"Қазақстанның 75 мың азаматы Түркияда жүр": ҚР СІМ соңғы мәліметтерді жариялады

1324

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркия мен Сириядағы зілзалаға байланысты бүгін баспасөз мәслихатын өткізіп, кейінгі жаңалықтарды айтты. 

"Қазақстанның 75 мың азаматы Түркияда жүр": ҚР СІМ соңғы мәліметтерді жариялады Фото: Anadolu Agency

Зілзаладан әртүрлі мәлімет бойынша 4 мыңнан аса адам қаза тауып, 20 мыңнан аса адам зардап шеккен, деп хабарлайды іnbusiness.kz.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер сағат санап өсіп жатыр

Кеше Түркия мен Сирияның бірқатар провинциясында қатты жер сілкінісі болып, салдарынан ғимараттар қираған еді. 

"Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады әрі зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді", - деді Айбек Смадияров.

Соңғы мәлімет бойынша Түркиядағы жер сілкінісі Қаһарман, Мараш, Газиантеп, Османия, Диарбакир, Шанулуурфа провинцияларында болған. Әртүрлі мәлімет бойынша 4 мыңнан аса адам қаза тауып, 20 мыңнан аса адам зардап шеккен.

Табиғи апат 13,5 млн тұрғыны бар 10 провинцияға кері әсерін тигізген. 

"Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны сағат сайын өсіп жатыр. Сирияда кем деген 1,5 мың адам қаза тапты. Алеппо, Идлип, Латакия және Хама провинцияларында көптеген адам қираған ғимараттың астында қалды", - дейді Айбек Смадияров.

Қазақстан азаматтарының жағдайы жайлы...

ҚР СІМ ресми өкілі өз сөзінде қазір Түркиядағы дипломаттарымыз осы елдегі Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. Студенттер арасында тиісті хабарлама таратылған. Қазіргі таңда Қазақстанның 75 мың азаматы Түркияда жүр.

"Біздің азаматтарымызға көмектесу үшін Мерсин және Кония қалаларындағы Қазақстанның құрметті консулдары жұмыс істеп жатыр. Мерсин қаласындағы құрметті консул қонақүйдегі Қазақстанның 25 азаматын оның ішінде 19 студентті панамен қамтамасыз етті. Бүгін осы 19 студент құрметті консулдың  ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді. Бүгін олар кешке Анкара – Астана рейсімен Қазақстанға қайтады. Сондай-ақ Кония қаласындағы Құрметті консул 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстанбұлға жеткізуге көмектесті", - дейді ол.

Оның мәліметінше, Аданада да қазақстандық студенттер Ыстамбұлға жеткізілген.

"Сондай-ақ, Конья қаласындағы құрметті консул 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстамбұлға жетуге жәрдем көрсетті. Айта кететін жайт, Түркиядағы дипломаттарымыз Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста", - деді Айбек Смадияров.

Түркиядағы 16 қазақстандық елге қайтады

Қазақстан құтқарушыларын апарған бортпен Түркиядағы 16 қазақстандық пен 2 Қырғыз республикасының азаматы Астанаға жеткізіледі. 

"Осы бортпен елге қайтуға ниет білдірген кейбір азаматтарымызды Қазақстанға әкелу жоспарлануда. Атап айтқанда сағат 15.00-дегі жағдай бойынша, 18 адам елге қайтуға ниет білдірді. Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы бар.  Аталған борт Астанаға келеді деп күтілуде. Ұшу уақыты қосымша хабарланады", - деді Айбек Смадияров.

Түркияға қалай көмектесуге болады

Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, Түркияға көмек бергісі келіп жатқандар барын атап өтті. 

"Ол кісілерге айтарымыз: аталған мәселе бойынша Түркияның Қазақстандағы елшілігіне хабарласқан жөн болады. Олар бұл жұмысты ұйымдастырып жатыр", - дейді ол.

Жоғарыда айтылғанға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарланды. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыстары көмек сұрай алады. Бұдан басқа, жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыстары қосымша жарияланады.

Барлық келіп түскен ақпарат міндетті түрде қосымша тексеріледі. Жер сілкінісі аймақтарындағы гуманитарлық апатты ескере отырып, іздеу-құтқару жұмыстары біраз уақыт алады. Түркиядағы азаматтарымыз туралы қандай да бір ақпараты болса немесе туыстары байланысқа шықпаса, дереу Сыртқы істер министрлігіне жоғарыда көрсетілген нөмірге немесе Түркиядағы дипломаттарымызға хабарлауды сұраймыз.

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні Түркияның оңтүстік-шығысында болған екі күшті жер сілкінісі болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу