Қазақстанның мақтанышы болған ірі кеніш алда жабылады

10687

Қаптаған жұмысшылардың бір мезгілде жұмыссыз қалатынына Үкімет дайын ба? 

Қазақстанның мақтанышы болған ірі кеніш алда жабылады

Тишин кеніші Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласынан оңтүстікке қарай, 15 шақырым жерде орналасқан. Кезінде осы шаһардың құрылып, қуаттануына ықпал еткен. "Өскемен-Риддер" автотрассасы соның аумағы арқылы өтеді.

Ол 1958 жылдың қазанында ашылып, игеріле бастады. 1962 жылы бай руданың алғашқы вагондары Ресейге жол тартты. Бодан ел ретінде Қазақстанға тек шаңы қалып келді. Тәуелсіздік жылдарында кеніш "Қазмырыш" (Kazzinc) компаниясына берілді.

Айтпақшы, ол бұрынғы биліктің бір мақтанышы болатын. Себебі жоғары деңгейде автоматтандырылған кеніш ретінде үлгі етілді. Тишин кеніші – негізгі тау-кен жұмыстары адамсыз, өздігінен жүретін шахталық машиналармен жүзеге асырылатын Қазақстандағы тұңғыш кеніш. 2002 жылдан бері шахталық суларды сыртқа сорып шығару, кенді көтеру, кен көтеруші құрылғыны және дозаторлық камераны басқару схемалары және басқа процестер толық автоматтандырылды, визуалдандырылды. 2005 жылдан бері кенді "Mettler Tolledo" құрылғысы сыртқа тасымалдайды, ол тіпті вагонеткалардың салмағын қозғалыс кезінде өлшеуге мүмкіндік береді. 2007 жылдан бері жер асты "үңгірлерін" торкрет-бетонмен нығайту өздігінен жүретін тау-шахталық машиналар кешеніне жүктелді. Бұл бір жағынан еңбек өнімділігін арттырды, екінші жағынан адамдардың басын бәйгеге тігуден құтқарды.

Жер бетіне шығарылған кен Байыту цехында тазартылады да, темір жол арқылы Риддер байыту фабрикасына жөнелтіледі.

Кеніште түйіршіктелген қожды ("граншлак", яғни өндіріс қалдықтарынан – қождан пайда болған материалды) ультраұсақ ұнтақтаудың жаңа әрі тиімді технологиясы игеріліп, өндіріске енгізілді. Граншлак – жол салуда пайдаланылатын аса құнды құрылыс материалы. Ол сондай-ақ минералды вата, пемза, силикат және блоктар өндірісінде кең пайдаланылады.

Әйткенмен, алып кен орнында көптеген маман жұмыс істейді. Бірақ қолмен бұрғылау 90%-ға дейін азайтылған.

Енді осы автоматикамен, роботтармен, пилотсыз жүретін машиналармен "мұздай қаруланған" кеніш келер жылы жабылып тынатын болды.

Жер астын ұңғылаған бұл кәсіпорын 1,4 миллион тоннаға дейін полиметал рудасын сыртқа шығарады. Оның құрамындағы мырыш орта есеппен – әр тоннада 5,3%, мыс және қорғасын – 1%. Осының өзі мысалы, елімізді оқ-дәрімен қамтуға жетер еді.

Ғалымдар Тишин кенішіндегі барланған және болжамды кен қоры өндірудің ағымдағы деңгейінде тағы 20 жылға жететін айтып жүр.

Жабылу себебі неде?

"Қазмырыш" тау-кен металлургиялық корпорациясы акциясының 69,7%-ына швейцариялық Glencore иелік етеді. Жаһандық бұл алпауыт әлемдегі табысы азайған өзге кендерін де жауып, оңтайландыру жүргізуде. Glencore өз есебінде Қазақстандағы Тишин руднигі 2023 жылы жабылатынын мәлімдеді.

Индустрия министрлігінің дерегінше, Тишин кенішіне қатысты Үкімет пен "Қазмырыш" арасындағы контракт 1997 жылдың мамырында бекітілді. Ал 2021 жылғы қарашада "Қазмырыш" Тишин және Риддер-Сокольный кен орындарындағы жер қойнауын пайдаланудан келген салдарларды жою жоспарларын халыққа жеткізу үшін қоғамдық тыңдау өткізіпті.

Тыңдау хаттамасында көрсетілгендей, жою жұмыстары "жер қойнауын пайдалану контрактісінің мерзімі біткенге дейін кем дегенде 2 жыл бұрын әзірленген жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі".

Glencore есебінде көрсетілгендей, "Қазмырыштың" мырыш өндірісі 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бірден 18%-ға, 23,6 мың тоннаға азайып кеткен. "Қазмырыштың" мырыш өндірісі 2019 жылы да 14%-ға немесе 28,7 мың тоннаға күрт кеміген еді. Осылайша, сол жылы жалпы көлемі 293 000 тонна мырыш өндіре алды. Бұл ретте Тишин кенішін игерудің жоспардағыдан баяу жүруіне "қауіпсіздікті сақтау" амалдары да ықпал еткен көрінеді. Риддердегі байыту өндірісіндегі механикалық ақау руданың зауыт алдында қоймаланып, қордаланып қалуына соқтырды.

Сарапшылар, кеніштің жабылуына өндірістің төмендеуі сыртында әлемдегі күрделі жағдай да ықпал етуі мүмкін деген болжам айтады.

"Қазмырыш" басқа кеніштерге күш-жігерін шоғырландыратынға ұқсайды: компания 2022-2024 жылдары ШҚО-дағы Долинное-Обручевский кен орындарында және Қарағанды облысындағы Жәйрем кенішінде мырыш өндірісін кеңейтуді жоспарлады. Айтпақшы, оның корпоративтік газетіндегі жарияланымдардан Тишин кенішінде Жәйремнен барған мамандар жұмыс істейтінін аңғаруға болады.

Мамандар енді қайда барады?

Кәсіпорын жабылғаннан кейін ел бюджеті тағы бір салық көзінен айырылатыны сөзсіз. Дегенмен жергілікті жұртшылықты алаңдататыны – "ұзақ жылдардан бері сонда жұмыс істеп келген білікті мамандардың, жұмысшылардың жағдайы не болады?" деген мәселе болса керек.

"Персоналға Риддер тау-кен байыту комбинатының істеп тұрған объектілерінде жұмыс ұсынылатын болады. Сондай-ақ перспективада Ново-Лениногор және Обручевский кенорындарын дамыту қарастырылуда", – деп түсініктеме берді "Қазмырыш".

Компания бүгінде персоналы нақты қанша адамнан тұратынын нақтыламады.

2015 жылы ақпарат құралдары Риддерде "Қазмырышқа" 10 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін жазған болатын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кеніш жабылса, нақты қанша мың адамның жұмыссыз қалатынын әзірге білмейді. Ондай ақпарат жабылардың алдында тапсырылуға тиіс екен. Ведомство жұмыссыз қалған адамдар жұмысты "Электронды еңбек биржасынан" іздей алатынын жеткізді.

"Онда барлық көздерден – жұмыспен қамту орталықтарынан, кәсіпорындардан, жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінен, персоналды іріктеумен айналысатын ұйымдардан вакансиялар туралы ақпарат жинақталған немесе олар өз бетінше жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңына сәйкес, компания алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы ол науқан басталғанға дейін кемінде 1 ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде немесе "Электрондық еңбек биржасы" мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы толыққанды ақпарат беруге тиіс", – деп мәлім етті министрлік.

Оның түсіндіруінше, биыл және келесі жылдары жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары 2025 жылға дейінгі "Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы" аясында қарастырылады.

"Ұлттық жобаның "кәсіпкерлер қажеттілігі үшін дағдыларды дамыту" бағыты аясында 2022 жылы Риддер қаласында 67 адам еңбек нарығында сұранысқа ие біліктіліктер бойынша кәсіби оқытылады. "Жұмыс орындарын субсидиялау" бағытында осы жылы Риддерде 318 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде "жастар тәжірибесі" – 34, "бірінші жұмыс орны" – 6, әлеуметтік жұмыс орындары – 20, қоғамдық жұмыстар – 233, "ұрпақтар контрактісі" – 2, "күміс жас" – 23. Ұлттық жоба аясында 2022 жылы Риддерде 54 грант беріледі", – деп мәлім етті Еңбек министрлігі.

Яғни мемлекеттен мыңдаған жұмыссыздар армиясына көмек болмайын деп тұр. Бұл жерде жұмыскерлерге "Қазмырыш" комбинатқа, өзге кен орындарына ауыстыру туралы уәдесінде тұрады деп үміттену ғана қалатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу