Қазына қаржысына қол жаймайтын талдау орталығы құрылады

4086

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының мәліметтер базасында бірегейлік жоқ. 

Қазына қаржысына қол жаймайтын талдау орталығы құрылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне түрлі салалар бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

Мемлекет басшысы еліміздің әр азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен (МӘМС) қамтылуға тиіс екенін айтты. 

Медицина саласы тиісінше қаржыландырылмай отырғанын тілге тиек еткен Президент саладағы түткілдердің түйінін уақыт оздырмай тарқату қажеттігіне тоқталды.

"Міндетті әлеуметтік медициналық әлеуметтік сақтандыруға зор үміт артылып отыр. Ал облыстарда оны енгізу мен түсіндіру жұмыстары сапасыз жүргізілген", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов МӘМС қорында 1 трлн 315 млрд теңге бар екенін мәлімдеп, түсіндіру жұмыстарын жандандырып жатқандарын жеткізді.

Бұл жауап Президентті қанағандандырмаған болу керек, ол министрмен аталмыш мәселе бойынша жеке сөйлесетінін мәлімдеді. 

"Бірде-бір адам мемлекеттік органдардың кемшілігінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмауға тиіс. Адамның сақтандыру мәртебесін анықтау барысында кез келген келіспеушілік пациенттің пайдасы үшін шешілуі керек.  Осыны ескертемін!" – деді Президент.

Сөз арасында Мемлекет басшысы Парламентте қаралып жатқан "Халық денсаулығы туралы" кодекстің кем тұстарын толтыру қажеттігін тілге тиек етті.

"Бұл құжат қоғамда біршама талқы туғызды. Сол себепті оны қабылдау барысында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарын ескеруді тапсырамын!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқосу барысында Президент "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын сынады. 

"Мемлекетік бағдарлама біз күткендей шұғыл әрі сапалы түрде жүзеге асырылып жатқан жоқ. Мәліметтер базасында бірегейлік жоқ. 2019 жылға жоспарланған 196 интеграцияның 40-ы орындалмай қалған", – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын тиісінше жүзеге асыру үшін үкімет цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігіне көмектесу керек. 

"Мен үкімет басшысына цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министріне көмектесуді жүктеймін. Бұл – ерекше сипаттағы маңызға ие жұмыс. Артта қалуға құқығымыз жоқ", – деді Президент. 

Мемлекет басшысы ел аумағында күні бүгінге дейін сапалы интернетпен қамтамасыз етілмеген ауылдар бар екеніне назар аударды. 

"Таяуда теледидардан бір сюжет көрсетті. Арқалықтағы мектептің мұғалімдері интернеттегі кемшілікке байланысты "Күнделік" порталын толтыруға қиналып жүр екен. Білуімше, мұндай жағдай басқа өңірлерде де болған. Біз өз әріптестерімізден қалып, елімізді цифрлық теңсіздікте қалдыра алмаймыз", – деп түйді ойын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық банкке де нақты тапсырма берді. Президенттің пәрмені бойынша Ұлттық банкі ұлттық төлем жүйесін жасауға кірісуге тиіс.

"Көлеңкелі экономикамен күрес мәселесі, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін арттыру Ұлттық банктің де, үкіметтің де басымдығы болып қала беруі тиіс. Сондықтан қаржы нарығының қатысушыларын өзара тиімді шарттармен тарту арқылы ұлттық төлем жүйесін жасауға кірісу қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Президент бюджет қаржысын жұмсамай талдау орталығын құруды ұсынды.

"Үкімет реформаларды әзірлеп, оларды жүзеге асырады, кейіннен өз жұмысының сапасын бағалайды. Президент әкімшілігі жанында әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау-мониторинг орталығын құруды тапсырамын. Оның құрамына Президент әкімшілігі қызметшілерінен бөлек, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері енеді. Осы институтты дамыту деңгейіне қарай ол Президент жанындағы реформалар бойынша агенттікке өзгеруі мүмкін. Әзірге ешбір бюджеттік шығындарсыз әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығын құрып көрейік", – деді Президент. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу