Қазақстанның қытайлық инвесторы неліктен АҚШ-тың "қара тізіміне" ілікті

4872

Қазақстанға қандай компанияның инвестор болып келіп жатқаны неге зерттелмейді? 

Қазақстанның қытайлық инвесторы неліктен АҚШ-тың "қара тізіміне" ілікті

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы өзіне қарасты уран қазатын "Орталық" компаниясының 49 пайызын Қытайдың CGNPC компаниясына сатып жатыр. Бұл жөнінде Іnbusiness.kz порталында өткен айда мақала жазылған еді. Осы материалда CGNPC компаниясы АҚШ Сауда министрлігінің "қара тізіміне" енгізілгені де көрсетілген. Бір қызығы, Қазақстанның уран саласына жетекшілік ететін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бұл жайтты білмейтін болып шықты. Министр CGNPC компаниясы не үшін АҚШ-та айыпталғанын, оның аға кеңесшісі Аллен Хо неліктен "қытайлық агент" ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғанынан мүлде хабарсыз екен...

Аллен Хо деген кім?

АҚШ-тың Әділет министрлігінің ресми сайтында осыдан 5 жыл бұрын мынадай мәлімет жарияланған.

2016 жылдың 14 сәуірінде Теннессидің Шығыс округінде АҚШ-тың азаматы әрі ядролық инженері Аллен Хоға (қытайлық есімі Szuhsiung Ho) айып тағылады. Ол жұмыс істейтін China Guangdong Nuclear Power Company деп аталған China General Nuclear Power (CGNPC) компаниясы және Energy Technology International (ETI) АҚШ Энергетка министрлігінің рұқсатынсыз АҚШ-тан тыс жерге арнайы ядролық материалдарды өндіруге және дамытуға заңсыз қатысып, қастандық жасады деген айып арқалаған. Аллен Хо АҚШ-та жүріп "шетелдік үкіметтің агенті ретінде әрекет етіп, қастандық жасады" деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Сол тұста бас прокурордың көмекшісі Джон П.Карлин айтқандай, Аллен Хо Қытай мемлекеттік атом энергетикалық компаниясының нұсқауы бойынша, АҚШ-тың ядролық энергетика саласында жұмыс істейтін мамандарға жүгінген. Оларды ядролық материалдарды әзірлеу мен өндіру барысында Қытайға көмек көрсетуге тартқан. 

"Тағылған айып пен кінәлілерді қамауға алу  – АҚШ-тың ядролық қоғамдастығы үшін маңызды сигнал. Өйткені шетелдік заңды тұлғалар біздің ақпаратты алғысы келеді", – деген еді сол кезде ФТБ директорының Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Майкл Штайнбах.

Аллен Хо CGNPC компаниясында аға кеңесші ретінде жұмыс істейтін ядролық инженер. Сонымен қатар ETI иесі әрі президенті болған. Қытайдың мемлекеттік активтерді бақылау және мемлекеттік кеңесті басқару жөніндегі комиссиясына тиесілі CGNPC компаниясы Қытайдағы ең ірі ядролық энергетикалық компания. Ол ядролық реакторларды өндірумен айналысады. ETI – Делавердегі корпорация, штаб-пәтері Хоның Уилмингтондағы үйінде орналасқан.

"1997 жылдан бастап 2016 жылдың сәуіріне дейін Хо, CGNPC және ETI басқалармен келісе отырып, Қытайда арнайы ядролық материалды әзірлеуге және өндіруге қатысқан. Олар АҚШ Энергетика министрінің арнайы рұқсатынсыз Қытайдың пайдасы үшін осындай әрекетке барды деп жазылған" Әділет министрлігінің мәлімдемесінде.

Хо Қытайдың агенті болып әрекет ету үшін басқа адамдармен келісімге отырған. 2009 жылдың қазан айында Хо жұмысқа алмақшы болған мамандарға "Қытайдың бұған арналған бюджеті бар" және "Қытай өзінің ядролық құрылғылар жүйесін өз бетінше дамытып, жоба аяқталғаннан кейін оларды өз бетінше жасай алуы үшін" көмек қажет екенін айтқан. АҚШ-тың мамандарымен хат алмасу барысында Хо CGNPC және Қытай ядролық энергетикалық технологиялар ғылыми-зерттеу институтының (CGNPC еншілес компаниясы) нұсқаулығы бойынша АҚШ-тан қажетті ақпарат алу тапсырылғанын және бұл әрекетті жасырын түрде жасау керектігін жазған.

АҚШ Сауда министрлігінің шешімі

Осы қылмыстық іс бойынша 2017 жылдың мамырында сот үкім шығарып, 66 жастағы Аллен Хо 2 жылға бостандығынан айырылады. Хо сонымен қатар 20 мың АҚШ долларын төлеуге міндетеледі. Бір жыл бойы жүргізілген қылмыстық істі тергеу барысында ол кінәсін мойындап, АҚШ-тан тыс арнайы ядролық материалдарды заңсыз өндіру және оны әзірлеу үшін келісім жасағанын айтқан.

"Біздің ядролық технологияларымызды шетелдік қарсыластарымыздың ұрлауы Федералды тергеулер бюросын алаңдатады. Біз әріптестерімізбен бірге шетелдік үкіметтің мүддесі үшін технологияларымызды ұрлауға тырысатындарға қарсы тергеуді агрессивті түрде жүргіземіз",– деген еді осы іске байланысты жауапты арнайы агент Макдермотт.

Осы істің ізімен АҚШ-тың Сауда министрдігі China General Nuclear Power Group (CGN) мен оның үш еншілес: China General Nuclear Power Corporation (CGNPC), China Nuclear Power Technology Research Institute Co. Ltd. және Suzhou Nuclear Power Research компанияларын "қара тізімге" енгізеді. Аталған компанияларға АҚШ-тың экспорттық әкімшілігі Ережелеріне сәйкес бақылауға жатқызылатын кез келген тауар мен технологияны беруге немесе экспорттауға қатаң тыйым салынады.

АҚШ-тың Сауда министрлігі қытайлық 4 компания америкалық жетекші ядролық технологияларды Қытайдың әскери мақсаттарына пайдалануын ұйымдастыруға немесе мүмкіндік беруге қатысқанымен түсіндірген.

Ноғаев жауабының нобайы

Осыдан екі күн бұрын ғана, яғни 30 маусымда Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар алаңында халық алдында есеп берді. Баспасөз мәслихатының сұрақ-жауап бөліміне келген кезде тілші Мадина Жатқанбаева министрге тосыннан сұрақ қойған болатын.

"АҚШ билігі "қара тізімге" енгізген қытайлық компанияға неліктен үлес (уран қазатын "Орталық" компаниясының 49%) беріп отырсыздар?", – деген еді әріптесіміз.

Бұл сұраққа келгенде Нұрлан Ноғаев "Мен оның (CGNPC компаниясының) АҚШ-тың "қара тізімінде" тұрғанын білмеймін" деп жауап берді.

Сонда сіздер қандай компанияға үлес беріп жатқандарыңызды білмейсіздер ме? Әріптесіміздің екінші қайтара қойған осы сұрағына министрдің аздап ашуланғаны көрініп тұр еді.

"Қазатомөнеркәсіппен қарым-қатынасқа түсуге қажетті талаптардың барлығы кезінде шешім қабылданғанға дейін тексерілді. Бұл компания инвестор ретінде сол талаптарға сай келді!", – деді Ноғаев бұл сұраққа оралғысы келмей.

Заң бойынша "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы мемлекет меншігінде болғандықтан, өзіне қарасты компанияларының бірінің үлесін шетелдіктерге сату келісімін мемлекеттік органдар мақұлдауы керек. Мақұлдайтын ведомствоның бірі – осы Нұрлан Ноғаев басқаратын Энергетика министрлігі.

Жалпы келісім аясында тараптар Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытының аумағында жылу бөлетін құрылғы өндірісін жүргізетін зауытты салуға келіскен. Осы шарт бойынша CGNPC "Үлбі ЖБҚ" зауытының өнімін сатып алуға кепілдік береді. Мұның есесіне "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы "Орталық" ӨК" ЖШС-ның 49 пайызын CGNPC компаниясына сатуға келіседі. Әлбетте, CGNPC компаниясы АҚШ-тың "қара тізіміне" енбей тұрып-ақ "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы онымен алғашқы келісімдерді ("Орталық" ЖШС-ға дейін де) жасасқаны белгілі. Әйтсе де уақыт өте келе басқа мемлекет "шетелдік агент" ұстағанын айыптап жатқан компаниямен серіктестікті одан ары нығайтып, "Қазатомөнеркәсіп" тәуекелге барып отырған жоқ па? АҚШ пен Қытайдың саудадағы бәсекесі саяси текетіреске айналып бара жатқан бүгінгі күні қытайлық компаниямен серіктескен "Қазатомөнеркәсіптің" өзі де күндердің күнінде белгілі бір шектеуге ілініп қалмай ма? Бұл тақырыптағы мақалалардың алдағы желісін осы сұрақтарға арнағалы отырмыз.

 Аян Өрібай, ағылшын тілінен аударған Табиғат Нұрболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу