Қазақтың болашақ атқамінері кім?

3237

Қазақ жастары дайындаған стартап жобалардың шетелге сатылып кетпей, Қазақстан атымен өндірілуіне бір кедергі бар. Ол – мамандардың жоқтығы.

Қазақтың болашақ атқамінері кім? Фото: Жанар Сердалина

Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен республикалық жастар форумына елдің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жастар қатысты.

Тұңғыш президент күніне орайластырып ұйымдастырылған мерекелік шарада сөз алған Елбасы қазақ жастарының бүгінгі бет-бейнесі мен болашағы жайлы сөз қозғады.

"Қашан да алдыңғы толқынның кейінгі ұрпаққа көңілі толмайтыны – өмір заңдылығы. Дегенмен, қазіргі жастарға мен жоғары баға берер едім. Қазақстанды алға сүйрейтін мықты ұрпақ өсіп келеді", – деген мемлекет басшысы әр саладағы жастардың алдында тұрған міндеттерді көрсетіп берді.

Елбасының айтуынша, бүгінде қазақ елінде бизнеспен айналысып, елдің дамуына үлес қосатын жастардың алтын буыны өсіп келеді. Жалпы, соңғы жылдары Үкіметтің жаппай кәсіпкерлікпен айналысу бағдарламалары аясында кәсіпкерлер палатасы мен "Даму" қоры арқылы кәсіпкерліктің жас буыны өсіп жетілгені жасырын емес.

Халықтың табыс табу үшін мемлекеттік қызметті емес, жекеменшік кәсіп ашу жолын таңдауы халық арасында кәсіпкерлік психологиясын оятқандай. Ал жас кәсіпкерді қолдау бағдарламасының қаншалықты тиімді орындалып жатқанын Елбасының өзі бүгінгі форумға қатысушылардан сұрап көрді.

Форумға қатысушы жастардан ғылыми жұмысты коммерциялауда қандай қиындық туатынын сұраған президентке отандық IT саласының өкілдері минстрліктен бастап, барлық жергілікті орган мен технологияны коммерциялау орталығының қолдауы жақсы екенін, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін айтып, жалпылама жауап берді.

Жалпы, кәсіпкерліктің де, жаңа технологиядағы стартап жобаларының да елде енді ғана танылып жатқанын ескерсек, бүгінгі жастарды осы саланы қалыптастырушы толқын ретінде қарауға болады. Шараға қатысқан Назарбаев университетінің студенттері мен түлектері ақпараттық технология саласында жаңалық ашып, оны коммерциялап, кәсіпке айналдыру үшін қаражатпен қатар жол көрсетуші азаматтар мен ұйымдардың да қажеттігін алға тартты.

Алматы қаласында ғаламтор дүкенін құруды көздеген стартап жобасының иесі Мейіржан Назымбекұлы бұл сала туралы мемлекеттік реттеуші тетіктердің біркелкі еместігін аайтты.

"Қағазбастылықтың кәсіпкер алдында кесе-көлденең тұратыны жасырын емес. Қазір кәсіпкерге қызмет көрсету орталықтары мен "бір терезенің" ашылғаны аз да болса қағаз жұмысын азайтты. Дегенмен, ондағы қызмет көрсетуші кеңесшілер де мәселені нақты шешудің жолын біле бермейді", – дейді стартап иесі.

Шарада сөз болған екінші мәселе – жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту жайы. Бұл туралы мемлекет басшысы өзінің еңбек жолын үлгі ете отырып, жұрттың бәрінің де кеңседе қағазбен жұмыс істеуіне мүмкіндік болмайтынын, экономиканы алға сүйреуші негізгі мамандардың жұмысшы азамат екенін айтты. Қостанай облысынан арнайы келіп шараға қатысқан жас шаруаларды жастарға үлгі еткен Елбасы бір кезде Қытай экономикасының дамуында малшылар мен егіншілердің сүбелі үлес қосқанын айтты.

"Ауылда жарты гектар жері мен бес-алты сиыры бар азаматты жұмыссыз деуге болмайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған о үшін қазір шағын несие беру тетіктері де қарастырылған", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ауылдың әл-ауқатын жақсарту үшін "Дипломмен ауылға" бағдарламасы да жастарды жұмыспен қамтып отырған жобаның бірі екенін айтпай кетуге болмас.

"Жобаны іске асырған сәттен бастап ауылдық жерге жалпы сомасы 9,3 млрд. теңге көтерме жәрдемақы алған 46 631 маман тартылса, 19 263 маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 43,6 млрд теңге бюджет несиесі берілген", – деп мәлімдеген болатын Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек.

Соның ішінде бағдарлама аясында бүгінге дейін білім беру саласына 33 400 түлек, денсаулық сақтауға 9 813, мәдениет саласына 1 289, спорт саласына 616, әлеуметтік қамсыздандыруға 403 және агроөнеркәсіп кешеніне – 1 110 түлек тартылған екен.

"2030 жылға қарай мемлекеттің әр деңгейлі қызметі мен жекеменшік секторда қызмет ететін атқамінердің бірсыпырасы 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Болашақ" бағдарламасының түлектері болмақ. Қазіргі таңда бағдарлама аясында 10 мыңнан астам азамат Қазақстанға оралып, әр салада еңбек етіп келеді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасымен оқитын әр жастың бір жылдық оқу ақысы 50-60 мың доллар.

Өз кезегінде "Болашақ" қауымдастығы өкілдері Елбасы алдына өз талап-тілектерін жайып салды.

"Қазіргі таңда Қазақстанда ақпараттық технология саласында стартап жобалар дайындап, әлемдік деңгейде сұраныс бар өнімдер жасайтын жастар көп. Бірақ, олардың жұмыстары экспортқа шығарылмай, Қазақстан атымен өндірілуі үшін бір кедергі бар. Ол – мамандардың жоқтығы. Қазақстанда осы IT саласында білікті мамандар жоқтың қасы", – дейді отандық IT мамандары.

Жалпы, төртінші өнеркәсіптік төңкеріс кезінде экономиканың барлық саласы терең өзгеріске ұшырады. Ауыл шаруашылығынан бастап ақпараттық технологиядағы барлық жұмыс жоғары технологияның игерілуін қажет етеді. 2050 жылы үздік отыздықтан көрінуді мақсат еткен Қазақстанда алдағы 30 жылда жұмыссыздық артуы мүмкін. Алдағы кезеңдегі жұмыссыздықтың алдын орау үшін отандық оқу орындарының кешегінің емес, тіпті бүгінгі күннің жаңалығын емес, келешекте қандай машықтар мен кәсіптердің қажет болатынын зерттеп, жас ұрпақты соған баулу керектігі айтылды.

Экономиканың тұрақты саласы ауыл шаруашылығы да, бүгінгі таңда әлемнің бет алған ғылыми-технологиялық жаңалықтарды коммерциялап, осы арқылы кәсіпкерлікке баулу үшін Қазақстанның өзіндік жобасы мен жоспарының бары байқалады. Нәтижесінің қандай болатынын алдағы жылдары көре жатармыз, ал 90-ыншы жылдары тұралап қалған жеңіл өнеркәсіпке жастардың мүлде қызықпайтыны көрінеді.

Мемлекет басшысы бұл саланың да әлеуетінің жоғары екенін айта келіп, қыз-келіншектерді тоқыма мен тігін өнерін қайта қолға алуға шақырды.

Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақ жастарының осындай бір идея мен бір мақсат аясында бірігуі үшін ортақ құндылықтардың да маңыздылығын атап көрсетті. Шараны қорытындылай келіп, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін өзге ұлт өкілдерін үлгі ете отырып, қазақ жастарын біріктіруші бірден-бір күштің қазақ тілі екенін тағы да еске салды.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу