Биылғы тамыздың соңында Ұлттық банк "Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы №40 қаулысына өзгерістер енгізді.
Олар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.
Осыған орай "Банк ЦентрКредит" АҚ мамандары жаңашылдықтардың нені білдіретінін түсіндірді.
Бұдан былай егер қазақстандық компания 1 жұмыс күні ішінде 50 000 АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақшасыз (безнал) шетел валютасын сатып алғысы келсе, онда ол валютаны не үшін сатып алып жатқанын, мақсатын нақты көрсетуге тиіс болады. Сондай-ақ банкке валюталық шартты ұсынуға міндеттеледі.
Егер компания, заңды тұлға сол сатып алған 50 000 АҚШ долларынан асатын соманың бір бөлігін 10 жұмыс күні ішінде пайдаланбаса, онда пайдаланылмаған валютаны банкке кері сатуға міндетті болады.
Бұл талап тек жалпы жиынтығында 50 мың доллардан асатын сомаларға таралады.
"Бұл ретте шетел валютасын сатып алудың жалпы сомасы сатып алу мақсатына қарамастан, клиенттің бір операциялық күн ішінде берген валютаны сатып алу туралы барлық өтінімдері бойынша есептеледі. Сонымен бірге клиент 50 000 АҚШ долларынан аспайтын соманы ешқандай растайтын құжаттарды және валютаны кері сатуға нұсқауды ұсынбай-ақ, бір операциялық күнде кез келген мақсатқа сатып ала алады", – деп түсіндірді Банк ЦентрКредит мамандары.
Клиенттер бір күнде банкке бірнеше рет жүгініп, шетелдік валютаны сатып алуға бірнеше өтінім беретін және өтінімдердің жалпы сомасы 50 мың доллардан асып кететін жағдайлар болады. Мұндай жағдайда банктер енді әрбір өтінім берген сайын, тіпті 1 доллар сатып алса да заңды тұлғалардан "валюталық шартты" сұрататын болады. Қажетті құжаттары болмаса, банктер валюта сатудан бас тартады.
Бұл шетел валютасын сатып алуға қатысты.
Валюта бойынша ақша аударымдарына қатысты да жаңашылдықтар өмірге жолдама алғалы тұр.
"Айталық, компания "Банк ЦентрКредитте" бұрын сатып алынған шетелдік валютаны басқа уәкілетті банкке аударса, онда төл қаражатын аудару туралы Өтініште валютаны сатып алған күнін, сондай-ақ валюталық шарттың нөмірі мен күні туралы ақпаратты міндетті түрде көрсетуі қажет. Ақша аудару туралы өтініште осы ақпарат болмаған жағдайда, банк клиентке операция жүргізуіне рұқсат бермеуге мәжбүр болады", – деп хабарлады банк мамандары.
Сарапшылардың байламынша, бұл шаралар ірі валюталық операцияларды бақылауды күшейтуге, капиталды елден заңсыз шығарудың алдын алуға және қаржылық транзакциялардың айқындылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, компанияларды сатып алған долларын кері сатуға мәжбүрлеуді Ұлттық банктің ұлттық валютаның бағамын әрі қарайғы девальвациядан қорғау үшін де жасап отырғаны байқалады. Осыны түсінген саяси сауатты жұрт шетелдік валютаны сатып алуын жалғастырды. Бірақ рубльден қазақстандықтар белсенді арылып жатыр.
Жылдың қаржылық қорытындысын шығарған Ranking агенттігі сарапшыларының мәліметінше, биыл АҚШ валютасының ресми бағамының жоғарғы шегі 511-513 теңгеге дейін жетті.
Биылғы қараша айында доллардың ресми орташа бағамы 494,92 теңгені құрады. Яғни, 2023 жылғы қарашадан бері, бір жыл ішінде орта есеппен 6,8%-ға қымбаттаған.
Алайда қарапайым қазақстандықтардың валютаны биржадан сатып алуына тыйым салынған. Олар тек айырбастау бекеттерінен ғана алуға мәжбүр. Оларда айырбас курсы қазіргі кезде 522 теңгеден көп түсер емес.
Ұлттық банк бекіткен АҚШ валютасының ресми бағамы биылғы желтоқсанда 511,22 теңгеден бастады. Ал, 26 желтоқсанға қарай 0,7%-ға өсіп, 514,93 теңгеге дейін жетті.
Ресми бағам шырқау шегіне 18 желтоқсанда шықты: 1 доллар биржада 524,66 теңге тұрды.
Айта кету керек, еуроның ресми бағамы желтоқсанды 540,05 теңге межесінен бастады. Алайда 26 желтоқсанға қарай керісінше, 0,7% төмендеп, 536,04 теңгені құрады.
Ұжымдық Еуропаның ортақ валютасы Қазақстанда биыл шырқау шыңына 6 қарашада жетті: биржадағы бағасының өзі 552,19 теңгеге дейін аспандады.
Валюта айналымының ерекшелігі бойынша бір адамдар немесе компаниялар валютаны сатып алса, басқалары оны кері өткізіп жатады. Сату мен сатып алу арасындағы айырма нетто-сауда болып есептеледі. Осыған қарап, халықтың арасында қандай валюта түрі көбірек танымал екенін білуге болады.
2024 жылдың қазан айының қорытындысында қазақстандық айырбастау бекеттерінің халыққа өткізген долларының нетто-саудасы 170,1 миллиард теңгеге жетті. Яғни, қыркүйекке қарағанда қазанда доллардың бұл көрсеткіші тағы 0,3%-ға артты.
Салыстыру үшін айтсақ, биыл айырбастау пункттері сатқан АҚШ долларының орташа айлық нетто-саудасының көлемі 149,2 миллиард теңге ғана болған. 2023 жыл бойы орташа айлық нетто-сауда көлемі 148,6 млрд теңгені құрады.
Қазан айының өзінде – девальвация басталғанға дейін бұл көлемі 170 миллиардтан асып отыр.
Америкалық валютадан кейінгі халық үшін сүйкімдісі – еуро. Оның айырбастау бекеттеріндегі нетто-саудасының көлемі 2024 жылғы қазанда 18 миллиард теңге болды. Бұл алдыңғы қыркүйек айындағыдан бірден 6,1 есе көп.
Ал, еуроның жыл ішіндегі орташа айлық нетто-саудасының көлемі 16,6 млрд теңге болғанын, былтырғы көрсеткіші 17,9 млрд теңгеге барғанын ескерсек, Еуропаның валютасына сұраныс жалпы алғанда өсе қоймағаны аңғарылады.
Тұтастай алғанда, 2024 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан халқы айырбастау бекеттері арқылы 1,5 триллион теңгеге доллар сатып алды. Бұл 2023 жылғы ұқсас кезеңдегіден 13,9%-ға көп.
Атап өтетін жайт, доллар 500 теңге межесін қарашада бағындырды. Девальвацияның басталғанын көрген жұрттың бір бөлігі айырбастау пункттері мен банктерді шабуылдады. Демек, қараша-желтоқсан айларының қорытындылары шыққанда, бұқара мен бизнес сатып алған доллардың көлемі 2 триллион теңгеден көп асып кетуі мүмкін.
Дегенмен, Ұлттық банк қаңтар-қазанның өзінде қазақстандықтар долларды сатып алу жөнінен соңғы 5 жылдағы рекордқа қол жеткізгенін хабарлады.
Америкалық валютаға деген нетто-сұраныс биыл барлық өңірде тіркелді. Ең көп көлемі – қос мегаполисте. Алматылықтар биыл 397,7 миллиард, шымкенттіктер 394,6 миллиард теңгеге доллар сатып алды. Одан кейін мұнайлы Маңғыстау облысының (105,6 млрд) және Астананың (101,4 млрд) тұрғындары тұр.
Ең азы ШҚО-да (1,8 млрд теңге), Ұлытау (4,5 млрд) және Абай (9,3 млрд) облыстарында.
Еуроның нетто-саудасының оң айырмасы 20 өңірдің 19-ында тіркелді. Жалғыз Жетісу облысында ғана тұрғындардың еуроны сатып алғанға қарағанда сатуы көбірек болған: айырмасы минус 301,8 млн теңге.
Жалпы, қазақстандықтар ел банктерінде 5,3 триллион теңгеден астам қаражатты шетел валютасында сақтайды.
Ресейдің рублі Қазақстанда бар беделінен жұрдай болды. 2024 жылғы қазан айында қазақстандық айырбастау пункттері Ресей валютасын кері өткізудің рекордтық көлемін тіркеді. Қазақстандықтардың кері сатқаны сатып алғанынан (нетто-сауда) бірден 8,8 миллиард теңгеге артып кетті.
Ranking сарапшылары Ресейдің ұлттық валютасы Қазақстанда танымалдылығынан айрыла бастағанын айтады. Егер 2021 жылы рубльдің орташа айлық нетто-саудасы 45,4-88,8 миллиард теңге арасында құбылып келсе, 2022 жылғы ақпанда соғыс басталғалы бұл көрсеткіш күрт құлдырады.
Қазақстанға келетін бүкіл импорттың 70 пайызы Ресейден немесе Ресей арқылы келетініне қарамастан, 2022 жылғы наурызда рубльдің нетто-саудасы небәрі 58,8 млрд теңгені құрады.
Ал, 2022 жылдың сәуірінен бері рубль саудасы ай сайын төмендеп келеді. 2023 жылдың қаңтар-қазанында нетто-саудасы мардымсыз болса да плюс шамасында болды: 1,4 млрд теңге.
2024 жылдың басынан, қаңтар-қазан аралығында ресейлік рубльдің нетто-саудасының жалпы көлемі минус 9,5 миллиард теңгені құрады. Басқаша айтқанда, рубльді алушылар аз, өткізуге құмарлар қатары қалың.
Рубльге деген сұранысты негізінен Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары қамтамасыз етіп тұр. Олардың тұрғындары жыл басынан бері тиісінше 10,6 млрд және 7,6 млрд теңгеге рубль сатып алыпты.
Тұрғындары ресейлік валютаға қызықпайтын өңірлерді Қызылорда мен Түркістан облыстары бастап тұр. Алматы мен Астанада да рубль саудасы былтырғы жылмен салыстырғанда тиісінше минус 12,5 млрд және минус 42,4 млрд теңгені құрады.