Қытай неге сандық ақша жасауға асықты?

7227

Әлем елдерінің орталық банктері ұлттық ақшаларының электрондық нұсқасын жасауға кірісті. 

Қытай неге сандық ақша жасауға асықты?

Қытай Халық банкі (КХБ) ұлттық валютаның электрондық нұсқасын шығаратын әлемдегі алғашқы негізгі банк атануы мүмкін. Қазір ол юаньның сандық үлгісін жасау қарсаңында тұр. Сондағы мақсаты – қарқынмен цифрланып жатқан экономикадан қалыспау және сол экономиканы бақылаудан шығарып алмау. Жаңа ақшаның биткоиннан ерекшелігі сол – болашақ "э-юань" ашық саудаланады, толық анонимдікті қажет етпейді және де физикалық юань тәрізді мемлекеттің көмегімен тұрақтандырылып отырады. Ол коммерциялық банктер мен ірі технологиялық компанияларға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ. Алайда бірқатар сарапшының пікірінше, Қытай сандық ақшаны технологиялық өзгерістерге тиісті жауап беру үшін асығыс қолға алып жатыр. КХБ-ның бір өкілі айтқандай,  валюта - экономиканың ғана емес, егемендіктің де мәселесі.

Жоспар қандай?

Электрондық юаньның барлық детальдары жарияланған жоқ. Дегенмен Қытай Халық банкі атынан тіркелген патент пен ресми мәлімдемелерге қарағанда, болашақ сандық ақша тұтынушылар мен кәсіпорындар сандық әмиянды өздерінің ұялы телефондарына жүктейді және сол әмиянға коммерциялық банктердегі аккаунттарынан сандық ақша аудару тәртібімен жұмыс істейді. Әрі қарай олар сол ақшаны цифрлық әмияны бар өзге біреумен есепайрысарда  қолма-қол ақша тәрізді қолдана алады.

Қазірдің өзінде көптеген транзакциялар электрондық тәсілмен орындалып жатқан жоқ па?

Иә. Бірақ Қытай қолма-қол ақшасыз қоғамға жедел айналып барады. Мұнда тіпті шағын қалалардың көшелерінде тағам сататын адамдардың өзі мобильдік төлемдерді артық көреді. 2019 жылдың бірінші тоқсанында бұл мемлекетте қосымшалар 59 трлн юаньның немесе 8,3 трлн доллардың транзакцияларын өңдеген екен. Бұл – өткен жылдың көрсеткішінен 15%-ға жоғара сома. 2018 жылы Қытайда барлық цифрлық төлемдердің жалпы құны 3,8 квадратриллион юаньға жеткен. Ал, Швецияда қолма-қол ақшамен тауар сатып алғандардың қатары былтыр 13%- ды ғана құрады.

ҚХБ неліктен бұны қолға алды?

Қытай үкіметі сандық юаньның күшімен заңсыз ақша аударушыларды электрондық тәсілмен қадағалаудан үмітті. Бұл жобаны Халық банкінің 2018 жылы наурызда зейнетке шыққан бұрынғы басшысы Чжоу Сячуан бастады. Ол Қытайды өзгелер жасаған және бақылайтын биткоин стандартынан қорғағысы келген. Ал, Facebook компаниясының Libra сандық монетасын 2020 жылы іске қосу жоспары Қытайда электрондық төлем құралын шығару процесін тіпті жеделдетуі мүмкін. Өйткені, америкалық әлеуметтік желінің цифрлық ақшасы күндердің күнінде әлемде доллар үстемдігін одан әрі күшейтіп, Қытайда капиталға бақылауды әлсіретеді деген қауіп бар. КХБ зерттеу бюросының басшысы Ван Синь шілде айында мәлімдегендей, мұндай жағдайдың "қаржылық, экономикалық және халықаралық саяси зардабы" болуы мүмкін.

Э-юань криптовалюта ма?

Ол криптовалюта болмауы мүмкін. Мысалы, ешқандай орталыққа бағынбайтын биткоин транзакцияларды жазып, растауы үшін блокчейн атты онлайн-кітапқа жүгінеді. Ал, эфериум тәрізді криптовалюталар ешқандай делдалсыз, орталық банксіз анонимдік қаржылық операциялар жүргізуге пайдаланылады. Сонымен қатар, құны тұрақсыз болғандықтан, мұндай ақшаларды төлем құралы ретінде қолдану қиын. Дегенмен, "Фейсбуктың" болашақ "либра-монетасы" криптовалюта аталғанымен, доллар, еуро, фунт, йен тәрізді нақты валюталармен 100 пайыз қорғалайын деп отыр. Libra-ны алғашқы кезде  Facebook, Visa, Uber тәрізді компаниялар басқарады. Ал, сандық юаньды Қытай Халық Банкі қадағалайтын болады. Яғни, э-юань орталықтандырылмаған жүйеге немесе блокчейнге бағынуы екіталай.

Қытай неліктен қазіргі монеталарды қолданбай отыр?

Қытай криптовалюталар биржасына 2017 жылы тыйым салды. Мақсаты – қаржы жүйесін қауіптен тазартып, көлеңкелі банкингке жол бермеу. Мұндай валюталарды елде әлі де сатып алуға болар. Бірақ оларға қол жеткізу - ұзақ әрі шектелген процесс. Сонымен қатар, цифрлық ақшалар Қытайдан ақша шығаруға, капитал қашыруға мүмкіндік беріп, юаньның құнын төмендетеді деген қауіп бар. Libra әлі өмірге келмесе де, Қытай шенеуніктері монетарлық бақылау органдарын сақтыққа шақырып отыр. Айта кетсек, бұл мемлекетте Facebook-ке тыйым салынғаны белгілі. Соған қарамастан, көптеген қытайлықтар оған VPN арқылы кіріп жүр.

Сандық юань қашан пайда болуы мүмкін?

Ол таяуда пайда болуы мүмкін. Биыл тамызда елдің орталық банкінің ресми өкілдерінің бірі Му Чанчунь айтқандай, сандық ақша "шығуға жақын".  Оның сөзінше, Қытай Халық банкі цифрлық монета жасау мәселесін 2014 жылы қарастыруға кірісіп, оған қажетті мамандандырылған институтқа қызметкерлер тартып жатыр. Сонымен қатар, сандық валюта саласындағы зерттеулер мен инновация турасында елдің технологиялық орталығы - Шэньчжэнді 2025 жылға дейін әлемдік деңгейдегі қалаға айналдыру жоспарында да айтылды.

Сандық юаньды халық қолдануы мүмкін бе?

Бұл сауалға жауап беру әзірге қиын. Қытай Халық банкінің сандық әмияны – бүгінше жай ғана әмиян. Ал, Alipay, WeChat Pay әлеуметтік желілер әлеміне, электрондық коммерцияға, жарнамаға, есепшоттарды төлеуге, инвестициялар мен өзге де толып жатқан қызмет түрлеріне баяғыда бойлап еніп кеткен. Бұлар тұрғанда қалың көпшілік неліктен ҚХБ-ның сандық ақшасын таңдауы мүмкін. Мұны түсіну қиын.

Өзге елдердің орталық банктері не істеп жатыр?

Уругвай э-песо деген пилоттық бағдарламаны іске қосып, оны тіпті Халықаралық валюта қоры мақтады. Венесуэла "петро" деген виртуалдық ақшасын таныстырса, Швецияның "Риксбанкі" э-крона жасап жатыр. Ал, өткен айда Англия банкінің төрағасы Марк Карни доллардың үстемдігіне нүкте қою үшін Libra тәрізді резервтік валюта шығаруға шақырды. Халықаралық есеп банкі 2019 жылдың басында жүргізген анонимдік сауалнамаға нәтижесіне қарағанда, дүниежүзі елдерінің көпшілігінің орталық банктері сандық ақша шығару бағытында теоретикалық және схемалық зерттеулер жүргізіп жатыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу