Ұлттық банктің дерегінше, осыдан 20 жыл бұрын, 2005 жылы республикада жеке тұлғалардың салымдары үшін ұсынатын банктердің ең жоғарғы ставкасы – 9,9% болыпты.
10 жыл бұрын, 2015 жылы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының директорлар кеңесінің шешімімен (№7-ші хаттама), екінші деңгейлі банктерге жеке тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін сыйақының ең жоғарғы ставкасын жылдық 14%-дан асыруға тыйым салынды.
Ал, қазіргі кезде екінші деңгейдегі бірнеше банк депозит бойынша ең жоғарғы ставканы 18,5%-ға дейін көтерді.
Комбанктердің біріндегі "депозит есептегішке" салып, есептегенде келесідей қызықты сан шығады: мысалы, 20 миллион теңге (қор тарапынан кепілдендірілетін ең жоғарғы сома) жинағын 18,5%-дық депозитке салған азамат 1 жыл ішінде одан 3 миллион 700 мың теңге сыйақы алады.
Яғни, салымына банктің төлейтін пайыздық сыйақысы осы. Басқаша айтқанда, ол азамат еш жерде істемей-ақ, диванда жатып осынша табыс таба алады. Ол ұйықтап жатқанда, қалтасына теңге сыңғырлап, өзінен өзі түсіп жатады. Ол табыс табуы үшін, оның қаражаты жұмыс істеуі үшін банкирлер терлеп жұмыс істейтін болады.
Бұл тек басы ғана болса керек, себебі, биылдан бастап, аталған қор банктердің ең жоғарғы сыйақысын шектеуді жойды.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) дерегінше, осыны пайдаланып, банктер депозиттер бойынша ставкаларды көтеруді жалғастыруда. Алда 19-20% межесі менмұндалайды.
Сыйақылар негізінен мерзімді емес және жинақтаушы депозиттер сегментінде өсті.
"ҚДКҚ мұны Ұлттық банктің төл ақша-кредиттік саясатын депозиттік нарыққа трансмиссиялауын жалғастыруымен түсіндіреді. Бұған қоса, ҚДКҚ 2025 жылғы наурыздан бастап, капиталдандырылуы жақсыдан төмен банктер үшін ставкалардың жоғарғы межесін директивті белгілеуден бас тартып, нарықтық реттеуге көшті. Бұл бетбұрыс та банктердің ставкаларды саналы көтеруіне септесті", – деп себебін түсіндірді қор мамандары.
Сыйақы мөлшерлемесінің ең көп артуы мерзімді емес депозиттер сегментіне тиесілі болды: бірден 6 банк депозиттер бойынша сыйақы пайыздарын қайта қарап, көтерді.
"Нәтижесінде, егер 2025 жылғы наурызда орташа ставка 14,7% болса, 2025 жылғы сәуірде бұл көрсеткіш 15,1%-дан асты. Мерзімді емес депозиттер бойынша ең жоғарғы ставка 15,7% деңгейінде сақталды", – деп атап өтті қордағылар.
Негізінен халық арасында танымал мерзімді депозиттер сегментінде банктер ең жоғарғы межені 18,5%-ға дейін жеткізді. Жинақтаушы салымдарда да мұндай ізгі өзгерісті байқауға болады.
"Жинақтаушы депозиттер бойынша банктер әрдайым ең жоғарғы, бәсекелі ставкаларды ұсынады. Соған қарамастан, тіпті бұл бағытта да 3 банк өз ставкаларын 0,1–1 пайыздық пункт аралығында тағы көтерді. Бұл – 3 және 6 айға, қысқамерзімге ашылатын депозиттерге қатысты. Ұзағырақ мерзімде, 12 айға 1 банк қана сыйақысын керісінше, 0,6 пайыздық пунктке төмендетті", – деп хабарлады кепілдік беру қоры.
Бұдан бөлек, пайыздық сыйақылардың көтерілуіне Ұлттық банк те серпін беруде. Биылғы 7 наурызда ҚРҰБ базалық ставканы 15,25%-дан 16,5%-ға дейін күрт көтеріп жіберді. Әрі қарай оны төмендететін сыңай танытпайды. 11 сәуірде базалық ставканы 16,5% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.
Сарапшылар елдегі қаржылық, экономикалық ахуалдың ары қарай нашарлауына байланысты бұл көрсеткіш алда көтерілуі мүмкін деп болжайды.
Ұлттық банк базалық ставка бойынша келесі шешімді 2 айдан соң, 2025 жылғы маусымда қабылдауды жоспарлап отыр. Егер сонда ол шынымен көтерсе, депозиттер бойынша сыйақылар да әрі қарай аспанға "ұшып", жинағы бар қазақстандықтардың үстінен ақшадан "шұға" жауады, астатөк табыстың астында қалдырады.
Осының аясында банктер пайыздық сыйақысын арттыруды жалғастыруда:
- 6 банк – мерзімді емес депозиттер бойынша,
- 1 банк – толықтыру құқығын бере отырып мерзімді депозиттер бойынша,
- 2 банк – толықтыру құқығын бере отырып жинақтаушы депозиттер бойынша,
- 2 банк – толықтыру құқығынсыз жинақтаушы депозиттер бойынша ставканы көтерді.
Осылайша, сәуір қорытындысында 11 банк клиент тарту таласына білек сыбана кірді. Оның алдында, наурыз айында 9 банк клиент үшін күрес көрігін қыздырған болатын.
Депозитінің сыйақысын ең жоғарғы межеге жеткізгендер келесілер:
- Freedom (Капитал депозиті) – СЖТМ 18,6%,
- Home Credit Bank (Акциялық жинақтаушы депозиті) – СЖТМ 18,5%,
- Altyn (Резерв) – СЖТМ 18,5%,
- РБК (SAFE) – СЖТМ 18,3%,
- Еуразиялық банк (TURBO Deposit Жинақтаушы) – СЖТМ 18,2%,
- Halyk Bank (Барынша жоғары – Максимальный) – СЖТМ 18%,
- Kaspi.kz (жаңа жинақтаушы депозит) – СЖТМ 18%,
- Bereke банкі (жаңа клиенттеріне ғана арналған "Салем" депозиті) – СЖТМ 18%.
Қалған банктер депозит бойынша сыйақыларын 16-17,8% аралығындағы межелерге дейін көтерді.
Ескерте кететін жайт, бұл жарияланым жарнама болып табылмайды және оқырманды ақпараттандыру мақсатын ғана көздейді. Сондықтан әрбір банктің депозит бойынша өзінің пайыздық мөлшерлемелерін және басқа шарттарын қалай өзгерткенін оның ресми сайтына кіріп, не банктің байланыс орталығына хабарласып, білген жөн.