ҚМГ Румыния үкіметіне қарсы төрелік сотқа жүгінген жоқ

1995

Сыртқы істер министрлігі Румыния прокуратурасының KMGI-ға қарсы қозғаған ісі Қазақстанның пайдасына шешіледі деп есептейді. 

 ҚМГ Румыния үкіметіне қарсы төрелік сотқа жүгінген жоқ

2016 жылдың шілдесінде KMG International компаниясы Румыния прокуратурасының компания активтерін ( 2,1 млрд доллардан астам) бұғаттауына байланысты халықаралық төрелік сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Егер компания Румыния үкіметімен арадағы инвестициялық дауды реттей алмаса, онда KMGI Бүкіләлемдік банк жанындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа немесе Стокгольм сауда палатасының төрелік сотына шағымданатыны туралы айтылды. KMGI активтерінен тыйым салуды алып тастауды, әсіресе, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ  қалап отыр. Өйткені компания қытайлық инвесторларға румыниялық "еншілесін" сатпақшы.

Дәл қазіргі уақытта Румыния прокуратурасы KMG International (KMGI) құрылымына кіретін "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ-ның еншілес компаниясы  Petromidia мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру туралы қылмыстық істі әлі қарастырып жатыр. Бұл жайында abctv.kz-ке Қазақстанның Румыниядағы елшісі Дәулет Батырашев хабарлады.

"Қылмыстық іс әлі қаралып жатыр. Прокурордың үкімі шыққан жоқ, құжат сотқа берілмеді", – деді ол.

Бұдан бұрын Румыния үкіметі 14 жеке тұлғаға қатысты материалдық шығын туралы тергеу кезінде  KMGI, Oilfield Exploration Business Solutions S.A. және Rompetrol Rafinare S.A. компанияларын азаматтық жауап беруші ретінде жауапқа тартқаны белгілі болды.  Бұл компания KMGI компаниясының иесі болмай тұрған кездегі, яғни 1999-2003 жылдардағы шағымға қатысты болып отыр. Румыния үкіметі мен Rompetrol Rafinare компаниясы арасындағы облигациядағы тарихи қарызды өзгерту туралы келісім 2003 жылы жасалған. Ал "ҚазМұнайГаз" компаниясы KMGI компаниясы акцияларының 75%-ын  тек 2007 жылы сатып алды. "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ акцияларды сатып алған кезде екі компанияға да жоғарыда айтылған тергеу жайында ресми ақпар берілмегенін айтады.  

Қазақстанның Румыниядағы дипмиссиясының басшысы "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ бұғатталған активтер бойынша дауды шешу үшін халықаралық төрелік сотқа жүгінбегенін жеткізді.

"Менің білуімше, "ҚазМұнайГаз" төрелік сотқа шағымданған жоқ. Олар прокуратураның,  дәлірек айтсақ ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі департаменттің қаулысын күтіп отыр. Осы қаулыдан кейін құжаттар сотқа тапсырылады.  Бірақ менің ойымша, мәселе Қазақстанның пайдасына шешілуі керек", – деп түсіндірді Дәулет Батырашев.

Одан бөлек, ол сыртқы істер министрлігі де Қазақстанның Румыниядағы елшілігі атынан KMGI-ға қатысты мәселені шешуде жұмыс істеп жатқанын айтты. Алайда  2016 жылы мәселенің шешілуі Румыниядағы саяси дағдарысқа байланысты кейінге қалдырылды.

"Өкінішке қарай, 2016 жылы іс айтарлықтай алға жылжымады, себебі ол кезде Румынияда техникалық үкімет болды, ол белгілі бір партияға жатпады. Ал биылғы жарты жылдың ішінде біз Румынияның премьер-министрімен екі кездесу өткіздік. Нәтижесінде 2013 жылы "ҚазМұнайГаз" бен Румыния үкіметі арасында қол қойылған меморандумды іске қосу жөніндегі мекемеаралық комиссия құрылды. Жыл соңына дейін меморандум орындалады деп үміттенемін", – деді Дәулет Батырашев.

Меморандум Rompetrol Rafinare мұнай өңдеу зауытын жекешелендіруге қатысты.

"Қазіргі кезде оның 40%-дан артығы Румыния үкіметіне тиесілі. Меморандумға сәйкес, "ҚазМұнайГаз" Румыния үкіметіне тиесілі акциялардың 50%-ын алды.  Ақшаның қалған бөлігі "ҚазМұнайГаз" сол кездері Румыния аумағында ҚМГ-ның инвестициялық жобаларын жасауға жоспарланған инвестициялық қорға төленіп жатыр", – деп қорытты ол.

KMG International – "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның еншілес компаниясы, оның Румынияда екі мұнай өңдеу зауыты, ЕО елдерінде жанар-жағармай бекеттер желісі бар. Қазақстан үкіметінің қаулысымен компания жекешелендіруге жататын активтер тізіміне кірді.

2016 жылдың сәуірінде China CEFC Energy Company Limited (CEFC) компаниясы KMG International N.V. (бұрынғы The Rompetrol Group N.V.) компаниясының 51%-ын сатып алатыны белгілі болды. Келісімді басында 2016 жылдың қазанында аяқтау жоспарланған еді, алайда  Румыния үкіметінің тергеу жүргізуі салдарынан бұл мерзім 2017 жылдың алғашқы  жартыжылдығының соңына шегерілді. Компаниялар KMGI базасында Silk Way бірлескен кәсіпорынын құруға ниеті болды. CEFC компаниясы Еуропа және Жібек жолы елдеріндегі инвестициялар бойынша бірқатар міндетті өзіне алады деп хабарланды.

Келісім шарттарына сәйкес, "ҚазМұнайГаз" ҰК"АҚ KMG International компаниясындағы үлесін сатудан 680 млн доллар және CEFC компаниясындағы инвестициядан үш миллиард доллар алады.

Гүлназ Ермағанбетова, Құралай Әбілғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу