Ресейде тауық жұмыртқасының тапшылығы туындады

2746

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында дефицит тіпті ушықты. 

Ресейде тауық жұмыртқасының тапшылығы туындады Фото: canva.com

Солтүстік көршіде былтырғы жылдың күзінен бері тауық жұмыртқасының тапшылығы туындады. 

Қазіргі кезде Беларусь, Түркия, Әзербайжан, Қытай және өзге елдерден тасу арқылы Ресей нарығы біршама молығып, өнім бағасы шамалы арзандады. Бірақ бұл көршідегі кешенді проблеманы шеше алмайды. Сондықтан Ресей Қазақстаннан да жұмыртқа беруді сұрады.

Жалпы, жұмыртқа Қазақстанның өзінде де күрт қымбаттады: елде 30 данасы 2000 теңгеден асып жығылды. 2024 жылғы қаңтарда бұл өнім бағасының өсуі жалғасты. Соған қарамастан, Қазақстан Үкіметі көршінің қолын қақпауға ұйғарды.

Үкіметтің баспасөз қызметі бұл үшін Ресей қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойған тосқауылын жоюға, өзара саудадағы бекітілген шектеулерді алып тастауға дейін барғанын жеткізді. Нәтижесінде, РФ 2024 жылғы 15 қаңтарда Қазақстаннан мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге қойылған шектеулерін жойды.

"Қазақстандық өнімді экспорттаудағы кедергілерді жою жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізілуде. Бұл Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызды қадам! Қос ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді", – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Қатты қысылған Мәскеудің бұл көнгіштігі, қатаң шектеулерін жоюдағы иліккіштігі оны таршылықтан құтқара алмайды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан жылына әрі кетсе 5 миллиард жұмыртқа өндіреді. Оның бәрін дерлік қазақстандықтардың өздері жейді.

"Біз 20 миллион ғанамыз. Олар – 140 миллион. Көршіні асырау үшін қазіргі жұмыртқа өндірісін кем дегенде 7 есе арттыру керек. Бұл оңай емес. Екіншіден, Ресей бізбен қалай есептеседі? Олар бізге доллармен төлей ала ма? Алмайды, себебі, санкциялар РФ-қа халықаралық есепайырысуда долларды пайдалануына тыйым салған. Ресей рублмен төлейді. Бұл іс жүзінде конвертацияланбайтын валюта. Біздің құс фабрикаларына миллиардтап құйылған рублді өз биржамызға апарып, айырбастауға тура келмек. Қу қағаз рублді теңге мен долларға айырбастаған жөн бе? Онда біздің алтын-валюталық резервіміз тез таусылып қалады", – деп алаңдаушылық білдірді  журналистерге сұхбатында Ulagat Consulting Group консалтинг компаниясының директоры, қаржыгер Марат Қайырленов.

Қазақстанның өзі бұл өнімді көп шығармайтынын Ауыл шаруашылығы министрлігі жасырмады. Оның дерегінше, бір жыл ішінде, 2022 жылы Қазақстанда тауық жұмыртқасы өндірісінің көлемі 5 млрд 28,5 млн дананы ғана құрады. Бұл халық қажеттілігін 102% қамтыпты.

Ал 2023 жылдың 11 айында  небары 4 млрд 919,9 млн дана жұмыртқа шығарылды. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 2% аз. Былтыр соның 186,6 миллион данасы экспортталды: РФ – 2 млн 600 мың, Ауғанстан – 114 млн, Қырғызстан – 70 млн данасын сатып алды. Осы кезеңде Қазақстанның өзі шетелден 264,1 млн дана жұмыртқа импорттады.

Кейбір өңірлерде – Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Абай және Ұлытау облыстарында жұмыртқа бағытындағы бірде бір құс фабрикасы жоқ. Салдарынан олар да сырттан тасып жеуге мәжбүр.

АШМ құс фабрикаларын салуға қатысты 10 инвестжобаны іске асыру жоспарланып жатқанын мәлім етті. Алайда оның бәрі іске қосылғанның өзінде жұмыртқа өндірісі елде небары 802 млн данаға өседі.

Осы өткен аптада отандық және ресейлік ақпарат құралдары "Россия просит у Казахстана яйца" деген тақырыппен шыққанда, әлеуметтік желіде азаматтар: "Қазақтардан жұмыртқа сұрайтындай, орыстың өз жұмыртқасы қайда сонда?" деген заңды сауал қойды. Себебі, көрші бұрын бізден жұмыртқа сұрап қол жаймайтын.

Ресейлік сарапшылар бірнеше фактордың соған ықпал еткенін түсіндірді. Бұл факторларға келесілер жатқызылды:

  • Украинадағы соғысқа ер-азаматтар, соның ішінде құс фабрикаларының жұмысшылары, білікті кадрлар көптеп әкетілді, кадр тапшылығы туындады, бірқатар фабрика жабылып тынды.
  • Ресейдегі жұмыс күшінің тапшылығына елде қалған жұмыскерлердің табысы мол әскери-өнеркәсіптік кешендерге, яғни қару жасаушы зауыт-кәсіпорындарға жаппай кетуі қосылды. Салдарынан, құс фабрикаларына жұмысшыларды өзіне тарту үшін жалақыны күрт көтеруге тура келуде. Бұл әкімшілік шығысты арттырды.
  • Жұмыртқаны ең көп өндіретін өңірлердің бірі – ресейлік Белгород облысы Украинамен шекарада орналасқан. Онда РФ қорғаныс министрлігі әскери нысандарды қаптатты. Салдарынан, соғыс басталғалы облыс көп атқыланады. Біраз ауданында фабрикалар тоқтады, сала тоқырады.
  • Ресейде электр энергиясы, бензин, тауықтардың жемазығы және басқасының бағасы еселеп өсті.

Себептері мұнымен бітпейді. Іргедегі Челябі облысы – тауық жұмыртқасын өндіру жөнінен РФ өңірлерінің ондығына кіреді. Облыстың әлеуметтік желідегі фермерлік топтарында жұмыртқа өндірісінің шығыны қарқынды артып жатқанына шағым көп айтылады.

Өйткені негізінен шетелден тасылатын сапалы азықжем, витаминдер, ветеринарлық препараттар және басқасы айналма жолдармен тасылатындықтан, бағасы шарықтап кетіпті. Мәселен, сүйекті тартып жасалатын ұн (сүйек ұны) бағасы 2,5 есе қымбаттады. Алайда ресейлік фермерлер сол жоғары бағаға да сапалы жемазықты табу мұңға айналғанын жасырмады. Бірқатары Қазақстаннан арбалайды.

Сүйек ұны тауықтар, балапандар және бройлерлердің жеміне қосылады. Сонда қосымша ақуыз-белок жұмыртқа қабығының қаттылығын арттырады, тауықтар да жиірек жұмыртқалайтын көрінеді.

Жемазықтық бидайдың 30 келілік 1 қабының бағасы алдыңғы жылдардағы 350 рублден бүгінде 600 рублге дейін қымбаттады.

Ресейде электр қуатының, өзге де коммуналдық қызметтердің тарифтері жыл сайын жоғарылап жатыр.

"Мен құс өсіремін, сондықтан баға іс жүзінде нақты қаншаға өскенін жақсы білемін. Құстар жылуды жақсы көреді, жылу және электр энергиясының тарифі үнемі көтеріледі. Барлық шығындарды мұқият есептей келе, мен де бағаны көтеремін. Бүкіл шығынды ескерсек, жұмыртқаның ондығы үшін 100 рубль (шамамен 550 теңге) енді аз! Былтырдың өзінде 130 рублге дейін қымбаттаттық. Кейбір клиенттер бастапқыда шек тартып, бас тартты. Артынша кері оралды. Біз биыл тағы жоғарылатудамыз", – деді челябілік кәсіпкер Надежда Трошина.

10 дана жұмыртқа бағасын 200 рублге (1100 теңгедей) көтерген өндірушілер де бар.

"Бұрынғы жылдары сөрелер үнемі жұмыртқаға сықаса толып тұратын. Лезде босап қалды. Сонда барлық адам тек жалғыз жұмыртқамен тамақтана бастаған ба? Кейбір фабриканың тауықтарын құс тұмауы жайратып салуы мүмкін. Вакцина тапшы. Мемлекет құс басын жаңарту мәселесіне мән бермеді. Салдарынан, инкубациялық жұмыртқа, шібилер негізінен, шетелден импортталады. Менің өзім импортқа жүгінемін, ресейлік шаруашылықтардың өнімі сапа жөнінен олардан қатты қалып қойды", – деді "Новая газетаға" сұхбат берген Екатерина есімді ресейлік фермер.

"Федеральный сельсовет" қоғамдық қозғалысының төрағасы, оралдық фермер Василий Мельниченко ақпарат құралдарына сұхбаттарында Ресей билігінің жалтарма жауабын ашық сынап жүр.

"Жұмыртқа мен тауық еті – бұқараға қолжетімді ақуыздың ең арзаны еді. Қалтасы жұқа халық үнемі соны сатып алады. Құпиясы жоқ, "арнайы әскери операцияға" қатысушыларға мемлекет көп қаржы беруде, үш ауысыммен тәулік бойы жұмысқа кіріскен әскери зауыттар да ресейліктерге жоғарылау жалақы ұсынады. Қатардағы адамдар сол бұрынғыдай арзан ақуыз ретінде жұмыртқаны тұтынады, бірақ енді он емес, отыз бірлігін сатып ала алады. Сөйтіп, сұраныс та артты. Жұмыртқа өндірісі болса, өспеді. Егер халықтың ауқаты шынымен жаппай артқанда, онда олар ақуыздың қымбатырақ басқа түрлеріне, мысалы, етке көшетін еді", – деді В.Мельниченко.

Ресейлік "Чебаркульская птица" құс өндіруші кәсіпорнының бас директоры Дмитрий Пырсиковтың түсіндіруінше, жұмыртқа құны доллар бағамына қатты тәуелді. Себебі, құс фабрикаларына керектінің көбі – импорттық. Оның ірі кәсіпорындары ветпрепараттар мен дәрумендерді шетелден алғызады. Жұп-жұмыр бұл өнімнің қымбаттауына сондай-ақ дизелді отын, қаптама (гофротара), жемазық қоспалары, жабдықтар мен оларға қызмет көрсету құнының көтерілуі түрткі болыпты. Компания көбірек табыс табу үшін кадрларының Украинадағы соғысқа және әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарына кетуіне тосқауыл қою үшін құс фабрикаларындағы жалақыны 50% көтеріпті.

Сарапшылар қымбатшылық артында "алпауыт құс фабрикаларының өзара ымыраласып, жасанды тапшылық туғызуы" тұруы мүмкін деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу