Президент еліміздің болашақ тұрғындарына хат жазды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4833

Бұл оқиға "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" он жылдық мерейтойына арналған салтанатты рәсімде орын алды.

Президент еліміздің болашақ тұрғындарына хат жазды Фото: akorda.kz

Назарбаев университетінде ұйымдастырылған "Ұлы дала мұрагерлері" атты оқушылар мен ұстаздар құрылтайында шәкірттер мемлекет басшысына "уақыт капсуласын" ұсынып, оның ішіне салу үшін 2068 жылы "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" табалдырығын аттайтын жас ұрпаққа хат жазып беруді өтінді. 

Нұрсұлтан Назарбаев еш ойланбастан, қаламсабын алып, арнайы дайындалған қағазға келешектегі қазақстандықтарға үндеуін түсірді. Ізінше онда не жазылғанын да өзі оқып берді.

"Бұл хат 2068 жылғы оқушыларға арналады. Сіздер бұл кезде жастық дәуренді бастан кешудесіздер. Сіздердің бұл замандарыңыз жаңа технологияларға құрылған, адамдар 100-120 жылдап өмір сүреді", – деп қысқаша таныстырған елбасы қазіргі жастар да, Алла жазса, ол кезде сол хатты ашып, мазмұнымен таныса алатынын атап өтті. Өйткені арада елу жыл бар.  

Сонымен бірге Қазақстан президенті бұл хатты оқи алудың бір шарт-талабын да қоса айтты:

"Сіздер бұл хатты міндетті түрде сақтаңыздар. Қараңыздар, біреу алып кетпесін!" – деп әзілдей нұсқады Нұрсұлтан Назарбаев, болашаққа арнаған тілегі құты-капсулаға салынғаннан кейін.

Әрине, елу жылда ел жаңа. Осы уақыт бойында Қазақстан озық елдермен үзеңгілес дамымаса, өркениет көшінің соңында, даму даңғылының жиегінде қалып қояды. Бұл ретте аға ұрпақ елді тәуелсіздікке жеткізсе, енді оны ілгері сүйрейтін жас ұрпақ болады. Ал оларға өзге елдермен ғана емес, роботтармен де қатаң бәсекелесуге тура келмек.

Индустрия 4.0, "ауқымды деректер", жасанды интеллект және робототехника сияқты цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жұмыспен қамту саласына түбегейлі өзгерістер әкеледі. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға дейін шамамен жұмыс орындарының 4%-ы немесе 140 млн-ы жойылып кетуі мүмкін. Ал 80-90%-ы немесе шамамен 3 миллиард жұмыс орны күрделене түспек.

Бұл жаңарулар бизнес пен өндірістің бейнесін де адам танымастай өзгертеді.

"Бізге экономика дамуының оң үрдісін сақтап қалу және дамудың жаңа бағыттарын анықтау өте қажет. Цифрландыру жаппай белең алуда, ол біздің елге де дендей енді. Осыған орай "Цифрлық Қазақстан" атты арнаулы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, белсенді іске асыруға кірістік. Қазір бизнес цифрлық технологиялармен жұмыс жасай алатын жаңа тұрпатты мамандарды талап етеді. Бұдан бөлек, биоинженерия, роботтандыру алға озуда. Сондықтан біз сіздерді мектеп партасынан бастап, сол өзгерістерге дайындауға тиіспіз!" – деді президент.

Ол қазақстандық оқушылардың білім ордасы қабырғасында жүріп, өз істерін ашуы, стартап жобаларын жүзеге асыруы, цифрландыру және жаңа технологиялар салалаларындағы мүмкіндіктерін паш етуі қатты сүйсінтетінін жеткізді.

"Алдағы 10-15 жыл үдерінде жасанды интеллект, автоматтандыру сіз бен біздің өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналады. Қазір тек Азияда ғана 5 миллион бала роботты техниканы терең игеруде. Тағы 15 миллион жас өскін ІТ-технологияларды зерттеуде. Олар болашаққа табысты дайындалуда. Өйткені жасанды зерде мен роботтар қазіргі жүздеген кәсіптерді жойып, оның мамандарын алмастырады", – деген елбасы бұл жаһандық аламанда қазақ елінің шаң қауып, артта қалуына құқығы жоқ екенін нықтады.

"Жаңа технологияларды ілгерілетуіміз керек. Әлем күн сайын жетілуде. Ұдайы тың өнертабыстар пайда болуда. Ал біз болсақ, оларды қадағалап үлгермей жатырмыз. Әрбір үш-бес жылда жаңа кәсіп түрлері туындайды. Сарапшылар байламынша, 2030 жылға қарай компьютерлер 400-500 миллион жұмысшыны алмастырады, 275 миллион адам өз кәсіптерін ауыстырып, жаңа дағдыларды меңгеруге мәжбүр болады. Сіздер көліктер көшелер үстімен ұшатын, ғарышқа жеке меншік ғарыш кемелерімен саяхаттайтын әлемде өмір сүретін боласыздар. Демек, сол қайнаған өмірдің ортасынан табылу үшін қазірден қапы қалмай, даярланып, заманауи технологияларға машықтана беріңіздер!" – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, мемлекет басшысы бір құпия сырдың шетін ашып, роботтардың да қолынан не келмеуі мүмкіндігін айтты. Бірақ бұл артықшылықты пайдалану үшін қазақтар байырғы бабалардан келе жатқан шешен сөйлеу өнерінен айырылып қалмауы керек.

"Эмоционалды интеллект – тұлғаның бәсекеге қабілеттілігінің ең бір маңызды қасиеті. Жасанды интеллект барлық жерде адамды ауыстырады деп айтамыз. Бірақ шынайы адами сезімді, эмоцияларды ешқандай машина алмастыра алмайды. Көшіруі ықтимал, бірақ ол бәрібір шынайы болмайды. Біз, адамдар, өзгені сендіре білу, сөзбен жығу, аяушылық білдіру, жұбату, басқаны тыңдай білу, тағат-төзім таныту қабілеттерімен айырылып қалмауға тиіспіз. Бар жерде машина жайлаған ғасырларда бұлар тіпті ең үздік техникалық мамандар машығына қарағанда, анағұрлым көп сұранысқа ие болмақ. Адамдардың басын біріктіре білу, өз соңынан ерте алу болашақтағы еңбек нарығында айрықша құндылыққа айналады", – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу