"Яндекс Такси" Қазақстанда жүргізушілерді өзіне кері оралту үшін комиссиясын өзгертуге шешім қабылдады. Осы мақсатта ол жүргізушілермен арасындағы есеп айырысуын да жеңілдетеді.
Атап айтқанда, бір қала ішіндегі бір тарифтегі комиссияны бірдей етпек және жүргізушілердің табысы мен одан алып қоюларының егжей-тегжейлі есептемесін сервиске қосатын болды. Өйткені таксишілер агрегатордың бұл ісі мөлдір еместігіне шағымданады.
"Яндекс Такси" бір жарым аптадан кейін, 19 ақпанда Қазақстанның қалаларының басым көпшілігінде "Экономдағы" комиссиясын төмендетуге уәде етіп отыр. Компания мұның Қазақстандағы ең үлкен сұранысқа ие бұқаралық тариф екенін қаперге салды.
Informburo.kz хабарлауынша, "Экономдағы" комиссияның төмендеуі жүргізушілерді осы тарифке тартуға, такси қызметінің құнын ұстап тұруға және "Экономның" жүргізушілер үшін қолжетімділігін сақтауға ықпал етуі керек. Дегенмен, комиссияның қаншаға төмендетілетіні нақтыланбады.
Бір белгілісі, бір қаладағы барлық жоғарылатылған тарифтерде бірдей комиссия қолданылады. Ал, бірдей комиссия жүргізушілерге әртүрлі тарифтерді үйлестіре қолдануды және өз табысын есептеуді ыңғайлы етуге тиіс.
Сервис енді әр таксишінің тапқан табысының және одан ұсталған ақының есеп-қисабын бүге-шігесіне дейін көрсетуге ниетті. Ол болмаған соң, жүргізушілер діттеген жеріне жеткізіп тастаған жолаушыларынан түскен қаражаттың өзіне тиесілі үлесі толыққанды түспейтініне шағымданады.
Сондықтан таксилетіп нәпақа табатын көлік иелері өз табысының неден құралғанын, жай-жапсарын білгені маңызды. Ресейлік агрегатор сервисте жүргізушілер үшін әрбір сапар бойынша комиссияның, мемлекеттік бюджетке ұсталатын салықтардың, қосылатын бонустардың және қосымша қызметтердің көлемін ашып көрсететінін мәлім етті.
Айта кету керек, қазіргі кезде "Яндекс Такси" бірқатар пилоттық жобалар бойынша мемлекеттің серіктесі болып табылады. Мысалы, ол "платформалық жұмыспен қамту" жобасы аясында салықтық агент мәртебесіне ие. Өзіне тіркелген қазақстандық жүргізушілердің табысынан бюджетке, ӘМСҚ, МӘСҚ, БЖЗҚ сияқты қаптаған қорларға аударылатын алым-салықтарды, жарналар мен аударымдарды есептеп, ұстап қалады.
"Елімізде "E-Salyq Business" мобильді қосымшасы 2023 жылғы қыркүйектен бастап платформалық жұмыс істеу бойынша пилоттық жобаны іске қосуға мүмкіндік берді. Бірінші кезеңде "Яндекс Таксимен" ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Қазірдің өзінде Астана, Алматы қалаларында 10 мыңнан көп такси жүргізушісі жобаға қатысуда", – деген болатын Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев.
Биыл барлық өңірлерді қамтуға тиіс.
Дегенмен, сарапшылар салада қордаланып жатқан проблемалар кешенді шешілмей тұрғанын айтады. Салдарынан, "Яндекс Такси" не айтса, нарықта сол болады, өзі би, өзі қожа. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әзірге жартыкеш құралдар ғана қолданылатынын білдірді.
"Бізде басты монополист "Яндекс Go" екенін бәріміз білеміз. Ол Yandex картасына басқа бірде-бір жүйені кіргізбейді. Америкалық "Uber" кіріп көрді, ығыстырып тастады. Қытайлық DiDi кірді, қуып шықты. Нарығымызда бір өзі қалды. "Яндекс Go" еліміздегі бірде бір өзін-өзі реттеу ұйымына кірмейді! Оған қарасты таксопарктер, басқалар кіреді, оның өзі кірмейді. Yandex әкімдіктерге де ақпарат бермейді. Қай жерде қанша машина жүр, қалай тіркелді, ешқандай ақпарат жоқ, ешкім білмейді. Ол ақпарат Үкіметте де жоқ", – дейді Мұрат Әбенов.
Оның мәліметінше, Қызылорда әкімдігі таксопарк құру үшін такси алған екен, оларды да Yandex жүйесіне кіргізбей қойыпты.
"Біз Yandex-ке ақша төлеп тұрмыз. Қазақстан Yandex сияқты ұлттық төл платформасын құрмай, іс оңбайды. Әйтпесе жасап жатқанымыздан еш нәтиже болмайды. Yandex-ке ешкім де қарсы шыға алмай тұр: отандық таксопарктер Yandex не айтады, соны жасайды. Ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Ол қазірдің өзінде: "Маған көп тиісе берсеңіздер өшіріп тастаймын, халықтың бәрін шулатамын" деп қорқытып жүр. Оның алдын алуды ойлап жатқан министрлік бар ма?" – дейді мәжілісмен Әбенов.
Құзырлы органдар "Яндекс Таксидің" монополист екенін мойындамайды. Ресми дерек бойынша нарықта одан басқа InDrive, Maxim, Аparu, Tappy Taxi және басқа таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары, агрегаторлары жұмыс істейтіні, олар өз қызметін тәуелсіз, бәсекелестік негізде жүзеге асыратыны алға тартылады.
Қазіргі кезде Парламентте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қаралуда.
Ол елдегі агрегаторлардың қызметіне өзін-өзі реттеу ұйымы (ӨРҰ) арқылы жанама бақылауды енгізуді қарастырады. Егер Сенат кейін алып тастамаса, заң жобасында әзірге такси агрегаторлары мен мобильді қосымша-сервистердің "Автотасымалдаушылар палатасының" құрамына мүше болуын талап ететін норма бар.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың түсіндіруінше, алпауыт такси агрегаторларының ӨРҰ-ға міндетті түрде мүше болуы пысықталуда.
"Заң жобасында осындай интернет агрегаторлардың міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға кіруі қарастырылған. Егер ол ӨРҰ-ға мүше болмаса, оның қызметі заңсыз деп танылады. Соның аясында, бекітілетін қағидалар мен стандарттар арқылы осы ұйымдардың мемлекетке толық ақпарат беруін, оның ішінде өзіне мүше болатын қарапайым жүргізушілерге де ақпарат ұсынуын қарастырамыз деп отырмыз. Қазір қазақстандық нарықта "Яндекс Go"-ден басқа тағы 7 такси шақыру сервисі бар. Бірақ мысалы, қазақстандық "Aparu" тек Өскеменде ғана істейді", – деді Марат Қарабаев.
Ол перспективада тек Ресеймен шектелмей, Батыстың жаһандық брендтерін шақыруды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Мысалы, Еуропада жақсы жағынан танылып жүрген бір компаниямен келіссөздер жүргізілуде екен.
"Қазір оның атын айта алмаймын. Жалпы, сол компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Соны нарыққа үшінші ірі ойыншы ретінде алып келу жоспарымызда бар", – деді Көлік министрі Қарабаев.