Қазақстан қалалары бір-бірімен байланысын жоғалта бастады

2851

Елімізде ішкі авиақатынастың тоқырауы азаматтарды алаңдатып отыр, деп хабарлады Inbusiness.kz. 

Қазақстан қалалары бір-бірімен байланысын жоғалта бастады Фото: inbusiness.kz

Кез келген елде ішкі туризмді дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықты бағыттарының бірі саналады. Егер сырттан саяхатшыларды тарту бірінші кезекте ел имиджі мен тартымдылығын арттыруға қызмет етсе, ал ішкі туризм халықтың өз билігін қолдауына, патриотизмінің артуына ықпал етеді.

Мысалы, Америка тұрғындарының көбі шетелге шықпайды, өмір бойы 50 штаттың бірінде демалады. Себебі басқасын айтпағанда, қалалар мен курорттар арасындағы ішкі авиарейстер арзан тұрады. Шетелдік тревел блогерлер 25-50 долларға ұшуға болатынын әңгімелейді.

Түркияда да ел ішіндегі рейстерге авиабилеттер арзан. Мысалы, Turkish Airlines компаниясының "үйдегі ұшуларға" (шамамен 30 қала) маманданған еншілес кәсіпорны саналатын AnadoluJet-пен қазір Анталиядан Стамбулға сапараласаңыз, бұл 940 лирге (19 мың теңгеге) түседі. Onur Air-мен саяхаттасаңыз, одан да арзан: 219 лира (4,4 мың теңге) тұрады.

Skytrax нұсқасы бойындша Үндістан, Жапония, Малайзия, Вьетнам, Филиппин және басқа елдерде ең үздік лоукостер атанған Air Asia жаппай сатылым кезінде билеттерді 2-4 еуродан саудалайды.

Мұның бәрі қазақстандықтар үшін арман ғана.

Қазақстанда биылғы 15 қыркүйекте FlyArystan билеттерінің жаппай сатылымын ұйымдастырды.

"Бүгін 13:00-ден 23:59-ге дейін сатып аламыз. 2022 жылғы 1 қазан мен 2023 жылғы 28 ақпан аралығында саяхаттаймыз. Ішкі маршруттерге билет бағасы – 5 мың теңге, барлық халықаралық рейстерге – 25 000 теңге. Мектеп каникулдары мен мерекелер күндері кірмейді! Акциялық билеттер саны шектелген, демек асығыңыздар", – деп хабарланды Aviasales сайтында.

Бұл хабар елді дүрліктірді. Нәтижесінде, хабар жарияланған соң екі сағаттай өткенде, акциялық билеттер таусылып қалғаны айтылды. Итке сүйек тастап, таластырғандай мазақ іс болды. Ал өркениетті елдерде мұндай бағаларды жел он екі ай, ұдайы табуға болады. Осыдан-ақ азаматтық авиация саласының дертті екенін, дамуында олқылық көп екенін аңғаруға болады.

Осы саланың кемшіліктері ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Мысалы, Қазақстанның қалалары әуе жолдары арқылы бір-бірімен нашар байланыстырылған. Оның орнына көрші Ресейдің өңірлерімен арада белсенді әуе қатынасы орнаған. Мысалы, Алакөлге ұшақ ұшпайды, ал РФ Краснодар өлкесінің курорттарына саяхаттауға жол ашық. Елорда тұрғыны Айман Хасанова биыл отбасымен өзіміздің жағажайда демалуға ұйғарады. Алысқа пойызбен сапарлауды жақтырмайды, аса ыңғайсыз. Содан ұшақпен жетудің жайын қарастырыпты.

"Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Ал қалаларымыз бен курорттарымыз арасында ұшақ ұша бермейді екен. Әуе қатынасы дұрыс жолға қойылмаған. Біз Алакөлде демалуды жоспарлағанбыз. Бірақ оған жету квестке бара-бар. Жөндеу жұмыстары көптен бері жалғасып жатқандықтан Үшарал әуежайы ұшақтарды қабылдамайтын көрінеді. Содан амалсыз Талдықорғанға билет алуға тура келді. Qazaq Аir-ден таңдаған күнге билетті сатып алдық. Жұбайым екеумізге және 2-18 жас аралығындағы 6 балаға біраз шығындалдық. Алайда ұшуға төрт күн қалғанда рейстен бас тартылғаны туралы смс-хабарлама келіп тұр. Осыдан кейін өз елімізде қалай демалуға болады? Курорттардың көбіне текелей ұшақ ұшпайды, рейстер доғара салынады. Бағалар ұшынып тұр, дәл бір ел ішінде тұрғындар алтын ұшақпен тасымалданатын сияқты", – дейді ол.

Батысқазақстандық қоғам белсендісі Марат Үмбетқалиевтың айтуынша, 2022 жылғы 1 қарашадан бастап, "Qazaq Air" әуекомпаниясы Орал – Атырау – Орал маршруты бойынша рейстерді тоқтатады.

"Салдарынан, осы екі қала арасында енді ешқандай авиақатынас болмайды. Өйткені бүгінде бұл бағытта не "FlyАrystan", не "Scat" ұшпайды. Бұл жайт шынымен алаңдаушылық туғызады. Елдің батысындағы облыстық маңызы бар екі ірі қаламыз арасында авиабайланыстың болмауын қалай түсінуге болады?", – деді ол.

Орал тұрғыны Арсен Ғабдуллин де бұл мәселе жұртшылықты мазалап отырғанын жеткізді. Ол сауалын ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Т.Ластаевқа жолдапты. Алайда комитеттегілер әзірге тым-тырыс отыр.

"Орал қаласы әуежайының ұлттық авиатасымалдаушылармен ықпалдастығы нашар. Проблема шешілетін емес. Бұған дейін Эйр Астана, Флай Арыстан Оралға ұшудан бас тартты. Таяуда Қазақ Эйр де Орал қаласына рейстерін доғармақ. Көптеген тұрғындар Орал – Атырау, Орал – Ақтау бағыттары бойынша рейстерді вахталық әдіспен жұмыс істеу үшін сапарлау мақсатында пайдаланып келді. Енді ол мүмкіндіктен де айырылмақ. Қазақ Эйр ұлттық авиакомпаниясының рейстерін тоқтатуы халық арасында әлеуметтік кернеу туғызуы мүмкін. Себебі Астана арқылы қайта отырып ұшу тиімсіз. Адамдар амалсыз, автокөлік пен автобустарды шабуылдайтын болады. Ал алдағы қыс маусымында бұл жағдай адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін", – деді Арсен.

Таяуда Inbusiness.kz Шымкент пен Өскемен қалалары арасындағы маңызды авиақатынас та тоқтатылғанын жазған болатын. Еліміздің осы екі ірі қаласы арасында қатынаған "Fly Arystan" негізінен орыстілділер шоғырланған, ресейлік империяшыл күштер көз сұғын қадаған Өскемен өлкесін қазақыландыруға да үлес қоса бастаған еді. Амал нешік, ол былтыр рейстерін тоқтатты және осы қос қала арасында қайта ұша бастауды жоспарлап отырған жоқ. Қынжылтатыны сол, Шымкенттен Өскеменге тікелей сапарлайтын автобустар да жоқ. Тіпті теміржол қатынасы да жолға қойылмаған.

Мұндай шағымдардың бәріне Азаматтық авиация комитетінің жауабы бір.

"Қазақстанда ішкі авиатасымалдар нарығы 2012 жылдан бері толығымен либерализацияланған, ырықтандырылған. Яғни Қазақстанда тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсаты бар қазақстандық авиакомпаниялар қай бағытта қанша көлемде рейс жасаймын десе де өзі шешеді. Ішкі маршруттарда қашан ұшатыны, рейстерден қашан бас тартатыны да солардың өз еркінде. Олар бұл ретте сұранысты басшылыққа алады", – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева. 

Ендеше өз қалаларымыз бен курорттарымыз арасында арзан бағаға ұшу, тіпті әуе жолымен қатынау қазақстандықтар үшін алыстап бара жатқан арманға ұқсайды. Авиациялық билік саланы басқармай, бассыз жіберді. Бетімен кеткен авиакомпаниялар ойына келгенін істейді. Ішкі нарыққа шетелдік авиакомпаниялар кіре қоймағандықтан бәсеке де жоқ, тұтынушыға таңдау да қалмай барады.

Осы орайда Cауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "SCAT әуекомпаниясы" АҚ-ына айыппұл салынғанын жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылы 19 қазанда Шымкент көлік прокуратурасының ұсынымына сәйкес, комитеттің Шымкент қаласындағы департаменті ірі кәсіпкерлік субъектісі саналатын "SCAT әуекомпаниясы" АҚ-ына қатысты тексеруін аяқтады. Тексеру барысында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 190-бабының 6-бөлігіне сәйкес құқықбұзушылықтар анықталды. Яғни авиакомпания тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап бұзған. Әшкереленген заңбұзушылық фактілері бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынғаны жөнінде қаулы шығарылды.

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңының 42-4-бабының 2-тармағы бойынша орындаушы тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. "SCAT әуекомпаниясы" АҚ-ына заңның осы көрсетілген талаптарын орындамағаны үшін 50 АЕК айыппұл салынды", – деп хабарлады тұтынушылар құқығын қорғауға жауапты комитет.

Бұл айыппұл 153 150 теңгеге тең. Компания оны бір билеттен-ақ өндіріп ала алады. Осыдан кейін әуе тасымалдаушыларға заңды сақтағаннан сақтамаған тиімдірек болып шығады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу