Көлеңкелі конкурстарға қатысатындар өзін алаяқтарға құрбан етеді

1605

Мемлекет дербес деректердің алаяқтар қолына түсуінен қорғауға кіріспек. 

Көлеңкелі конкурстарға қатысатындар өзін алаяқтарға құрбан етеді Фото: yandex.kz

Соңғы жылдары елде алаяқтық оқиғалары өршіп кетті. Тіпті ресейлік қылмыс әлемі Қазақстан халқын жаппай алдауға жұмылды. Әлеуметтік желіде көп талқыланғандай, жатжұрттық алаяқтарды дөрекі акцентінен айыруға болады. Сорақысы сол, тіпті темір тордың ар жағында отырғандар да алаяқтықтың тұтас желісін құрып алғанға ұқсайды. Тек 2022 жылы қазақстандық түзеу мекемелерінде ұсталатын, интернет-алаяқтық жасауға қатысы бар 3 сотталған әшкереленді. Олар 57 адамды алдап үлгерген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтарға тосқауыл қою үшін заңнамалық түзетулер әзірлеп жатыр. Ол "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Құжат, біріншіден, Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, екіншіден, адамның және азаматтың дербес деректерін жинау және өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.

"Цифрлық даму министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес, азаматтардың дербес деректерін таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Барлық салада субъектілер дербес деректерді жинайтындықтан, заң жобасы кәсіпкерлік қызметтің барлық саласын қамтиды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы мұндай шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1 694 672 субъектіні құрады", – деп хабарлады Цифрлық даму министрлігі.

Қолданыстағы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңында базалардың меншік иелері мен операторлар дербес деректерді қорғауға міндеттелген. Оны орындамағаны үшін жаза тартады. Алайда бір гәп бар: заңда олар дербес деректердің өз қолынан ағып кеткенін құзырлы органдарға хабарлауға міндеттелмеген. Содан осындай төтенше оқиға бола қалса, олар хабарламай тым-тырыс отырады. Тіпті мамандар сондай сұмдық болғанын жариялап жатса, оны жатта-кеп жоққа шығарады.

Жаңа заң жобасында дербес деректердің сыртқа ағып кетуі инцидентін уәкілетті органға жылдам хабарлауға міндеттеу ұсынылған. Яғни, әлгі миллион жарымнан аса нысан бақылауға алынады.

"Бүгінде елімізде дербес деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асыратын көптеген меншік иелері мен операторлардың дерекқорының ағып кету жағдайлары анықталды. Олардың арасында Орталық сайлау комиссиясы, ЯндексЕда, Қазпошта, Chocofamily және басқалары бар. Қазіргі кезде қаптаған меншік иелерінде және операторларда азаматтарға қатысты сан түрлі деректердің, соның ішінде құпия дербес деректердің үлкен көлемі қордаланып жатыр. Осыған байланысты әлдебір мән-жайлар бойынша олардың сыртқа шығып кету қаупі артуда. Мысалы, бұл оқиғаға бөгде адамдар тарапынан жасалған бұзушылық, хакерлік шабуыл, адами фактор және басқасы ықпал етуі мүмкін. Ағып кетудің салдары өте ауыр болуы ықтимал. Жеке деректердің бұзылуы, ең алдымен, осы деректердің субъектісіне тікелей зиян келтіретінін түсіну керек", – делінген Цифрлық даму министрлігінің талдауында.

Ведомство деректер базасының жаппай ағып кетуіне байланысты өзіне көптеген шағым түсетінін алға тартты. Осыған байланысты меморганның байламынша, дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылуы анықталғанда, дерекқор иесі мен операторларды ол туралы уәкілетті органға сол күн ішінде дереу хабарлауға міндеттеген орынды.

Бұл тетікті жаңа 2023 жылдың екінші жартысында енгізу жоспарланған.

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (ЦАРКА) негізін қалаушы және басшысы, IT маман Олжас Сатиевтің айтуынша, егер азаматтың өзі цифрлық гигиенаны сақтамаса, бәрі бекер. Қазақстандықтар ары қарай да интернеттегі кез келген кездейсоқ сілтемемен өтіп, ондағы кестені толтырып, дербес деректерін қалдыра берсе, онда оны ешбір меморган қорғай алмайды.  

"Өзінің құпия деректерін ғаламтарға өзі құятын халықтың өзі кінәлі. Мысалы, олар әлеуметтік желілерде, интернетте, мессенджерлерде қаптаған конкурстарға үнемі қатысады, немесе әлдебір сауда жасағанда, өзге ұйымдарда дербес деректерін жазып қалдыра береді. Содан соң алаяқтар тұзағына түссе, әлдебір жетекші банкті кінәлап, дербес деректерін сол беріп қойды деп байбаламға басып жатады. Негізі, банктерде бүкіл деректер базасын жүктеп алу мүмкіндігі тек бірер адамда ғана болады. Мысалы, мен банкте деректер базасының әкімшісі, бағларламашысы болсам, онда оны қотарып алып, сыртқа сатуымда еш мән болмайды. Егер ақша қажет болса, дұрысы ақшаны ұрлайсың, деректі емес. Ал кредиттік менеджерлердің базаға қол жеткізуі шектелген. Олар әрі кетсе, 100–200 клиенттің деректерін жүктеп алып, сата алуы мүмкін", – деді Олжас Сатиев.

Оның пікірінше, қазақстандықтардың дербес деректерінің құпиялылығын құртатыны – негізінен, конкурстар. Бұған қоса, адамдар онлайн кредит алуға үйір болып алды, онда барлық деректер WhatsApp арқылы белгісіз біреуге жолданады.

"Ол ұйымдардың өз жүйесі, өз дерекқоры бар. Кез келген менеджері қашықтан сол жүйеге кіріп, жұмыс істей береді. Тиісінше, бүкіл дерекқорды бөтен біреулерге сата салуы да мүмкін. Яғни, азаматтар: "Алдап соққан алаяқтар мына бір алпауыт банктің атынан хабарласты, оның жүйесін бұзып кірген сияқты" деп жатады. Шын мәнінде, дербес деректер көбіне басқа бір сервистерден алынады. Көпшілік жағдайда әлдебір конкурста немесе басқа жерде дербес деректерін жария ете салған азаматтың өзі алаяқтыққа жол беген болып шығады", – деді О.Сатиев.

Тұйықтан шығаратын жол қандай? Қазақстан халқының цифрлық сауаттылығын ғана көтерумен шектелмей, халықтың қаржылық, заңгерлік сауатын ашу қажет.

Себебі, қазіргі кезде қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығы деңгейі 85,3 %ға жетті. Тіпті ауылдық жерлерде – 82,2 %. Бұл ғаламат көрсеткіш. Бұл дамыған елдердің межесі.

Бірақ смартфонды шұқылап, ғаламторды кезіп үйренген еңбектеген бала мен еңкейген қарттар күдікті сілтемелермен өтуге болмайтынын білмейді, тіпті сол күмәнді сілтемелер мен сайттарды айыра да алмайды. Мұндай аңғалдық смартфонға телмірген халқымызды алаяқтарға айдап апарып, алдына топ етіп түсіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу