Қазақстан Қытайдан алатын қарызды қанша етіп қайтарады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4023

Қарыз 2 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға берілмек.  

Қазақстан Қытайдан алатын қарызды қанша етіп қайтарады

Ел үкіметі Қытайдан 2,062 млрд юань қарыз алмақ. Ұлттық валютамен есептесек, бұл 116 млрд теңге. Долларға шақсақ, 300 млн АҚШ доллары.

Қарыз 2 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға беріледі. Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың есебінше, Қазақстан 116 млрд теңге қарызды 154 млрд теңге етіп қайтарады. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Қайрат Маубаевтың айтуынша, аспанасты елінен алынатын қарызға Қазақстан-Қытай шекарасының Қазақстан аумағындағы бақылау-өткізу бекеттері модернизацияланбақ. Сондай-ақ ел астанасында бекеттердегі барлық процесті бақылап отыратын негізгі диспечерлік басқару орталығы салынады.

"Жобалар жүзеге асырылған соң, мұның экономикалық тиімділігі зор болмақ. Жыл сайын бюджетке 300 млрд теңге көлемінде қосымша кедендік түсімдер мен салықтар түсіп тұрады. Бақылау-өткізу бекеттеріндегі барлық процесс толықтай автоматтандырылады. Бұған қоса, елордадан диспечерлік орталық салынады. Осылайша, бақылау-өткізу бекеттеріндегі негізгі бақылау функцияларының дені диспечерлік орталыққа өтетін болады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендетеді", – деді Қайрат Маубаев Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің отырысында.

Белгілі болғандай, бақылау-өткізу бекеттеріне тек қана Қытайдың құрал-жабдықтары орнатылмақ. Ал Қытай тарапы жеткізілген құрал-жабдықтарға бес жыл бойы тегін сервистік қызмет көрсетпек. Бес жылдан соң ғана ақша ала бастайды.

Сонымен қатар, автокөліктерді өткізу бекеттері жаңғыртылған соң, олардың жүктемесі 5 есе артады деген сенім бар.

Жалпы, қарыз есебінен шекарадағы 9 автокөлік және 1 теміржол бекеті модернизациядан өтеді деп күтілуде. Қазақстанға қарызды Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі (Эксимбанк) бермек.

Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаевтың сөзінше, Қазақстанның Қытай алдында үкіметтік қарызы жоқ. Бірақ, 1,2 млрд доллар көлеміндегі қарызға мемлекеттік тұрғыдан кепіл болып отыр.

"Біз алғаш рет қарызды юаньмен алып отырмыз. Алда қандай валюталық тәуекел боларын білмейміз. Бірақ, бәрін зерттеп, сараптап алған соң, өз стратегиямызды құратын боламыз", – деді Руслан Бекетаев.

Еске сала кетейік, Мәжілістің 6 наурыздағы жалпы отырысында Қытайдан қарыз алу мәселесі қаралған болатын. Сол жиында қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстан алғашқы бес жылда қарыздың тек пайызын ғана төлейтінін айтқан болатын. Ал одан кейінгі жылдардан бастап қарыздың негізгі сомасы өтеле бастайды.

"Юань бағамы теңге секілді соңғы жылдары төмендеп келеді. Соңғы үш жылда юаньның долларға шаққандағы бағамы 5 пайызға арзандады. Қытай тарапы бізге жеңілдетілген несие ұсынып отыр. Өйткені, бұған дейін халықаралық қаржы ұйымдары біздің елге қарызды 3-4 пайыздық мөлшерлемемен беретін", – деген еді Әлихан Смайылов.

Бақылау-өткізу бекеттерін модернизациялау жобасы 2019 жылдың төртінші тоқсанында басталып, 2022 жылы аяқталмақ.

Қытайдан қарыз алу туралы құжат Сенат отырысының қарауына жіберілді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу