Қазақтың жаңа әліпбиі қабылданды

48651

Президент қазақ тілінің әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды.

Қазақтың жаңа әліпбиі қабылданды

Елімізде латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Бүгін, 27 қазан күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тиісті жарлыққа қол қойды.

Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:1. Қоса беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасының үкіметі:Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын; қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін; осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдасын. 3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігіне жүктелсін. 4. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, – деп ҚР президентінің жарлығында жазылған деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Бұдан бір күн бұрын мемлекет басшысы президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдаған кезде латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өткен болатын.

"Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр", – деді президенті

Еске салар болсақ, қазақ тілінің латын әліпбиі жобасы 25 қыркүйек күні парламент мәжілісінде таныстырылған еді. Осыған байланысты параламент тыңдалымы ұйымдастырылып, оған барлық мүдделі тараптар қатысқан болатын. Отырысты ашқан төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин  латын әліпбиіне көшу мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек екендігін, бірақ та мұны іске асыру қарқынды жүретінін айтты. Оның айтуынша, латын әрпіне негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі бірнеше жыл бойына әзірленген. Енді қате жібермес үшін әр әріпті, әр белгіні және таңбаны терең сараптау қажет. 

"Еліміздің әрбір азаматы латын тіліне көшу – бұл әлемдік өркениетке қол жеткізудің басты жолы екенін білуге тиіс. Өйткені латын тілі – адамзатты дамытуда ең күшті тілдердің бірі. Бұл – ғылым мен техниканың, XXI  ғасырдағы интернет пен  IT-технологияның тілі, сондықтан осындай  жауапкершілікке біз үлкен дайындықпен келдік, көптеген жұмыс жасалды", – деді  Нұрлан Нығматулин.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын  тек біз ғана сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, Қазақстанды тілдік жаңғыртуды ілгерілетудің табысты үлгісі ете аламыз", – деп қосты спикер.

Жаңа қазақ әліпбиі қазіргі кириллицадағы 42 әріптің орнына латын әрпінің 25 таңбасымен таңбаланатын болады.

"Әліпбидің дәл қазіргі жобасын жасауда ең бірінші қазақ тілінің дыбыс жүйесі ескерілді. Нәтижесінде ұсынылып отырған әліпби 25 әріптен тұрады. Бұл бір әріп– бір дыбыс, бір әріп – екі дыбыс және бір дәйекше жүйесінің дыбысы. Қазақ тілінің дыбыс жүйесін толық қамтамасыз ету үшін әліпбиге сегіз дәйекше қосылды, бұл қазақтың төл дыбыстарын белгілейді", – деді Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Ербол Тілешов. 

Филология ғылымдарының докторы жаңа әліпбиге латын тілінің тек байырғы әріптері алынғанын айтты.

"Мобильді телефон, смартфондар және хат жазудың басқа құралдары бізге әртүрлі елден келеді, оларда да латын дыбысының тек  26 әрпі ғана қолданылады. Егер біз диакритикалық таңбаларды енгізетін болсақ, онда олардың жиі қолданылмауынан байырғы дыбыстарымызды, яғни төл дыбыстарымызды жоғалтып алуымыз мүмкін", – деп атап кетті Ербол Тілешов.  

Қазақстан латын әрпіне бірте-бірте көшетін болады. Вице-премьер Ерболат Досаев құжаттарды ауыстыру біртіндеп іске асатынын айтты. Қазір қолда бар құжаттар мерзімі біткенге дейін қолданылатын болады деп сендірді. Сондай-ақ ол барлық процесс латын тіліне көшу жоспары бекітілгеннен кейін ғана басталатынын айтып өтті.

"Барлық процесс халықаралық талаптарға сай жасалатын болады. Біздің жұмыс жоспарымыздың аясында бірқатар ұйымдастырушылық өзгертулер қарастырылған", – деп толықтырды премьер-министрдің орынбасары.

Латын тіліне көшуге қатысты қаржылық шығынға келетін болсақ, онда қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, барлық есептеу әліпбиді бекіткеннен кейін іске асатынын айтты. Оның айтуынша, әліпби жобасын әзірлеу мен оған қатысты мәселені танып-білу үшін бюджетте тек 250 млн теңге қарастырылған.

Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу