Көкжайлаудың мәселесі сотқа дейін жетті

Асқар Момынов Асқар Момынов
1700

Экологтар Алматы туризм басқармасын курорттың құрылысына қатысты дұрыс ақпарат ұсынбады деп айыптауда.

Көкжайлаудың мәселесі сотқа дейін жетті

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында "Зеленое спасение" экологиялық қоғамының мемлекеттік органның жұртшылыққа дұрыс ақпарат бермеуі жайындағы Алматы туризм және сыртқы байланыс басқармасына қарсы талап-арызы бойынша процесс аяқталды.

Талап-арызда экологтар Көкжайлау бойынша қоғамдық тыңдалымда Almaty Mountain Resorts ЖШС бас директоры Наиль Нуровтың жоба бойынша құрылыс салудан бас тартылған жоқ, шын мәнісінде, әу баста құрылыс бойынша шешім қабылданған деп айтқанын назарға алған.

"Зеленое спасение" жетекшісі Сергей Куратовтың айтуынша, бұл ұйғарым бұған дейін Алматы қаласының әкімі, атап айтсақ, әкім Бауыржан Байбектің егер жұртшылық қолдамаса, жобадан бас тартамыз дегеніне қайшы келеді.

"Зеленое спасение" экологиялық қоғамындағылар аbctv.kz-ке түсіндіргеніндей, экологтар 2018 жылдың 8 қарашасында Алматы қаласы әкімінен Наиль Нуровтың қоғамдық тыңдауда айтқан сөзін бағамдауды өтінген.

Заңның міндетті талабы
26 қараша күні Алматы қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасынан жауап келіп, онда "құрылыстың "нөлдік нұсқасы" термині қолданысқа енгізілген және ол "Зеленое спасение" өкілдерінің өтініштері мен сөйлеген сөздерінің арқасында пайда болған, "Нөлдік нұсқа" ұғымының нақты түсіндірмесі жоғын және бұл ұғымды әркім өзінше түсініп жүргені" айтылған.

Алайда Сергей Куратов атап кеткендей, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, өйткені "нөлдік нұсқа" ұғымы қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі ережеде түсіндіріліп, қоршаған орта министрінің бұйрығымен бекітілген. Қоршаған ортаға әсерін бағалау аясында құрылыстан бас тартуда "нөлдік нұсқаны" қарастыру – қазақстандық және халықаралық заңнаманың міндетті талабы болып табылады.

Сондай-ақ туризм және сыртқы байланыстар басқармасы өз жауабында жобалаушы болып табылатын Almaty Mountain Resorts ЖШС бүгінгі күні "нөлдік нұсқаны" қарастырмауға қолқалап отырғанын, қазір шатқалдағы орын алып отырған жағдайды сол күі қалдырып, шара қабылдамай қарап отыру мүмкін емес екенін атап көрсеткен.

"Көкжайлау шатқалында тау курортын жобалау мен салу – Алматы табиғатының әдемілігін жабайлықпен жойып жіберуден, соңғы кезде орын алып отырған шатқалды бей-берекет игеруден қорғаудың жалғыз жолы", – деп мәлімдеді туризм басқармасындағылар.

Ведомстводағылар шатқалда өз еркінше сайран салған туристер көкорайды таптап, сирек кездесетін талдар мен бұталарды отқа сындыратынын, кез келген жерге шатыр тігіп, соңынан тонналаған тұрмыстық қоқыс қалдырып кететінін айтады.

Басқарма өкілдері Көкжайлауға жиі баратындар тіпті жоталардың біріне демалуға арналған бірнеше шағын павильон орнатып, тіпті қолдан ілмекті арқан жолын тартып қойғанын айтты.

Сонымен бірге сотта тараптарды тыңдау кезінде экологтар бұл дәйектерді курортты салуға сенімсіз дәлелдер екенін айтып, басқарма жұртшылыққа дұрыс ақпар бермегенін атап кетті.

Орхус конвенциясын сақтау
Алматы туризм басқармасының заңгері Досмұхаммед Жантасов экологтарға туындаған сұрақтары бойынша барлық ақпарат берілгенін және құрылысты салмауды қарастыру мүмкін емес екенін, сол себепті жұртшылық алданбағанын айтты.

Соған қарамастан сот туризм басқармасы жұртшылықтың сауалына күмәнді ақпарат берді деген қаулы шығарып, ведомствоны шатқалда тау шаңғысы курортын салмай-ақ қоюдың мүмкіндіктер туралы мәліметтер ұсынуға міндеттеді.

Сергей Куратов "нөлдік нұсқа" болуы туралы мәселе маңызды болып табылатынын, өйткені курортты салу жайлы әңгімелер алғаш басталған кезде-ақ қоршаған ортаға жасалған бағалау жобаның салыну-салынбауын айқындауға тиіс болатынын атап кетті.

Алайда бұл тәсіл Орхус конвенциясы шеңберінде Қазақстан өз мойнына алған міндеттемелерге қайшы келетініне қарамастан, қазір жұртшылықты құрылысты салу керектігіне сендіріп қойған деп отыр экологиялық қоғам басшысы.

Сот шешімі 11 ақпан күні тараптарға беріледі, сот шешімімен келіспеген жағдайда туризм басқармасының аппеляция беру құқы бар.

Осылайша, сот "Алматы қаласының туризм және сыртқы байланыстар" КММ-ның заңсыз әрекетпен дұрыс ақпар бермегенін мойындауға қаулы шығарды. Сонымен қатар КММ-ға экологиялық қоғамға дұрыс экологиялық ақпарды беру міндетін жүктеді. КММ басшысына ҚР АПК-тың 2701-бабына сәйкес жеке ұйғарым шығарды.

Соттан – сот
Осы орайда бұл "Көкжайлау" жаңа жобасына қатысты болып жатқан бірінші сот емес екенін атап кеткен жөн. 2018 жылдың 14 қыркүйегінде курорттың бас жобалаушысы болып табылатын "ГеоДатаПлюс" ЖШС директоры Людмила Кузнецова Almaty Mountain Resorts ЖШС-ға қатысты арыз түсірген.

Онда тапсырыс беруші атқарылған жұмыс үшін ақша төленбегені, курорт жеріне және оған қатысты учаскелерге құқық белгілеу актісі сияқты бастапқы құжаттарды ұсынбағаны айтылған.

Аталған құжаттар жұмыс басталғанға дейін жобалушыда болу керек еді, алайда ТЭН туризм басқармасына осы құжаттарсыз өткізілген.

Сот талапты толық қабылдамай тастады.

Сондай-ақ бұған дейін сарапшылар жобаның толық сметалық жинақ есебі 89,5 млрд теңге немесе 230 млн доллар екенін айтқан болатын. ТЭН-да курортта 268 жұмыс орны құрылатыны, осылайша, курорттағы бір жұмыс орнын құру 858 мың доллар тұратыны көрсетілген.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу