Қазақстанға келген ресейліктер саны 2 есе артты – ІІМ

Жыл басынан бері 1 млн 700 мың көрші ел азаматы келген. 

Қазақстанға келген ресейліктер саны 2 есе артты – ІІМ

Бұл туралы онлайн брифингте ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асылан Аталықов мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

"Ресей Федерациясы азаматтарының иммиграциясына тоқтала отырып, мен келесі талдауларды атап өткім келеді. Пандемия болмаған 2019 жылы Қазақстанға 2 млн 875 мың ресейлік келген. Яғни ол кезде елімізге 3 млн-ға жуық адам кірді. Ал биыл, айтып өткенімдей, жыл басынан бері – 1 млн 700 мың, яғни әлдеқайда аз. Дегенмен Ресей билігінің соңғы шешімдерінен кейін өткен аптадан бері Ресей Федерациясынан көптеген бағыттар бойынша, оның ішінде Қазақстанға да келушілерлегі көбейген. Азаматтар мұның барлығын жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден көріп отыр", – дейді спикер.

Оның айтуынша биылғы жылдың 21 қыркүйегіне дейін Қазақстанға 9-12 мыңға жуық ресейлік келіп-кетсе, 22 қыркүйектен бастап келушілер саны екі-үш есе артқан. 

"Сондықтан Ресей Федерациясының шекарасында кептелістер пайда болды. Бұл жерде қазақстандықтардың мүддесін атап өту маңызды. Күн сайын 40 мыңға жуық және одан да көп азаматтарымыз Қазақстаннан шығады. Оның ішінде 15-17 мың қазақстандық Ресей Федерациясына туыстары бар, балалары оқиды, ата-анасы тұрады, кәсіппен айналысады және т.б. жағдайлармен барады. Яғни, олар қайтып оралған кезде, өкінішке орай, шекарадағы кезекке тап болады", – деп түсіндірді Аыслан Аталықов.

Спикер Қазақстан мен Ресей арасындағы құрлықтағы шекараның ұзындығы 7 591 шақырымды құрайтынын және бұл әлемдегі құрлықтағы ең ұзын шекара екенін еске салды.

Еске сала кетсек, 21 қыркүйек Ресей Президенті ішінара мобилизация туралы құжатқа қол қойды. Содан бастап көрші ел азаматтары елімізге ағыла бастады. Нәтижесінде шекаралық және Алматы сынды ірі мегаполистерде жалдамалы пәтер бағасы қымбаттады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу