Қазақстандықтарға жаппай жалған көлік салығы есептелуде

20775

Жұтаған бюджетті толтырудың "өзге" жолы іске қосылған ба? 

Қазақстандықтарға жаппай жалған көлік салығы есептелуде

Қазақстанда көлік салығын төлеу науқаны басталды. Sauap.org порталының түсіндіруінше, көлік салығы (КБК–104402) 31 желтоқсанға дейін төленуге тиіс.

"Биылғы 1 шілдеден бастап бұл салықты төлеу үшін "темір тұлпар" иелері көлігінің сәйкестендіру нөмірін – VIN-кодын ұсынуы қажет. Ол 17 символдан тұрады. Жеңіл автокөліктер үшін VIN-код ретінде – шанақ-кузовтың нөмірі, ал жүк көліктері үшін – шассиінің нөмірі қабылданады. Бұл деректер машинаның техпаспортында көрсетілген", – дейді сауаттандырушы портал.

Ал көлігі жоқ адамдар не істемек?

Бұл сауал бір қарағанда сандыраққа ұқсайды. Саналы адам: "Әрине, автомобилі жоқ адамға көлік салығының да еш қатысы жоқ", – дейді. Осы байлам әділетті. Бірақ салықшылар олай ойламайтынға ұқсайды. Алматы қаласының тұрғыны Айдар Қасымов көлігі болмаса да мемлекеттің өзінен жүз мыңдай салық төлеуді талап еткенін көріп, естен тана жаздапты.

"Каспи банктегі қосымша арқылы көлік салығынан 97 мың 735 теңге берешегім бар екені айтылған хабарлама алдым. Оны Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына төлеуім керектігі көрсетіліпті. Сол басқармаға қоңырау шалып, маманымен сөйлестім. Алайда ол мұндай салықтың қайдан шыққанын, қандай автокөлік үшін есептелгенін, берешектің қай кезең аралығында жиналғанын жөнді түсіндіріп бере алмады. Қазіргі кезде меншігімде көлік жоқ", – дейді ол.

Мұндай оқиға бірлі-жарым емес. Көпбалалы ана Гүлнұр Шуақбаева да 2019 және 2020 жылдары көлік салығы төленбеген деген хабар алып жатқан көрінеді.

"Менің иелігімде көлік 2014–2019 жылдар аралығында болған. Қазір жоқ. Мұндай масқараның себебін түсінбеймін. Өйткені "спеццон" барлық салықтарын төлеткізбей, көлік құралын есептен шығармайды. Сондықтан Алматыдағы автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған ХҚКО ішіндегі банкке былтыр барлық салығын төлеп, есептен шығартқанмын. Енді "тағы да берешегің бар" деп келіп тұр. Мемлекет осылай көпбалалы ананы қанағысы келіп отыр ма? Берген жәрдемақысын қайтаруды қалай ма? Менде көлік жоқ, барлық төленуі керек салықтарын кезінде уақытында төлеп жүрдім. Ендеше жоқ берешекті бар деп көкімей, алып тастасын!" – дейді Гүлнұр Серікқызы.

Бари Махмутов та ескі-құсқы күйге жеткен өз көлігімен бірнеше жыл бұрын қош айтысқан.

"2020 жылғы тамызда маған көлік салығын төлеуім керектігі туралы хабарлама келді. Бұған аң-таң болдым. Өйткені Mazda Capella (Mazda 626 деген атпен танымал) автомашинам болатын. Оны көп жыл бұрын утилизациялап, есептен шығарттырдым. Үш жылдан бері еш хабар болмап еді. Содан 14 қыркүйекте мамандандырылған ХҚКО-ға барып, осыны растайтын анықтама алдым. Рас, оны салық органына электронды түрде қалай жіберуге болатынын білмеймін", – дейді ол. 

Бюджетті бизнес пен бұқара есебінен толтыру үшін жанталасқан биліктің бұл "келемежінің" жаман салдары бар. Егер берешекті өтемесе, азаматтың не бизнес өкілінің барлық есепшоты мен картасы бұғатталады. Яғни, ол жалақы, жәрдемақы, зейнетақы, субсидия және басқасын ала алмайды. Тендерлерге қатысу мүмкіндігін жоғалтады.

Жыл сайын жүйке құртатынды шығарды

Нұр-Сұлтан маңындағы Қосшы кентінің тұрғыны Т.Шиганов 7 қыркүйекте банкке жүгініп, төлем картасын рәсімдемек болады. Бұған қуана келіскен банк қызметкері артынша базаны тексерісімен түсін суытып сала берген.

"Банк төлем картасын ашудан бас тартты. Себебі 2019 жыл үшін көлік салығы бойынша берешегіңіз бар екенін айтқан. Мен бұған сене алмадым. Адал салық төлеуші ретінде жыл сайын барлық салықты дер кезінде төлеп тұрамын. Көлігім үшін де салық ақшасын 2019 жылғы 31 желтоқсанда Ақмола облысының Целиноград ауданының Мемкірістер басқармасына аударғанмын. Мән-жайын анықтасам, бұл берешекті маған Нұр-Сұлтанның Байқоңыр ауданының Мемкірістер бөлімі жазып жатқанын білдім. Елорданың бұл ауданына мен тек биылғы наурызда ғана тіркеуге тұрғанмын. Ақыры Мемкірістер департаментінің сенім телефонына қоңыраулату нәтижесінде оның мамандары проблеманы шешуге көмектесті. Яғни, төленген салығым облыстың Целиноград ауданының Мемкірістер басқармасынан елорданың Байқоңыр ауданының Мемкірістер бөліміне аударылды", – дейді Тамерлан Темірұлы.

Басқаша айтқанда, бір мекемеге – Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитетіне бағынышты шенеуніктердің бір-бірімен үйлесімді, келісімді жұмыс істемеуінің кесірі қарапайым адамдарға тиюде.

"Қызығы сол, елорданың Байқоңыр ауданының Мемкірістер бөлімі менің төлеп қойылған салығым үшін "төленбеген" деп өсімпұл-пеня есептеп қойыпты. Сомасы үлкен емес: 156,03 теңге. Әйтсе де, соның өзі биліктің менің банк операцияларыма тосқауыл қоюына жеткілікті болған. Маған банк картасын шұғыл ашу керек болғандықтан, амалсыз әлгі өсімпұлды бюджетке төледім. Әрине, көңілде көп сұрақ пен қынжылыс қалды: не себепті мемлекет шенеуніктер қателігі үшін адал салық төлеушіні жазалап, қосымша шығындалуға мәжбүрлейді? Егер бір органның өз ішінде кері байланыс жолға қойылмаса, қаншама заң қабылданғанымен билік халықтың ішкі көші-қонын және тіркелуін лайықты қадағалай алмаса, бұған мен айыпты емеспін ғой!" – дейді Тамерлан Шиганов.

Салықшылардың берешек қордаланып жатқаны туралы елді құлағдар ету ісі де ақсап жатыр. Азаматтың банкке жүгінгені жақсы болған. Әйтпесе, заңсыз берешек пен оның өсімпұлы ары қарай өсе беретін еді де, ақыры кезекті "Берешек" операциясы кезінде полицейлер ол адамды ұстап алып, машинасын айыппұл тұрағына алып кететін еді.

Сорақысы сол, салықшылардың бұл азаматты "қудалауы" бір бұл емес екен. Өткен жылы ол банктегі депозитін шешпек болып, банкке барса, ойдан құрастырылған "берешегі" алдынан шығып, бетін қайтарған. Сөйтсе, астананың Алматы ауданы бойынша Мемкірістер бөлімі оның мойнына көлік салығына қатысты өсімпұл іліп қойыпты. Мәселе ұзақ тайталастан және өсімпұлды төлегеннен кейін шешілді. Жылда осылай қудалай берсе, жүйкеден не қалады?!

Бірақ жалғыз ол емес. А.Айсариева да Мемкірістер органына өкпелі.

"Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараты мен Егов порталының ақпараты өзара сәйкеспейді. Таяуда маған портал арқылы осы органнан көлік салығын төлемегенім туралы хабарлама келді. Ол портал арқылы төленген. Кейін білгенімдей, мекенжайымды өзгертіп, елорданың Алматы ауданынан Байқоңыр ауданына көшкенімде салықшылар жеке шотымды өзгертпепті. Салдарынан төлемім екі ортада ілініп қалған. Мәселенің анық-қанығын біліп, шешу үшін орасан күш-жігер жұмсауға тура келді. Мұндай "безобразие" қайталана бермеуі үшін жоғарыдағылар батыл бір шешім қабылдауы керектей", – дейді Айша Айсариева.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу