Қазақстандықтарға 8,5 миллион және 3,7 миллион теңгеден таратылады

3702

Президент қол қойған заң күшіне енді.

Қазақстандықтарға 8,5 миллион және 3,7 миллион теңгеден таратылады Фото: canva.com

Кейбір баптарын қоспағанда, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы күшіне енді. Бұл құжатқа Мемлекет басшысы 2024 жылғы 19 сәуірде қол қойған болатын.

Денсаулық сақтау бұрынғы министрі Ажар Ғиният әзірлеп, қорғап кеткен жаңа заң медицина қызметкерлерінің мәртебесін бекітеді, оларды қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізеді.

Бұдан бөлек, заң арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілмек, бірақ билік бұл талапты тек 6 ай өткеннен кейін қолданысқа енгізуге шешім қабылдады.

Бір ғажабы, медицина қызметкерлерінің бірқатар санаттарын қолдауға бағытталған жаңа тетіктер өмірге жолдама алып отыр.

Біріншіден, егер аса тапшы, тар (узкий) мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге барса, онда оған ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі. Биыл бұл сома 8,5 миллион теңгені құрайды. Өйткені 2024 жылы ЕТЖ – 85 мың теңге. Әйтсе де, ең төменгі жалақы мөлшері жыл сайын өсіп отырады.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, келесі 2025 жылы ЕТЖ тағы ұлғаяды, ол жаңа әдістемемен есептеледі. Ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Болашақта ЕТЖ сомасын үшжақты комиссия қайта қарап отырады. Тиісінше, ауылға барған кейбір дәрігердің бірреттік ақшалай төлемі де өседі деп күтілуде.

Екіншіден, жаңа заңмен "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы тағайындалды. Қазақстан алдындағы ерен еңбегі мен ерекше жетістігі үшін жаңа мемлекеттік наградаға ие болған медицина қызметкерлері құрметті атақпен бірге 1 000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алады. 2024 жылы бұл төлем көлемі 3 692 000 теңгені құрайды.

Үшіншіден, жыл сайын "Мамандық бойынша үздігі" атты республикалық конкурс өткізіледі. Оның жеңімпаздарының бәріне 500 АЕК немесе биыл 1 млн 846 мың теңгеден біржолғы ынталандыру сыйақысы таратылады.

Жаңа заң аясында "ақ халаттылар" басқа да игіліктерге қол жеткізбек. Атап айтқанда:

  • Медицина қызметкерлерінің балалары тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан, балабақшалардан басым тәртіппен, кезектен тыс орын алады.
  • Қызметтік міндеттемелерін атқару кезінде қаза тапқан, немесе мүгедек болып қалған медицина қызметкерлерінің балаларына жоғарғы оқу орындарына қабылдануға конкурстан тыс мемлекеттік білім гранты беріледі. Бұл үшін қалаған университетіне түсуге өтініш беруі керек.
  • Медицина қызметкері басқа өңірден өз кәсібі бойынша жұмыс тауып қоныс аударса, оның көшу, көлік шығындары бюджеттен өтеледі.
  • Медиктер кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалады, оларды қорлап, балағаттаған шенеуніктер, пациенттер, басқа да адамдар жазаланады.
  • Медицина мамандары әскери қызметін өз мамандығы бойынша өткере алады, немесе әскерге шақыруды кейінге қалдырта алады.
  • Ақ халаттылар басыартық есеп пен ақпарат беруден босатылды, бұл үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттамалар санын оңтайландырды және қысқартылған жаңа тізбесін бекітеді.

Бұл заңды елімізде шамамен 78 мың дәрігер мен 181 мыңдай орта медицина қызметкерлері күтті. Жаңа заң Қылмыстық кодекстің "Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар" деп аталатын 317-ші бабын гуманизациялады, соның ішінде ақ халаттыларды тұтқынға алу мерзімдері, айыппұлдар көлемі күрт қысқартылды.

Біріншіден, егер медицина немесе фармацевтика қызметкері өзінің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қараса немесе адал қарамаса, соның салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірсе, онда оған 100 АЕК (бұған дейін 200 АЕК болған) айыппұл салынады, не 100 (бұрын 180) сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 30 (бұрын 50) тәулікке дейін қамаққа алынады.

Екіншіден, дәл осы қылмысы арқылы абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтірсе, онда 2 000 (бұған дейін 3 000) АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 2 (3) жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Үшіншіден, егер ол өзінің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қараса немесе адал қарамаса, соның салдарынан абайсызда адам өлтіріп алса, онда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 жылға (бұған дейін 5 жылға) дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл жерде жаңа заңдағы жаңашылдыққа сәйкес, "байқаусызда" адамды өлтіріп тынған медицина қызметкері бұдан былай бірден сотталмайды, "бас бостандығын шектеумен" құтылып кете алады. Бұған дейін Қылмыстық кодекс тек түрмеге отырғызуды қарастыратын. Адам өлтірген ақ халаттылар белгілі бір орындарға бармау, өз елді мекенінен, елден рұқсатсыз шықпау сияқты шектеулермен ғана жазалануы мүмкін.

Төртіншіден, егер медицина немесе фармацевтика қызметкері өзінің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қарап, немесе адал қарамай, абайсызда екі және одан көп адамды қырып салса, онда 6 жылға (бұрынғысы 7 жылға) дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі не сол мерзімге бас бостандығынан айрылады.

Бесіншіден, медицина қызметкері, сол сияқты халыққа тұрмыстық немесе өзге қызмет көрсету ұйымының қызметкері кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан басқа адамға АИТВ (СПИД) жұқтырса, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұған дейін қолданыста болған нормада атының өзі қорқынышты дертті сырқаттарға жұқтырған дәрігер 5 жылға темір торға қамалатын. Оған балама жаза – бас бостандығын шектеу енгізілді.

Заңды Парламентте талқылау барысында қоғам белсенділері: "Осыдан кейін дәрігерлер жаппай жауапсыз болып кетеді" деген қауіп білдірген. Алайда Үкімет те, Парламент те оған құлақ аспады.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы, сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, бұл медицина қызметкерлерінің кәсіби тәуекелдерін азайту, олардың өз қызметін жүзеге асыру және шешім қабылдау кезінде өзіне-өзі сенімділігін арттыру, медицина кәсіптерінің мәртебесін көтеріп, тартымды ете түсу, сондай-ақ саладан білікті кадрлардың кетуін азайту үшін қажет.
Салдарынан, пациенттердің құқығы кейінгі орынға сырғығанға ұқсайды.

Мысалы, заң медқызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру моделін енгізеді. Оның аясында ақ халаттылардан зардап шеккен сырқаттар жанжалды сот арқылы шешуге емес, бірінші кезекте, медиация-татуласу тәртібімен шешуге мәжбүрленеді.

Осы мақсатта науқасқа залал келтірген медициналық ұйымда "тәуелсіз комиссия" құрылып, шағымды қарайды. Комиссия министрлік жанынан емес, пациентке зиян келтірген ұйымда құрылса, оның қалай "тәуелсіз" болатыны түсініксіз. Бұған Денсаумині мандытып жауап бере алмады.

Дегенмен, Мәжіліс те, Сенат та терең қазып жатпады. Сенатор Алишер Сатвалдиев барлық өзгерістерді құптай келе, бір проблемаға назар аудартты. Оның айтуынша, статистикаға сәйкес медицина қызметкерлерін қылмыстық тергеуге тарту санының айқын өсу тенденциясы белең алды. Бұл – дәрігерлердің көрсеткен сапасыз қызметіне шағымдар легінің жыл сайын артқанын көрсетеді. Сол үшін көп жағдайда ешкім жазаланбайды. Бірақ сенатор мұны басқаша қабылдапты.

"Қозғалған қылмыстық істерді жіті қарасақ, 300-350 істің ішінде бар-жоғы 10-12 іс бойынша айыптылар қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Бұл дегеніміз 95%-дан астам жағдайда арыздардың негізсіз екенін аңғартады. Соның нәтижесінде жоғары білікті кадрлардың жұмысқа ынтасы төмендеп, жұмыстан кету жағдайлары жиіледі. Заң аясында қалыптасқан жағдайды реттеу механизмдері көзделген. Мәселен, азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян туралы шағымдарды қарау жөніндегі тәуелсіз сараптама комиссиясының қызметін қамтамасыз ету үшін 12 мыңнан астам профильді мамандар мен сарапшыларды тарту көзделіп отыр", – деді сенатор.

Сонымен бір мезгілде елде бірден 30 профильдік мамандық бойынша мамандар тапшылығы қалыптасуда. Бұл жағдайда Үкіметтің әр мамандықта сонша маманды қайдан табатыны белгісіз қалды.

Келесі бір проблема: қазақстандық дәрігерлер сырқаттарды жаппай ескі протоколдармен, ескіше емдеп жатыр. Өз бетінше ізденетіні, біліктілігін жетілдіретіні, ең құрыса, шетелдік, ағылшынша озық ғылыми журналдарды оқитыны кемде-кем.

Қазақстанда бүгінде диагностика мен емдеудің 1 103 клиникалық протоколы болса, соның 50%-ы ескірген, өзектілендірілмеген.

Дегенмен, Денсауминінің өкілдері сырқаттардың мәртебесінің құлдырайтыны туралы көңілсіз байламдармен келіспеді. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру аясында екі негізгі мәселені шешу көзделген. Біріншісі – пациенттердің құқығын қорғау, екінші – медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау.

"Осы заңнаманың аясында ең үлкен рөлдің бірі пациенттерді қолдау қызметтеріне беріліп отыр. Қазіргі уақытта көптеген медицина мекемелерінде осындай қызметтер жұмыс жасап жатыр. Тәуелсіз сараптама комиссияларын құруға келсек, бүгінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аясында 600-ден астам сараптамашы бар. Сонымен қатар осы заң талабына сәйкес, дәрігер арасында сегізінші деңгейдегі квалификацияға ие 12 мың дәрігер табылады. Олар профессорлар, доценттер, медицина ғылымдарының докторы, жоғары деңгейдегі медицина мамандары. Солар осы сараптама жұмысына тартылады", – деп уәде етті денсаулық сақтау 1-ші вице-министрі.

Ол сараптамашыларды оқыту биыл қолға алынатынын айтты. Ал, емдеу хаттамаларының ескіргенін жасырмады. Сондықтан клиникалық хаттамалар мен медициналық қызметтер бойынша стандарттарды жаңартуға қатысты жұмыс басталыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу