Қаһарлы қару сілкінткен жерде бизнес бүр жарады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2288

Қазақстан өз жерінің ауқымды бөлігін қайтарып алды.

Қаһарлы қару сілкінткен жерде бизнес бүр жарады

Алпыс жылға жуық қару сыналған Ембі полигоны ақыры жабылды. Бүгін ел парламенті Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Ембі полигонын (5580 сынақ жұмыстарын қамтамасыз ету базасын) пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің күшін жойды. Осыны қарастыратын жаңа хаттаманы өздерінің бүгінгі жалпы отырыстарында сенаторлар ратификациялады.

Бұл хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылыпты. Бірақ екі елдің де парламенті ратификацияламай, ол күшіне енбейді. Әзірге құжатты тек қазақ елі құптап отыр, ресейлік думаның әлі қолы жете қоймапты. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл келісімді енді ешкім тоқтата алмайды. Оның үстіне Ресей тарапы Ембіні  біраз жылдан бері пайдаланбай келген. 

Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаровтың айтуынша, Кеңес одағы кезінде уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін Ресей ары қарай пайдалану үшін жарамды жағдайда қайтаруға міндетті. "Ресей тарапына полигонды пайдалану бойынша тиісті міндеттерін орындауына қатысты шағымдар жоқ" деді ол.

Хаттама ережелеріне сәйкес, бұл келісім күшіне енген соң, тараптардың уәкілетті өкілдерінен құралған бірлескен комиссия тапсырып, қабылдайды.

Содан кейін осынша ауқымды аймақ бизнес ортаның игілігіне табысталмақ.

"Полигонды жалдаудан шығару аймақтың экономикалық дамуына қолайлы әсер етеді. Оның ішінде қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, пайдалы қазбаларды барлау және табу саласында өз қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың мүддесі үшін ары қарай пайдалануға болады", – деді Оқас Сапаров.

Сонымен қатар полигонның учаскелері Ақтөбе облысындағы әлеуметтік маңызы зор инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы үшін пайдаланылуы мүмкін. 

Бірақ ол жерде жайылатын малдың еті мен сүті, ол жерде өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімдері қаншалықты зиянсыз болады?

"Ембі сынақ полигонында қандай қару түрлері сынақтан өткені туралы деректер бар ма? Жалпы, қабылдап алар алдында қандай да бір экологиялық немесе топырақтық-химиялық талдау жасалды ма? Біз сол жерлерімізді қандай жай-күйде қайтарып алып отырғанымызды түсінгіміз келеді", – деп сұрады палатаның бүгінгі жалпы отырысында сенатор Мұратбай Жолдасбаев.

"Ембі полигоны 1960 жылы құрлық әскерлерінің әуеге қарсы қорғанысы үшін құрылды және осы бағыттағы зерттеу-сынақ жұмыстарын, әртүрлі жаттығуларды жүргізу мақсатында пайдаланылды. Сәйкесінше, оның аумағында құрлық әскерлерінің әуеге қарсы қорғаныс қарулары сыналды. Бұлар әріде "Тунгуска", беріде "С-300" кешендері, "Круг", "Куб", "Бук", "Тор" және басқалары. Олардың барлығының зымырандары табиғатқа зияны аз отынды пайдаланады", – деп сендірді қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Оның айтуынша, мұның сыртында әкімдікпен бірлесіп, былтыр топырақ сынақтамасы алынған, жергілікті жер ахуалы зерттелген. "Зертханалық талдау нәтижелері зиянды заттардың нормадан артуын көрсетпеді" деді Оқас Сапаров.

Жалпы, Ембі полигонын жалдаудан шығару Елбасының "Ресейге жалға берілген әскери полигондардың аумағын қайта қарау" туралы тапсырмасын орындау аясында жүруде.

Сенатор Икрам Адырбековтың мәліметінше, Елбасы қойған талапқа сәйкес, "2014-2016 жылдар кезеңінде Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарын қамтып жатқан Сарышаған және иемлекеттік ұшу-сынақ орталығы полигондарының жалпы көлемі 1,5 миллион гектар астам жер учаскесін Ресейге жалға беру келісімдері тоқтатылған".

Ал жабылған Ембі полигоны көлемінің өзі шамамен 2 миллион 960 мың 144 гектарды құрайды. Жабылып отырған бұл полигон солтүстіктен оңтүстігіне қарай 240 шақырымға, ал шығысынан батысына қарай 60 шақырымға созылып жатыр.

"Полигондар аумағының азаюы нәтижесінде бұрын қоғамда болған ел қауіпсіздігіне қатысты әртүрлі пікірлер, қобалжулар бүгінде басылды десе болады. Ал көрші Ресеймен ортақ әуе қорғанысы жүйесіне байланысты Қазақстанда бірлескен әскери-ұшу сынақ полигондарының болуы орынды. Бұл полигондарда Қазақстан Қарулы күштерінің Ресеймен бірлескен жаттығулар өткізуге мүмкіндігі бар. Ендігі мән беретін мәселе – осы ұшу сынағы кезіндегі қауіпсіздік. Әсіресе қала, елді мекендерге қауіп туғызбауы керек. Ол жағынан тиісті шаралар қарастырылу үстінде екендігі белгілі болды" деген сенім білдіреді Икрам Адырбеков. 

Айтқандай, осының алдында, кеше Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған бір топ депутат Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауалмен жүгініп, дәл осы полигондар мәселесіне назарын аудартты.

Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадовтың айтуынша, "Капустин Яр" және "Азғыр" сынақ полигондары орналасқан Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен ғалымдары үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр.

Атап айтқанда, бұған дейін У.Кенесариев, В.Киянский, И.Часников және Н.Жақашов секілді бір топ ғалым медициналық, химиялық және радиологиялық зерттеулер жүргізіпті. Оның нәтижесінде, топырақ та, өсімдіктер де, малдар мен жан-жануарлар да зымырандық отынның зиянды шығарындыларымен, талиймен ластанғаны анықталған.

"Зымырандар құлайтын аудандарға жақын орын тепкен елді мекендердің тұрғындары ішіп отырған жер асты суларында кадмий рұқсат етілген мөлшерден 9-20 есеге, мыс – 10-15 есе, қорғасын 2-10 есе, фтор – 1,5-4 есе асып түскен! Ластанудың мұндай көрсеткіштері полигондар мен оларға жақын жатқан аудандарды экологиялық апат аймақтарына жатқызуға негіз бола алады. Батыс Қазақстан облысында "Капустин Яр" мен "Азғыр" полигондарына жақын жатқан аудандарға Бөкей орда, Жаңақала, Жәнібек, Қазтал, Ақжайық, Қаратөбе аудандары жатады, – дейді Ахмед Мурадов.

Осыған байланысты мәжіліс депутаттары үкімет басшысынан аталған аудандарда ластану деңгейін зерттеу бойынша шаралар кешенін жүргізуді сұрайды. Сондай-ақ аталған аумақтарды экологиялық апат аймақтары тізіміне енгізуді өтінді. Сонда халыққа тиісті мемлекеттік қолдау болар еді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу