"Қолөнершілер хоббиін бизнеске айналдыруы қажет"

2826

Қазан айының 11-12 аралығында "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауы өтеді.  

 "Қолөнершілер хоббиін бизнеске айналдыруы қажет"

Еліміздің барлық өңірі мен ең ірі үш қалаласында отандық 1077 компанияның қатысуымен өткен аймақтық іріктеу көрмелері мәресіне жеткен болатын. Келесі қадам – республикалық деңгейдегі конкурста 17 өңірдің жеңімпаздары үш номинация бойынша бақ сынайды. "Атамекен" ҚР ҰКП ұйымдастыруымен өткелі отырған осы шараға қатысатын 153 кәсіпорын "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар", "Халық тұтынатын үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары" аталымдары бойынша тауарларын халық сынына ұсынбақ.

"Атамекен" ҚР ҰКП әлеуметтік бастамалар департаментінің Басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова конкурс жеңімпазы онлайн дауыс беру арқылы анықталатынын айтты.

"Байқау жыл бойы жүргізіліп, 11-12 қазан күні қорытындысы шығады. Көрмеде компаниялар тауарлары жайлы тұтынушылардың, мамандардың пікірін тыңдайды. Бұл маркетинг үшін таптырмас алаң. Жеңімпаздар желтоқсан айында мемлекет басшысының қатысуымен өтетін алаңда анықталады. Барлық қазақстандықты 15-25 қазан күндері үздік тауарларды анықтауға қатысуға шақырамын. Дауыс беру онлайн жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, қолөнершілерге айырықша көңіл бөлінеді. Кәсіпқой қолөнершілер келіп, шеберлік сыныптарын береді. Мысалы, Жаңа Зелландиядан келетін шебер кез келген ынталы адамға шыны бұйымдарын жасауды үйретсе, испаниялық маман тері өңдеу құпияларын ашады. Көрме көрсету үшін ғана емес. Көрмеде кәсіпкерлер өз бизнестерін дамытуы үшін пайдалы байланыс орнатып, жаңа мүмкіндіктер алады",–-деді Салтанат Әбдікәрімова.

"Атамекен" ҚР ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова әріптесін қолдай отырып, Қазақстанның қолөнерімен демалыс-сауықтыру орындарын байланыстыру қажеттігін айтты.

"Көрмеде қолөнершілерді Қазақстанның үздік тауарларымен байланыстырамыз. Өйткені қолөнер де бизнес, ол да қарқынды дамуы керек. Қолөнершілер де бизнестің тетіктерін пайдаланулары керек. Әдетте, демалыс-сауықтыру орындарының дүкендерінде қазақстандық қолөнершілер тауарлары сатылымда бола бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Қазақстандық кәдесыйлар бренд болуға тиіс. Көрме-байқау кезінде "Ұлы дала елі" атты қолөнершілер форумы да өтеді. Форум алаңында өнімдерді өткізу нарықтары қарастырылып, ұлттық нақыштағы заманауи өнімдер ойластырылады. Мемлекет ұсынып отырған көптеген қаржылай, техникалық қолдауды пайдалана отырып, қолөнершілер хоббиін бизнеске айналдыруы қажет",– деді Ләззат Рамазанова.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу