"Көкжайлау" жобасы уақытша жабылды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3500

Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Көкжайлау" курортының құрылысы уақытша тоқтатылғанын білдірді.

"Көкжайлау" жобасы уақытша жабылды

Бұл мәлімдемесін қалабасы бүгін әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында жария етті. Оның айтуынша, бұл жоба әлі де болса, қайта пысықтауды қажет етеді.

"Жалпы, барлық әлемдік курорттар ұдайы қайта-қайта пысықталып отырады. "Ойқарағай" – "Лесная сказка" жобасына 20-дан астам рет өзгерістер енгізілді. "Көкжайлау" жобасын тағы да пысықтауды, ал қазір оның құрылысын кейінге шегеруді ұсынамын", – деді Бауыржан Байбек.

Негізі, Іле Алатауының қорықты аймағында орналасқан Көкжайлау шатқалы бұрынғы ғасырлардан бері алматылықтар мен шетелдік саяхатшылар өз беттерімен емін-еркін, жаяу шығатын танымал орынға айналған. Алайда 2013 жылы Алматы әкімдігі өңірге шетелдік туристерді көбірек тарту мақсатымен осы шатқалды жабатын жеке тау шаңғысы шипажайын салу жобасын қолға алды. 

Бұған дейін Көкжайлау Іле Алатауының бірегей экожүйесі мен жер бедерін сақтау үшін 1996 жылы құрылған ұлттық табиғи парк құрамына кіретін. Бірақ 2014 жылы одан шығарып алынды. 

Ұлттық парк аумағында әлемдегі барлық алмалардың атасы – жабайы Сиверс алмасы өседі. Бұл жерді қар барысы мекен етеді.

Сондай-ақ бұдан бұрын Алматы басшылығы Көкжайлауда спорттық және ойын-сауық кешенін салу жоспары барлығын да хабарлады. Ол кешен тау шаңғысы курортынан, қонақүйден, мейрамханалардан, мұз айдынынан, би алаңдарынан тұрады делінді. Жобаны жүзеге асырушы компания "бұл 2 мың 300 метр биіктіктегі Панфилов көшесі болады" деп жарнамалады.

Әрине, мұндай ауқымды жобалар инфрақұрылымдық жобаларсыз жүзеге аспайды, сондықтан Медеу мен Көкжайлау арасында біраз ағашты құлатып, жайпап, үлкен жол салу көзделді. Оның құрылысы келесі жылдың сәуірінде басталуға тиіс болатын. Ал курорттың бірінші кезегі 2021 жылғы 1 желтоқсанда ашылады деп көзделді. Тек осы жобаның құны 230 миллион долларға бағаланды, яғни шамамен 89,5 миллиард теңге бюджеттік қаржыны жұмсау қарастырылған. 

Рас, Алматы әкімдігі "Көкжайлау" жобасынан толық бас тартып отырған жоқ. Қала басшысы бүгінгі қоғамдық кеңес отырысында жобаны жүзеге асыру кезінде 20 мыңдай жұмыс орны құрылатынына назар аудартты. Айта кеткен жөн, оның көбі – қарапайым құрылысшылар.

"Тау – біздің басты бәсекелестік артықшылымыз. Демек, біз оны пайдалануға тиіспіз! Аустриялық сарапшылардың бағалауынша, жобаны жүзеге асыруға 1,5 миллиард доллар салсақ, 7-10 жыл ішінде ел экономикасына жыл сайын екі миллиард доллардай қайтарым болады. Сонымен бірге, біз экономика, әлеумет және экология арасындағы нәзік теңгерімді сақтауға да тиіспіз. Яғни, қоршаған ортаға мейлінше аз ықпал ете отырып, заманауи курорт құруымыз қажет. Сол себепті де бұл істе асықпау керек деп санаймын. Барлық сарапшылардың пікір-байламдарын назарға алу, басқа жаңа орындарды да қарастыру қажет. Сондықтан бұл жобаны қайта пысықтауды және әзірге кейінге қалдыруды ұсынамын" – деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, алдағы үш-бес жыл аралығында қолданыстағы бар курорттарды дамытуға мән берген жөн.

"Осы уақыт ішінде керекті тәжірибе жинақтаймыз. Кадрларды даярлаймыз. Тұрғындар мен курорт қонақтарының пікірлерін зерделейміз. Тек содан кейін ғана "Көкжайлау" тау-шаңғы курортының құрылысына кірісе алармыз", – деп түйді Алматы әкімі.

Алматы әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов "Көкжайлауға" қатысты мәселені талқылауға шығарды. Кеңес мүшелері толықтай дерлік әкімнің шипажай жобасын жүзеге асыруды кейін шегеру туралы ұсынысын жақтады.

Олай болса, "Көкжайлау" айналасындағы сөздер мен әңгіме тақырыбы алдағы үш-бес жылға "жылы жабылатынға" ұқсайды.

Тұтастай алғанда, "Көкжайлау" тау шаңғысы шипажайы жобасын іске асырудың "жаңа тұжырымдамасы" аясында бюджеттен шығарылатын шығын азайтылған көрінеді. Мемлекет тек автокөлік жолы, арқан жолы, электр желісі, су құбыры және басқа инженерлік инфрақұрылымға ғана шығындалмақ ниетте. Қалғанына жеке инвесторлар тартылады деп күтілуде. Әйтсе де жобаның уақытша доғарылуына байланысты қалталылармен келіссөздер де сап тыйылмақ. 

Айтқандай, әкімдік жаңа тұжырымдамасын ауқаттыларға арналған жеке коттедждер салу жобасынан да арылтыпты.

Сонымен қатар табиғатқа келетін залал да кемітілген екен: құрылыс жүретін аймақ ауданы есе қысқартылды. Құлатылмақ болған ағаштар көлемі 25 есеге азайтылыпты.

100 гектар жер ұлттық паркке кері қайтарылады.

Осыдан алты жыл бұрын қолға алынған "Көкжайлау" жобасы халықтың қуатты қарсылығы, экологтардың қатал сыны нәтижесінде 2015 жылы да уақытша тоқтатылған болатын. Кейін қайта іске асыра бастады. Жобаға 12 миллиард теңгеден астам ел қаржысын шығындап та үлгерген.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу