Кеш қабылданған шешім – сарапшылар пікірі

3317

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақыны 42 мың 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсетінін, 2025 жылға дейін 600 мың қызметкердің еңбекақысы 20% артатынын мәлімдеді.  

Кеш қабылданған шешім – сарапшылар пікірі

Бұл өзгерістер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізе ме, жалақының өсуі бюджетке салмақ түсірмей ме деген сұрақтарға inbusiness.kz тілшісі жауап іздеді.

 Экономикалық шолушы Юрий Масанов ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі жеке сектордағы қызметкерлерге қатысты екенін айтады. Онда басшылық көбінесе жұмысшыларға ең төменгі жалақыны белгілеп, ақшаның қалған бөлігін "конвертпен" береді.

"Кәсіпкерлер салықты аз төлеу үшін осындай әрекетке барады. Енді ең төменгі жалақының мөлшері өскенде аталған саладағы қызметкерлердің заңды кірісі де артады, яғни зейнетақы және әлеуметтік аударымдары. Сондықтан бұл жеке сектордағы қызметкерлер үшін жақсы жаңалық. Президенттің айтуынша, бұл шешім 1 млн-нан аса адамға әсер етеді, яғни бүгінде Қазақстанда сонша қызметкер ең төменгі жалақыны ресми түрде алып отыр",– деді экономикалық шолушы.

Оның айтуынша, өңірлердегі төмен жалақы алатын жұмысшылардың да еңбекақысы артады, ал оларға қосымша 17 мың 500 теңге артық болмайды.

Юрий Масанов бұл шаралар "уақытында және амалсыздан қабылданды" дейді.

"Қазақстанда инфляция жоғары, азық-түлік өнімдері, пәтерлер, құрылыс материалдары бәрі қымбаттап жатыр. Мұндай жағдайда өзіңді ғана емес отбасыңды да асырау қиындай түседі. Сондықтан Президент айтқан қолдау шаралары қарапайым тұрғындар үшін өте маңызды", - деді экономикалық шолушы.

Экономист Мақсат Халық Президент аталған шешімді кеш қабылдады деген пікірде.

"Менің ойымша, бұл сәл кешігіп қабылданған шешім (ең төменгі жалақыны көтеру туралы – автор). Себебі төменгі жалақы 2022 жылдан бастап өседі. Мұны да ескерген жөн. Бірақ ештен кеш жақсы", – деді сарапшы.

Сондай-ақ Мақсат Халық елдегі ең төменгі жалақыны тұтынушы себетіне қарап есептеу дұрыс емес екенін айтады.

"Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы медиан орташа жалақымен есептеледі. Мысалы, Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегі көбінесе тұтынушы себетіне (потребительская корзина) қарап есептеледі. Онда 43 тауардың тізімі бар. Ол соңғы рет 2006 жылы ғана өзгерген. Бүгінде Ресейде тұтынушы себетіне 150 тауардың түрі бар, ал бұл Еуропа елдерінде тауар 250-ден 700-ге дейін барады. Сондықтан ең төменгі жалақыны тұтынушы себетіне байлап, сол арқылы есептеудің қажеті жоқ сияқты",– деді Мақсат Халық.

Экономист елдегі ең төменгі жалақы 75 мың теңге болуы керегін атап өтті.

"Ең төменгі жалақыны медиан орташа жалақымен есептеу қажет. Мысалы, Қазақстандағы орташа жалақы шамамен 250 теңге болса, ал медиан орташа жалақы – 150 мың теңге. Оны екіге бөлсек, 75 мың теңге шығады. Бұл ең төменгі жалақы болады", – деді сарапшы.

Ол халықтың жалақысын көтеру мемлекеттік бюджетке салмақ түсіретінін айтады.

"Халықтың табысын бірден аттыру оңай емес. Бұл бюджетке салмақ түсіретіні анық. Менің ойымша, мұндай қадамды біз ертерек жасау керек еді. Өйткені бюджеттің тапшылығы онсыз да болған. Енді оны жою үшін мемлекет шығындарды оңтайландыру керек", – деді.

 Экономист Сапарбай Жұбаев бұл мәселені шешу үшін ауқатты тұрғындарға салықты 20% көтеру керегін айтты.

"Мен салықты Еуропа елдеріндегідей 30-35% көтеру керек деп айтпаймын. Мәселе дәулетті адамдарға, олигархтарға, депутаттарға байланысты. Мысалы, 2 млн теңгеден жоғары алатындарға 20%, ал 500 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін алатындарға 15% салықты өсіру керек. Менің ойымша, сонда бюджетке салмақ түспейді, әрі басқа бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болады", деді сарапшы.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу