Коммуналдық қызметтер ақысы орта есеппен 3-4 мың теңгеге өседі – Әлібек Қуантыров

Халықтың әлеуметтік осал топтарына әкімдіктер тарапынан коммуналдық өтемақы төленеді. 

Коммуналдық қызметтер ақысы орта есеппен 3-4 мың теңгеге өседі – Әлібек Қуантыров Фото: inbusiness.kz

Үкімет отырысындағы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруіне қатысты жан-жақты түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның сөзінше, Министрлік 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді бекіткен.

"Нәтижесінде, тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі орташа есеппен 10-30%-ды құрайды", – деді ведомство басшысы.

Бұл ретте ол халықтың әлеуметтік осал топтарына әкімдіктер тарапынан коммуналдық өтемақы төленетінін атап өтті.

Жылу ақысы 20%-ға артады

Оның айтуынша, бүкіл инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі үш топқа жіктелген. Олар:

1) қызыл аймақ;

2) сары аймақ;

3) жасыл аймақ болып топтастырылды.

Осылайша, жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі "қызыл" аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестицияларды тартуда басымдық беріледі. 

"Жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-тен асады, оның ішінде 24 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді.Аталған салаға биылғы жылы 112 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. 2023 жылы желілердің тозуы 58%-дан 55%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы "қызыл" аймақтан 6 кәсіпорын шығады деп көзделуде", – деген ведомство басшысы тікелей коммуналдық тарифтерге тоқталды.

Мәселен, министр 2 бөлмелі пәтер үшін жылу ақысы орташа есеп 1620 теңгеге немесе 20%-ға артатынын айтады.

Электр жарығының ақысы орта есеппен 660 теңгеге өседі

"Электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде 16 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға ағымдағы жылы 92 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар", – деген министр болжамға тоқталды.

Нәтижесінде 2023 жылы желілердің тозуы 64%-дан 62%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

"Орташа квитанция 660 теңгеге немесе 20%-ке ұлғаяды", – деп нақтылады Қуантыров.

Қымбатшылық су тарифіне де жетті

Сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-дан асады, оның ішінде инвестициялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бекітілген. Аталған салаға осы жылы 29,5 млрд теңге инвестицияланады.

2023 жылы желілердің тозуы 63%-дан 58%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы "қызыл аймақтан" 8 кәсіпорын шығады деп жоспарлануда.

Орташа пәтер квитанциясы 200 теңгеге немесе 25%-ке ұлғаяды.

"Осылайша, барлық коммуналдық қызметтер бойынша орташа тарифтің ұлғайы шамамен 3-4 мың теңгені құрайды", – деп нақтылап өтті ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу