Фото: freepik

Күрестің тегеурінін одан әрі күшейту мақсатында министрлік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты. Оған сәйкес, бөгденің сауда маркасына "жиендік" жасайтындар енді ұзақ жылға сотталуы мүмкін.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 222-ші бабы бойынша бұл үшін 80 АЕК (2024 жылы 295 360 теңге) айыппұл салынады. Заң қабылданса, жаза еселеп ауырлайды.

"Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған соларға ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе – 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не тауарларды тәркілей отырып, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу", – делінген Әділет министрлігі ұсынған заң жобасында.

200 АЕК биыл 738 400 теңгеге тең.

Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада жоқ жаңа жаза түрлері қарастырылады. Ол ҰҚТ-ға (ОПГ) қатысты.

Егер аталған қылмысты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса, онда айыппұл сомасы 4 мың АЕК-ке немесе 14 миллион 768 мың теңгеге дейін шарықтайды. Немесе топқа кірген тұлғалар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айрыла отырып, 4 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Егер бұл қылмысты жасау үшін "ұйымдасқан қылмыстық топ" құрылса, онда оның мүшелері 4 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылмақ және мүлкі тәркіленеді.

Салыстырсақ, Қылмыстық кодексте кісі өлтіру үшін әлдеқайда жеңіл жаза қарастырылған. 102-бап бойынша "қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтіру" үшін екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

104-бапқа сәйкес, абайсызда екi немесе одан да көп адамды қырып салса, бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Онда неге бөтеннің брендін пайдалану үшін билік азаматтарды сонша қатаң жазалағалы тұр?

Әділет министрлігінің Зияткерлiк меншiк құқығы департаментінің дәйектеуінше, отандық және шетелдік даралау құралдарын – тауар таңбасын, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, тауар шығарылған жердің атауын немесе оларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану кең ауқым алды.

"Бұл кәсіпкерліктің дамуына кедергі және құқық иелерінің мүліктік құқықтарын бұзады. Тауар белгісін заңсыз пайдаланудың белең алуы әрбір кәсіпкердің зияткерлік меншігін қорғау деңгейінің төмендеуіне соқтырады. Салдарынан, оның нарықтағы позициясына нұқсан келтіріледі. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бизнесті инновациялар мен жаңа өнімдерді дамытуға ынталандырмайды. Сондай-ақ тауарлық белгіні заңсыз пайдалану брендтің танымалдығы мен бірегейлігінің құлдырауына әкеледі. Соның кесірінен, оның нарықтағы құны төмендейді, кәсіпкердің нарықтарда өнімді немесе қызметті ілгерілетудегі маркетингтік күш-жігерін жоққа теңелтуі мүмкін", – деп санамалады ведомство сарапшылары.

Бұл сонымен қатар брендтің ұзақ мерзімді даму стратегиясына және оны масштабтау жоспарларына теріс әсер етеді екен.

Жалпы, брендтерді заңсыз пайдалану іргедегі Қытай мен Ресейде кең жолға қойылған. Қазақстан контрафакт өнімдердің басым көпшілігін солардан тасиды.

Дегенмен, бұл істі елімізде "өркендетуге" тырысатын өнертапқыштар табылуда. Департамент өкілдері нақты мысалдар келтірді.

Мәселен, былтырғы жылдың соңында, 2023 жылғы 15 қарашада Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша Әділет департаменттерінің қызметкерлері, Алматы облысының полиция департаментінің көмегімен арнайы рейд жүргізді. Бұған "Toyota" компаниясы өкілінің шағымы негіз болыпты.

Суыт аттанған топ сол өңірде тіркелген, тауарларды көтерме сатумен айналысатын "А" жеке кәсіпкерлігіне сау ете қалды. Тінту барысында жеке кәсіпкердің "Toyota" брендімен мотор майын, автоматты беріліс қорабына арналған сұйықтықты сататыны әшкереленді. Осылайша, 5,6 миллион теңге тұратын 520 бірлік тауар (1 736 литр) түріндегі контрафактілік өнім тәркіленді.

Қазіргі кезде алматылық жеке кәсіпкер жауапкершілікке тартылған көрінеді. Алынған тауарлары өртеу жолымен жойылған.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында полиция департаментінің көмегімен әділет органдары арнайы операция жүргізді. Оның нәтижесінде, шетелдік танымал брендпен шығарылған 48 000-нан астам жалған өнім тәркіленді.

Нақтылағанда, шымқалалық бизнесмен "Kit Kat" және "Nesquik" сияқты танымал брендтермен таңбаланған кондитерлік өнімдер өндірісін өз бетінше жолға қойған екен. Сол үшін мемлекеттен қолдау емес, қудалау көріп отыр. Себеп – өзгенің брендін рұқсатсыз, сертификатынсыз пайдаланған.

Шымкенттік кәсіпкер ол тәттілерін Шымкент қаласындағы "Б" ЖШС арқылы көтерме көлемде сатып, базарлар мен дүкендерге таратып отырған. Бүгінде шымкенттік кәсіпкерлер жазаға тартылды. Олардан тартып алынған тауарлар жойылады. Бұл рейд "Nestle S.A." компаниясының өтініші бойынша жүргізілді.

Яғни, шетелдік тауарлар белгісін елде заңсыз пайдаланумен күрес қауырт басталды.

2023 жылы аумақтық әділет органдарына жеке және заңды тұлғалардан "жоспардан тыс тексерулер жүргізу туралы" 350 өтініш түсіпті. Олардың негізінде қорғалатын тауар белгілерін пайдалануға қатысты жоспардан тыс 170 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша 151 бұзушылық анықталды.

Әкімшілік кодекстің 158-бабы бойынша былтыр 153 іс қозғалды. 141 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 11 миллион 586,3 мың теңгені құрады.

2023 жылы заңсыз айналымнан жалпы сомасы 62 587 583 теңгенің 35 682 контрафактілік өнімі тәркіленген. Бұл – өзіндік рекорд.

2022 жылы заңсыз айналымнан тәркіленген контрафактілік өнімдердің жалпы сомасы 1 656 240 теңгені, саны 746 бірлікті ғана құраған еді. Оның алдында, 2021 жылы заңсыз айналымнан жалпы сомасы 953 934 теңгенің 1 243 контрафактілік өнім тәркіленді.

Бұдан Қазақстанның әлемдік брендтерді қорғауды күрт күшейткені байқалады. Салыстырсақ, алдыңғы 2022 жылы аумақтық әділет органдары небары 2 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Сөйтіп, тексерістер саны бір жылда, былтыр 85 есе (!) өскен.

2022 жылы рейдтер барысында небары 2 құқық бұзушылық анықталыпты. Олар бойынша 2 әкімшілік іс қозғалды, 2 адамға жалпы сомасы 245 мың теңге айыппұл салынды. Айыппұл көлемі де кейінгі бір жыл ішінде 47 еседен (!) астамға көбейді.

"Бөтеннің брендін заңсыз пайдалану сауда белгілері иелерін пайдадан, беделден айырып, құқықтары мен мүдделерін бұзып қана қоймайды, сондай-ақ тұтынушылардың, әсіресе тәттілерді жақсы көретін балалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Айта кету керек, жалған өнімдерде токсиндер, аллергендер, канцерогендер, пестицидтер, ауыр металдар, гормондар, антибиотиктер және басқа зиянды, тыйым салынған заттар жиі кездеседі. Жалған тауарды жасау кезінде санитарлық, тазалық нормалары сақталмайды. Цехтар лас болады. Сол себепті индивидуализация-даралау құралдарын заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық жаза енгізгенді дұрыс деп санаймыз", – дейді Зияткерлiк меншiк құқығы департаментінің өкілдері.

Әділет министрлігі осы бастамасы аясында көрші елдермен арадағы шекаралармен заңсыз өтетін контрафактілік, жалған өнімдермен де күресуге ниетті. Бірақ оған қажетті күші, тетіктері әзірге жоқ.

"Контрафактілік өнімдер көбінесе соны өндіруге, таратуға және сатуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтар мен желілері арқылы сатылады. Адамдар тобы жалған киім, аяқ киім, сөмкелер және басқа контрафактілік тауарларды өндіру үшін жасырын, жерасты шеберханаларын ұйымдастырады. Содан кейін бұл тауарлар базарлар, интернет-дүкендер немесе заңсыз сауда нүктелері сияқты әртүрлі тарату арналары арқылы жаппай өткізіледі. Сондай-ақ, ұйымдасқан топтар контрафактілік тауарларды шекара арқылы заңсыз өткізіп, контрабандалық тасымалдауды жолға қойған. Олар көрші елдерде өз желілерін құрады", – делінген Әділет министрлігінің түсіндірмесінде.

Бұл топтардың желілерінің құрамына көшеде, дүкендерде, маркетплейстер мен тегін хабарландырулардың онлайн платформалары арқылы жұмыс істейтін делдалдар, дилерлер мен сатушылар кіретін көрінеді. Контрафактілік өнімдерді өндіріп, таратумен айналысатын адамдар тобының көбіне ұйымдасқан қылмыспен байланысты болатыны, олардың Еуразиялық одақ аясында енгізілген таңбалау-маркировканы, заңдастыратын құжаттарды қолдан жасап, заңдарды және сапаны бақылау жүйелерін оңай айналып өтетіні айтылған.

Яғни, Қазақстанның Әділет министрлігі "мафиямен" де кешенді күресуге ынта-ықылас білдіріп отырғанға ұқсайды. Одан не шығатынын, бұл бастама қалай тынатынын уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу