Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстарын басқару мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды. Өндіріс автоматтандырылғаннан кейін осындай қажеттілік туды. Бірінші болып Қазақстанда көмір өнеркәсібінің мамандықтарына деген сұраныс жоғалады деп күтілуде.
"Біз бүгін сұрынасқа ие болмайтын мамандықтар тізімін қарастырып жатырмыз. Біз үлкен жұмыс тобын құрдық... Одан әрі көмір өнеркәсібі қатардан кетуі мүмкін. Қазір мысалға Еуропада көптеген көмір шахталары жоқ, жаңа қуат көздері пайда болуда. Бұл бүгін-ертең болатын іс деп айта алмаймын, бірақ 20 жылдан кейін шахта мәселесі өзекті болады. Біз бүгін көмір өнеркәсібіне қатысы бар барлық мамандықтар бойынша жұмыс жүргізуді бастауымыз керек", - деп мәлімдеді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова үкіметте өткен брифингте.
Өндірістің компьютерленуіне байланысты босап қалған орындар саны көбейеді деген болжам бар. Егер бұрын бір өндіріс орнында 10 адам жұмыс істесе, енді оған бір ғана маман жеткілікті.
"Жұмыскерлерді жаңа жұмыс орындарына қайта бейімдеу керек. Мұндай жұмыс тобы құрылды. Біз екі бағытта жұмыс істейміз. Біз жыл соңына қарай қандай салалармен жұмыс істеу қажет екенін айтатын шығармыз. Тау-кен өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізу бойынша бірқатар мәселе бар. "Қазақмыс", "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарына сұрақтар бар. Бұл кәсіпорындар техникалық жаңғыртуды қарастыруда. Жұмыс күшін басқару және көшіру бойынша нақты қадамдар жасалып жатыр", - деп мәлімдеді министр.
Еңбек министрлігінің басшысы еліміздегі әйелдер мен ер адамдар еңбегіне ақы төлеуде теңсіздік мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, ондай кемсітушілік жоқ.
"Еңбекақысы бойынша мынаны айтқым келеді. Егер Астана, Ақтөбе, Алматы қалалары мен оңтүстік Қазақстан облысында математика пәнінен сабақ беретін әйел және ер мұғалімдердің еңбекақысын қарасақ, бәрінің ақысы бірдей. Себебі олардың оқыту, қызмет көрсету стандарттары бірдей. Ал егер тау-кен өндірісі саласында зиянды өндіріспен жұмыс істейтін және зиянды өндірісте еңбек етпейтін адамдардың еңбекақысына келер болсақ, оларда айырмашылық бар, себебі жұмыс ауыр. Осыған байланысты еңбекақы мәселесінде кемсітушілік бар дегенмен келіспеймін. Еңбекақы жұмыстың көлеміне, қиындығына және жұмыс жағдайына байланысты көп не аз болады", - деп есептейді еңбек министрлігінің басшысы.
Динара Қуатова