"Киіктердің басым бөлігі БҚО-ны мекендейді". Киік етін өнеркәсіпке айналдыру мүмкін бе?

2868

Істің моральдық жағын есепке алмағанның өзінде, Қазақстанда киік етін өнеркәсіпке айналдыру мүмкіндігі үлкен мәселе, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Киіктердің басым бөлігі БҚО-ны мекендейді". Киік етін өнеркәсіпке айналдыру мүмкін бе?

Осы айда елордада "Киік популяциясын басқару" атты дөңгелек үстел өтіп, онда Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев киіктердің саны реттелетінін мәлімдеген еді.

Зоология институтының биологиялық негіздемесіне сілтеме жасай отырып, билік 15 қыркүйек пен 30 қараша аралығында Орал ақбөкен популяциясының 10%-ын, Бетпақдаланың 2,5%-ын реттеуді ұсынды.

Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевті киіктердің популяциясын реттеудегі тиімсіз қызметі үшін сынап, геология және биоәртүрлілік саласындағы нашар жұмысы үшін сөгіс жариялады.

Артынша тиісті ведомствоның сайтында Экология министрлігінде ғылыми ұйымдардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ аңшылардың қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының қатысуымен киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарауға арналған кеңес өткені туралы хабарланды.

Зоология институты мен Қазақстан Республикасының биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері бұл жолы Қазақстан Республикасындағы киік популяциясының ареалындағы экожүйелерді терең ғылыми зерттеулер мен кешенді бағалаудың қажеттігі туралы айтты. Президенттің араласуынан кейін бұл түрді ерекше қорғауды жалғастыра отырып, киік популяциясын сақтау өте орынды екені "кенеттен" белгілі болды.

Экологтардың пікірінше, мәселе популяцияның өсуінде емес, көші-қон жолдарының жабылып, киік мекендейтін жерлердің басып алынуында. Осы ретте energyprom.kz киіктердің 10-12%-ын тиімді пайдалану саласы, қуаттары мен нақты мүмкіндіктері туралы зерттеу жариялады.

Атылған киіктердің еті қайда сақталады?

Киіктердің Орал популяциясын реттейтін маңай Батыс Қазақстан облысы және дәл осы жерде атуға ұсынылып отырған киіктердің басым бөлігі де аталған облысқа тиесілі. Негізгі сұрақ – атылған киіктердің етін қайда сақтау керек?

Түсіндіру үшін біз консервілеуді және коммерциялық өнімге өңдеуді қажет ететін шамамен 120-150 мың киік еті туралы айтатын боламыз. Бір киіктің сойылған салмағы 14-17 кг. Яғни алынып тасталған малдан алынатын өнімнің тауарлық шығымы алу маусымында 1,7-2,6 мың тонна деңгейінде болады деп күтіліп отыр.

Бұл ретте мынаны атап өткен жөн: Егер Ақмола және Қостанай облыстарында (Бетпақдала киіктерінің мекендейтін жерлері) қуаттылығы 2021 жылдың аяғында сәйкесінше 16,5 мың және 22,2 мың тонна болса, ірі қара малдың, ұсақ малдың, шошқаның және жылқылардың жаңа және мұздатылған етін қайта өңдеудің орташа жылдық қуаттылығын пайдалану сәйкесінше небәрі 27,6%-ды және 32,2%-ды құрады. Ал Батыс Қазақстанда жағдай басқаша.

Биыл жыл басында небәрі 16,8 мың тонна сыйымдылығы бар мұндағы қуаттылықтың орташа жылдық пайдалануы 98,5 пайыз. Мұндай жағдайда бұл аймақта қысқа мерзімде келетін көп мөлшердегі етті тез өңдеу мүмкін емес.

Сонымен қатар БҚО-да мұздатылған немесе консервіленген ет және жанама өнімдерді, сондай-ақ ет және ет-көкөніс консервілерін өндіру бойынша қуаттар толығымен жүктеліп, 100 пайызға орындалды. Яғни бұл бойынша ешқандай қосымша өндіріс туралы сөз болуы мүмкін емес.

Батыс Қазақстанда тері өңдейтін кәсіпорын жоқ

Тағы бір қызық жайт, мысалы, киік еті мен субөнімінен алшақтайтын болсақ, тері мәселесі алға шығады. Бұл орайда Батыс Қазақстан облысында ірі қара немесе жылқылардың жүні мен терісін өңдейтін бірде-бір кәсіпорынның жоқтығын көреміз. Айтпақшы, Қостанай, Ақмола облыстарында да мұндай өндіріс орындары жоқ.

БҚО-да шұжық өнімдерін өндіруде жағдай керісінше. Мұнда қуаттар небәрі 3,1%-ға (ал бір жыл бұрын – 1,8%-ға) ғана пайдаға асады. Әрине, оның барлығы жұмыс істеп тұрғанына нақты көз жеткізу қиын. Ал жалпы алғанда, Қазақстандағы шұжық өндірісінің жағдайы туралы бұдан бұрын да айтылғандай, нарықта импорт үлесі басым.

Сондықтан дәл қазіргі жағдайда киік етінен шұжық жасап шығарамыз деп үміттену негізсіз оптимизм болар еді.

Тағы бір ескеретін жайт, Батыс Қазақстан облысының негізгі өңдеу орындары тікелей Орал қаласында орналасқан. Өнеркәсіптік ауқымда атылған киіктерді жинаудың нақты аудандары 300-500 км қашықтықта екенін және оңтайлы жинау мерзімі уақыт бойынша қатаң шектелетінін ескерсек, сою, ветеринариялық бақылау және ет қай учаскелерде дайындалады деген орынды сұрақтар туындайды. Өйткені мал шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің дамуына дәл логистика – ет пен ет өнімдерін тасымалдау да, сақтау да – елеулі кедергі болып отырғаны да жаңалық емес.

Ет өңдеу зауыттарының да жағдайы көңіл көншітпейді

Айтпақшы, тұтастай алғанда, Қазақстандағы ет өңдеу қуаттары көптеген сегменттер бойынша айтарлықтай төмен көрсеткіште. Мәселен, 2021 жылдың соңында ірі қара малдың жаңа және мұздатылған жеуге жарамды субөнімдерін қайта өңдеу бойынша қуаттар бірден үштен екіге, ал мұздатылған ет пен өнімдерін өндіру 5,2 пайызға төмендеді. Маңыздысы (жылына 5,4%-ға) жүн өндіру бойынша қуаттылық оң нәтиже көрсеткенімен, БҚО аумағында тері өңдеу кәсіпорындары жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен, сондай-ақ жергілікті бизнес қауымдастығымен келісілген қандай кешенді өңдеу шараларын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі пысықтап жатқаны әлі күнге дейін түсініксіз. Оның үстіне киік еті мен өнімдерінің түпкілікті тұтынушысы кім болатыны және бұл өнімдердің Қазақстан халқына қалай жететіні белгісіз. Ақырында, терісін, киік мүйізін және басқа да осыған байланысты өнімдерді қалай, қай жерде, қандай кәсіпорындарда өңдеп, пайдалану жоспарланып отырғаны да беймәлім.

Экология министрлігі ақырында дұрыс қадамдар жасап, "Киіктерді тұрақты пайдалану: шолу және перспективалар" баяндамасы сияқты халықаралық ұсынымдар негізінде қазақ киіктері ресурсын басқарудың жол картасын әзірлейді деп үміттенуге болады. Бұл жұмысқа барлық жауапты министрліктер мен жұртшылықты тарта отырып, қоныс аударатын түрлер туралы конвенцияның (CMS) Хатшылығы үшін киік сақтау альянсы дайындаған.

Ая Өміртай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу