Қазақстандықтардың қытайлық банктерге қанша қарыз болып қалғаны анықталды

3000

Қытайлық банктердің қазақстандық қаржылық нарықтағы салмағы артуда.

Қазақстандықтардың қытайлық банктерге қанша қарыз болып қалғаны анықталды

Оларға қарыз болып қалған қазақстандықтар саны да күрт өсуде: өткен жылы шың еліне қарасты банктер елімізде таратқан қарызының көлемін тек бір жыл ішінде 6,1 есеге ұлғайтқан.

Мұндай нәтижемен отандық бірде-бір қаржылық ұйым мақтана алмайды.

Ranking сарапшыларының айтуынша, Қытайдың мемлекетіміздегі еншілес банктері активтерінің жалпы көлемі бір жыл ішінде 3,2 есеге ұлғайған және 2018 жыл аяқталғанда, 938,1 миллиард теңгеге жетті.

Олардың активінің отандық банк секторындағы үлесі де жыл санап еселеп артуда: егер 2017 жылы олардың ауқатының жалпы көлемдегі үлесі небары 1,2% ғана болса, былтыр елеулі 4%-ға жетті және ары қарай ұлғаюда екен. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш небары 1% болған-тын.

Еліміздегі қытайлық банктердің активі 2014 жылы 173,7 миллиард теңгені құраса, 2015 жылы ол 243,5 миллиард теңге, 2016 жылы 259,7 миллиард, 2017 жылы 295,7 миллиард теңге болды. Енді триллиондық межені алуға таяу және бұл шегі емес.

Сарапшылардың дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстанда ҚХР-дың үш еншілес банкі жұмыс жасауда, бұлар – Altyn Bank, Қазақстандағы Қытай банкі және Алматыдағы Қытай сауда-өнеркәсіптік банкі.

"Қытайлық еншілес банктердің активтерінің айтарлық өсуі қытайлық CITIC "Altyn Bank"-тің акционерлік капиталының 60%-ын сатып алғаннан кейін орын алды", – делінген Ranking зерттеуінде.

Отандық екінші деңгейлі банктердің несиелік портфелінің жалпы көлеміндегі шығыстық алпауыт көршінің банктері берген кредиттердің үлесі де бір жыл ішінде 0,3%-дан 1,7%-ға дейін артып отыр. Яғни, олардың қазақстандықтарды несиелендірудегі белсенділігін де күрт арттырғаны аңғарылуда.

Сарапшылар осы орайда қытайлық осы қаржылық құрылымдарға қарызын қайтара алмай, олар алдында борышты әрі дәрменсіз болып қалған қазақстандықтар саны артқанына назар аудартады. Мәселен, Ұлттық банк мәліметінше, 2016 жылы Қытай еншілес банктеріндегі еліміз азаматтары мен бизнес өкілдерінің төлемі кешіктірілген кредиттердің саны небары 200 миллион теңге ғана болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 780,5 миллионға дейін еселеп артты.

Ал 2018 жыл қорытындысында төлем енгізу мерзімі өтіп кеткен несие сомасы 2,7 миллиард теңгені, төлем төленуінің тоқтағанына 90 күннен асып кеткен кредит көлемі 1,5 миллиард теңгені құраған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 770,9 миллион теңге болған еді.

Қалай болғанда, қытайлық банктердің отандық нарықтағы үлес-салмағы он еседен артыққа өсіп отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу