Қазақстанның омбудсмені қырғыздың Акыйкатчысына тең болмады

4683

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты көзбояушылыққа көп бейім секілді. Шағым-арызы бойынша мәнді нәтиже, пәрменді істің жоқтығын түсінген халық омбудсменнен теріс айнала бастаған ба? 

Қазақстанның омбудсмені қырғыздың Акыйкатчысына тең болмады

Билік омбудсменнің іс-қимылын тегеурінді, өзін мәртебелі ету үшін бәрін істеуде. Одан ақшаны да аяп жатқан жоқ. Өткен жылдың соңында, 29 желтоқсанда Парламент Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң қабылдап, оған Президент қол қойды. Заң омбудсменнің қызметіне "араласу" үшін жаза енгізді. Уәкіл иммунитетке де ие болды. Оны қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға тыйым салынды.

Сонымен бірге енді Әзімова басқаратын мекеме бюджеттен қаржыландырыла бастады. "Уәкілдің, оның өкілдерінің, сондай-ақ жұмыс органының қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады" деп жазылған заңда.

Салыстыру үшін айтсақ, балалар омбудсмені, бизнес омбудсмен лауазымдары – қоғамдық негізде қалды, яғни олардың жалақысы жоқ.

Адам омбудсмені мекемесі ел бюджетіне қаншаға түсетіні айтылмады. Заңда уәкілдің жалақысы "Үкімет мүшесінен төмен емес лауазымды адамдар", яғни министрлер деңгейінде болады деп бекітілген.

Заң жобалары Мәжілісте талқыланғанда омбудсмен Эльвира Әзімова үш мегаполисте және барлық облыста өзінің өкілдері тағайындалатынын және бұған қосымша 2,4 миллиард теңге бөлінетінін хабарлады. 

Жарайды, енді бұл институттың бүкіл шығынын, омбудсмен мен оның барлық өңірдегі өкілдерінің жалақысын, заңда айтылғандай, "медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ оның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету" шығындарын ел көтереді екен, онда бұл мекеме елге не еңбегін сіңіруде?

Бұл сауалға жауап іздеген жан алдымен адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми сайтына үңілері сөзсіз. Оның ресми интернет-ресурсынан белгілі болғандай, Әзімова ханым жұмыс күндерін қалпымен шетелдік кездесулермен өткізетіндей ой қалыптасады.

2022 жылғы 11 сәуірде Эльвира Әзімова Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогқа қатысты. 6 сәуір күні ол "Freedom Now" үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Марана Тернермен және ұйымның адам құқықтары мәселелерін ілгерілету жөніндегі директоры Мэтью Шаафпен кездесті. 2 сәуірде елордада өткен Әйелдер көшбасшылығы саммитіне барған. Оның алдында Еуроодақтың астанасы Брюссельден, 2 күндік сапардан оралған. Бұл институттың жаңалықтары осылай кілең кездесулермен тізбектеліп кете береді. Қызу қозғалыс бар, қайтарымы жоқ. Омбудсмен қаптаған кездесулерден елге не пайда, нендей нәтиже келгені туралы тіс жармады.

"Тергеуге араласып, кедергі жасай алмаймын"

Уәкіл жұмысының қорытындысы оның жылдық есебінде айтылған. Омбудсмен тек 2019 және 2020 жылдардағы есептерін ғана жариялады. 2021 жылғы есебі әлі күнге шыққан жоқ.

Негізі, пандемия жайлаған алдыңғы жылы елде халықтың құқығы ең көп бұзылғаны құпия емес. ДСМ мемлекеттік бас санитарды қолғапша ауыстырды, жаңа келгені жаңа қаулылар шығарды, олары бір-біріне қайшы келді. Бұл қазақстандықтардың жаппай жазалануына, айыппұл арқалауына, тіпті қамаққа алынуына соқтырды. Омбудсменнің өз әлеуетін жарқырата көрсетіп, биліктен әділдік пен құқықтың сақталуын ақыра талап ететін кезі осы еді. Бірақ омбудсмен көбіне "үндемеген үйдей бәледен құтылады" деген даналықты ұстанумен болды.

Адам омбудсменіне 2018 жылы 1 468 шағым (1 347-сі – жазбаша, 121-і – ауызша), 2019 жылы – 1 090 (1 008 және 82), 2020 жылы – 1 201 (1 154 және 47) шағым-өтініш келіп түскен. Яғни, халықтың жүгінуі көбею орнына жыл өткен сайын азайып кеткені байқалады.

"Үш жылдық кезеңде ауызша өтініштер санының төмендеу серпіні байқалатынын атап өткен жөн. Азаматтар жазбаша өтініштерді дұрыс көреді. 2020 жылы COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралу қаупіне байланысты карантиндік шектеулерді ескере отырып, сондай-ақ адамдар өз шағымдарын жібере алатын байланыс құралдарының кең спектрінің болуына байланысты ауызша өтініштер санының күрт төмендеуі заңды", – деп түсіндіреді ұйым өз есебінде.

Жасыратыны жоқ, ауызша өтініштер халықтың омбудсменмен кездесуінде айтылады. Әлгі "серпін" жұртшылықпен кездесудің азайып кеткенінен хабар беруі мүмкін. Ұйымның сайтынан көрінгендей, Әзімова ханым бұқара халықпен емес, шетелдік және отандық ресми тұлғалармен ресми кездесулерді көп өткізуге құмар көрінеді.

Әділін айту керек, 2022 жылдың басында омбудсменге ауыл-аймақты аралап, халық өкілдерімен кездесуге тура келді. Өйткені сөзін билікке жеткізе алмағанына, пікірінің еленбегеніне, құқықтарының аяқасты болғанына ашынған қазақстандықтар қаңтарда жаппай көшеге шықты. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін омбудсмен "қасіретті қаңтар" оқиғаларына қатысып, істі болғандармен жүздесті.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл таяуда Qazaq Radiosу-на берген сұхбатында сол кездесулерден не нәтиже шыққанын жеткізді.

"Омбудсмен заң бойынша тергеуге араласып, кедергі жасай алмайды, ондай мүмкіндігі жоқ. Тек қана адам құқықтарына қатысты мәселелерді көтереміз. Біз келіп түскен арыздар бойынша прокуратура, ІІМ бастықтарымен кездесіп, шағымданған әр азаматқа қатысты сұрақтарды қоямыз. Бірақ та тергеу амалдарының, қозғалған істердің құжаттарын біз көрмейміз. Сондықтан тек азаматтардың арыздарына, солардың ақпараттарына ғана сүйене аламыз", – деп қол жайды Эльвира Әзімова.

Эльвира Атырдан үлгі алса етті...

Бәрі салыстырудан байқалады ғой. Дамыған, озық елдерді айтпағанның өзінде, Әзімованың қырғыз әріптесінің біраз іс тындырып жүргенін біліп, тәнті болдық. Көрші Қырғызстанда омбудсмен "Акыйкатчы" (ақиқатты іздеуші) деп аталады. Акыйкатчы Атыр Абдрахматова тегеурінді іс-қимылдарымен қарапайым халықтың ақ батасын алып жүр. Мысалы, қырғыз омбудсменінің ресми сайтында "Биз жасай алдык.../Мы смогли.../We were able to…" деген айдар бар, содан ақиқатшының не бітіргенін, немен айналысып жүргенін нақты білуге болады.

Атап айтқанда, қырғыз омбудсмені өзіне жүгінген Ыстықкөл ауданының Бостері ауылы тұрғынының құқығын халықаралық деңгейде қорғап, оған тиесілі әлеуметтік жәрдемақыны Ресейден алғызып берген. Қырғызстан азаматы Ростов-на-Дону қаласындағы зауытта жұмыс істеп жүріп мертіккен. Комиссия оның еңбек қабілеттілігінің 30%-ынан айырылғанын анықтаған. Соның нәтижесінде әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Қырғыз  азаматы оны 2021 жылғы шілдеге дейін алған. Кейін төлем тоқтатылды. Омбудсмен жәрдемақының енді қайта төлене басталуына қол жеткізді.

Оның пәрмені тіпті әкімдерге жүреді екен. Оған шағымданған Ош облысының тұрғыны И.Ш. аудандық білім беру бөлімі меңгерушісінің бос лауазымына конкурстан 2 рет табысты өтеді. Алайда аудан әкімі түрлі сылтау айтып, оны бөлім меңгерушісі ретінде тағайындауға рұқсатын бермей қойған. Ақиқатшы Атыр Абдрахматова араласқаннан кейін әкім райынан қайтыпты.

Бізде бұрын оралман, қазір қандас деп аталатын санатқа қырғыздарда "кайрылман" деген атау берілген. Бір топ қайрылман Акыйкатчыға келіп, құзырлы органның әрнені айтып, Қырғызстан азаматтығын алуға құжаттарды қабылдаудан бас тартып жатқанына мұң шағады. Білек сыбана кіріскен омбудсмен мәселені шешіп берген.

Қырғыздың адам құқықтары жөніндегі уәкілі тіпті заңсыз сотталғандардың бостандыққа шығуына да қол жеткізген көрінеді. Акыйкатчы балиғатқа толмаған балалардың білім алу құқығын қорғаған, сот орындаушысын өз ісін лайықты орындауға иліктірген, бюрократиямен күресіп, елді сенделткен шенеуніктердің табанына тас қойған. Қарап тұрсаңыз, қырғыз омбудсменінің жетістіктері сан-салалы, жан-жақты әрі нақты. Оның үстіне мұның бәрі кейінгі айлардағы жұмысы ғана!

Қазақстан билігі болса, біздің омбудсменнің ресми мәртебесін ары қарай асқақтатып, құзыр-қоржынын жаңа өкілеттіктермен толтыруын жалғастыруда. Осы мақсатта Әділет министрлігі "ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" конституциялық заңының жобасын әзірледі. Құжат Парламент қарауына 2022 жылғы тамыз айының соңына дейін енгізілуге тиіс. Заң жобасының басты жаңалығы – омбудсмен Э. Әзімоваға кез келген Үкімет қаулысының, әкімдер шешімдерінің Ата заңға қайшы екенін айтып, оны қабылдаған тұлғаларды алда құрылатын Конституциялық сотқа сүйреуіне құқық береді.

"Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде жеке адамның құқықтарына нұқсан келтіретін құқықтық нормаларға, қолданыстағы құқықтың олқылықтары мен қайшылықтарына тап болады. Алайда уәкілдің қолданыстағы НҚА-лардың конституциялылығын тексеруге бастамашылық жасау құзыреті жоқ. Оған осындай өкілеттіктерді беру құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттырады және нормативтік құқықтық актілердің ел Конституциясына сәйкестігін қамтамасыз етуге ықпал етеді", – деп риясыз сенеді Әділет министрлігі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу