Көңілді министр әрі шулы шенеунік: Арыстанбек Мұхамедиұлының ел есіндегі "хикаялары"

12653

"Ұсталды", "ұсталмады", "өзіне қол салды", "жоқ үйінде" деген Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты ду-ду әңгіменің нүктесін кеше антикор қойды. 

Көңілді министр әрі шулы шенеунік: Арыстанбек Мұхамедиұлының ел есіндегі "хикаялары"

Бұрынғы министрдің қамауға алынғанын агенттіктің өзі растап отыр. Ұлттық музей басшысының басына қара бұлт үйірілгелі бері не үшін жұрттың бір бөлігі оны қаралай кетті? Ал екіншісі не үшін ақтауға тырысады? Айтысып жатқан қос тараптың бірінің ығына жығылғымыз жоқ. Тек бұрынғы министрдің жүріп өткен жолын шолып өтсек дейміз.

Ректорлыққа дейінгі Әлиев

Арыстанбек Әлиев (кейін ғана Мұхамедиұлы болған) Алматы облысының Талғар ауданының тумасы. Келесі жылы алпысқа толады. Бір қызы, екі ұлы бар.

1981 жылы Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектебін бітіргеннен кейін ол Алматыдағы мемлекеттік консерваторияға түседі. 1986 жылы консерваторияны бітіреді. Оқу оқып жүрген кезінде-ақ Арыстанбек Әлиев Қазақ КСР мемлекеттік симфониялық оркестрінде әртіс болып жүрген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін музыканттың "бағы жанып", үш жылда үш рет ауысқан мәдениет министрінің көмекшісі, әрі сол министрлікте бас маман қызметін атқарады. Яғни музыкант билік дәмін сол тұста татқан. 1994 жылы оның қызметі өсіп, "Гүлдер" ансамбліне директор болады. Бұл қызметте Мұхамедиұлы екі жыл аялдайды. Бір жылдан кейін президент жанындағы ұлттық мемлекеттік жоғарғы басқару мектебінің тыңдаушысы атанады. Кейін Қазақ мемлекеттік университетінде аспирантураны бітірген.

Мәдениет министрі атанбас бұрын ол 2006-2007 жылдары осы ведомствода вице-министр қызметін атқарып кеткен. Алайда көп аялдамай президент әкімшілігіне бас инспектор (мәдениет саласында) лауазымына тағайындалады. Инспекторлықтан ректорлыққа ауысады. Сол жылы өнер академиясының ректорлығына келе сала Әлиев деген тегінен бас тартып,  оны Мұхамедиұлына өзгерткен. Өзі бұл өзгерісті "мені Рахат Әлиевтің туысы дейтіндер көбейді, 2007-2008 жылдардағы саяси оқиғалар ата-тегімді тезірек өзгеруге ықпал етті" деп түсіндірген. 6 жыл ректор болғаннан кейін Арыстанбек Мұхамедиұлы 2014 жылы Мұхтар Құл-Мұхамедтің орнын басып, мәдениет және спорт министрі қызметіне келеді. Бұл қызметте табаны күректей бес жыл болған соң, 2022 жылы ұсталғанға дейін ұлттық музейде директор болды.

Мәдениет және СПОРТ

Мәдениет және спорт министрлігіне келгеннен кейін мәдениеттің адамы спортқа да барынша назар аударуға тырысты. Мәселен, Арыстанбек Мұхамедиұлы велосайыстардан, ат спортының марафондарынан қалмайтын. Жанына жұлдыздар мен спортшыларды ертіп алып, брусяда шынығып, видео тарататын әдеті бар-тын. Бұл күнде ұсталып, артынан сөз борап жатса да оның кей салада еңбегі барын мойындау керек. Мысалы, дәл осы министрдің тұсында елде көрсетілетін фильмдерге титрмен болса да (дубляжбен емес) қазақ тілі міндеттеле бастады. Әлбетте, саладағы проблемалар әлі күнге дейін дау туғызып жатса да, кинематографтағы бұл платформа бәрібір бастау алғанын атап өту керек.

Арыстанбек Мұхамедиұлы министр қызметін ұзақ уақыт атқарған шенеуніктің бірі. Спортпен есептегенде бір жарым олимпиадалық циклді басып өтті. Қысқы олимпиаданы Алматыда өткіземіз деп ала-шапқын болғанымен, Бейжіңге жол берді. (Кейінгі Қаңтар оқиғасын есепке алғанда қысқы олимпиаданың Қазақстанда өтпейтіні абырой болған). Бір қызығы, Мұхамедиұлының тұсында спорт саласындағы маңызды мәселелерді реттеу тетіктерінің бәрі Ұлттық олимпиада комитетіне өтіп кетті.

Министрдің көптің көзіне іліккен бір әрекеті 2014 жылы Алматыда әлем чемпионаты өткен кезде болды. Ол тұста Илья Ильин әлем чемпионы атанған еді. Ауыр атлетті марапаттау рәсімінде Қазақстанның әнұраны ойнап тұрғанына қарамастан Арыстанбек Мұхамедиұлы жүгіріп шығып, әнұран айтып тұрған спортшының құлағына телефон тосқан. Кейін "спортшыға телефон соққан адам – Қазақстан Президенті Назарбаев" екені белгілі болды.

Шулы министр

Арыстанбек Мұхамедиұлының 2016 жылы Жүргенов атындағы университеттің студенті Еңлік Сыдықовамен дауы жұрттың аузында біраз талқыға түсті. Студент видео жариялап, кезінде академия ректоры болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлын оқуға түсуіне көмектесу үшін "әуелі ақша сұрап, кейін жыныстық бопсалады" деп айыптаған. Мұхамедиұлы әуелде өзіне қатысты мәлімдеме жайлы комментарий беруден бас тартқан. Кейін ол айыпты "дәлелсіз" деп терістеген. Кейін Еңлік Сыдықова тағы бір видео жариялап, дауды әрі қарай жалғастырғысы келмейтінін жария етті.

Осы дауға Тұңғышбай Әл-тарази де араласып, министрмен актер де біраз жерге барысқан. Бір-біріне ауыр айып тағып, ақыры Тұңғышбай Әл-тарази заңға тартылды. Фильмнің ақшасын жымқырды деген айыппен актердің 3,5 жылға бас бостандығы шектеліп, басшылық қызметінен аластатылды. Бір айта кетерлігі, биыл Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен іс қозғалғаны туралы алғаш ақпарат шыға бастаған кезде Тұңғышбай Әл-тарази БАҚ өкіліне "Арыстанбек Мұхамедиұлының арыз түсірген үстінен мен" деген екен. "Енді қазір дүние өзгерді" дейді актер.

"Сіздің арқаңызда ғой..."

Арыстанбек Мұхамедиұлы қай іс-шарада жүрсе де бісмілләсін "Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында деп бастайтын". ЭКСПО-дағы мәдени іс-шаралар болсын, Қанат Исламның кәсіпқой бокс кеші болсын бұрынғы министрдің аузынан осы сөз түспейтін еді. 2015 жылы қараша айында үкімет жиынын өткізген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берген жауабы тіпті жұрттың күлкісін келтіргені бар. Назарбаев сол кезде "550 жылдығын қазақтың атап өттік қой. Айтшы, Арыстанбек, 550 жылдың ішінде қазақ дәл осылай өмір сүрді ме бір күн?" деп сұрағаны бар. Арыстанбек Мұхамедиұлы болса оған: "енді, Нұрсұлтан Әбішевич, шынын айтқанда бәріміз бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой... Енді, тәуелсіздік арқасында, сіздің арқаңызда" деп жауап берген-тін.

Журналистермен кездескенде Арыстанбек Мұхамедиұлы кейде сөзден мүлт кетіп жататын. 2016 жылы көршілес қырғыз елінің ашуын келтіргені бар.

"Шынында да, жасыратын түгі жоқ. Мәскеуге ұшып келгенде қоғамдық әжетхананы біздің көршілес елдердің қыздары тазартып жүргенін көресің. Әлбетте, бұл сенің іште көңіліңді бұзады. Жап-жас болып ол қалайша қоғамдық әжетхананы тазартып жүр? Әрине, өз еліңде жұмыс болмаған кезде қырғыздардың көбі елінен кетуге мәжбүр болды", – деген еді министр.

Интернетте қазақ министрінің бұл сөзі қырғыздар тарапынан қызу талқыланған. Аңдамай айтылған сөз үшін тіпті Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрлігі Қазақстанға наразылық нотасын да жолдаған.

2018 жылы да Арыстанбек Мұхамедиұлы "қысқы олимпиадада қазақстандық спортшылар жеңіске ұшырағаннан басқа жолы жоқтығын" айтқан. Алайда бір қора болып барған спортшылар бір қола алып қайтты.

Кейде аңдамай сөйлесе де басқа министрлер секілді Арыстанбек Мұхамедиұлы жауаптан қашпайтын. Журналистердің сұрағына шамасы келгенше соңына дейін жауап беріп, сұхбаттарға да барынша ашық екенін көрсеткісі келетін.

Өзіне қол салғаны рас болып шықты ма?

2022 жылдың 16 мамырында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музейдің басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгенін жария етті.

"Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде", – деп ақпарат таратты антикор.

Ведомствоның хабарлауынша, келісімшарттың жалпы сомасы 1,2 миллиард теңге.

Осы ақпараттың ізімен бұқаралық ақпарат құралдарында Арыстанбек Мұхамедиұлының "өз тамырын кесіп, өз-өзіне қол салғаны" туралы ақпарат тарады. Оның баспасөз хатшысы бұл деректі жоққа шығарып, онлайн баспасөз мәслихатын өткізуге уәде берген. Алайда 20 мамырда Мұхамедиұлының жан сақтау бөлімінде жатқаны туралы тағы бір ақпарат тарады. Музейдің ресми өкілі Айдар Қырықбай сол күні Арыстанбек Мұхамедиұлының жалпы палатаға ауыстырылғанын, оның ауруханада жатуына өз-өзіне қол салуы себеп болмағанын мәлім еткен.

БАҚ 27 мамырда бұрынғы министрдің ауруханадан бірден уақытша оқшаулағышқа қамалғаны туралы ақпарат таратты осыдан кейін. Алайда Айдар Қырықбай бұл мәліметті жоққа шығарумен болды. Тіпті 29 мамырға дейін әлеуметтік желіде Айдар Қырықбай "таңертең ғана сөйлестім, үйінде болған" десе де, 29 мамырда түстен кейін Антикор Арыстанбек Мұхамедиұлының ұсталғанын ресми түрде жария етті.

Осылайша, бір кездері ат үстінде жүрген Арыстанбек Мұхамедиұлы тергеуден өтіп жатыр. Қамаудағы бұрынғы министр ақталып шыға ма? Әлде соттала ма? Уақыт еншісіндегі мәселе.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу