Кооперация құруда бос ұранға жол берілмеуі керек

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
2492

Жері мен малы аздар, жері мен малы көптерге жұтылып кетуден сескенеді.

Кооперация құруда  бос ұранға жол берілмеуі керек

Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы жолдауында аймақтардағы жеке үй шаруашылықтары мен фермерлерді кооперативтерге тартып, шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру бойынша тапсырма берген болатын. Аталған мақсат-міндет Оңтүстік Қазақстан облысында қалай орындалып жатыр? Кооперацияның игілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарының нәтижесі қандай?  Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен күнгейдегі бірқатар аудандарда "Кооперация - агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі" атты көшпелі семинар өткізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы жиындарына облыс кәсіпкерлері, аудан-қала әкімдері мен шаруашылық саласының мамандары қатысуда.
Өйткені шаруашылықтарды біріктіру - табиғи таза өнім өндіріп, оның көлемін ұлғайтып, экспортқа шығаруға мол мүмкіндік бермек. Алайда шағын шаруалардың бірігуіне бірқатар қолбайлаулар барын жасыруға болмайды. Бiрiншiден, шаруашылықтар  кооперативтерге мүше болып  бiрiгудiң тиiмдiлiгiн әлі күнге толық түсінбей отыр.  Мұндағы басты мәселе – пайда ортақ болса, бөлісе алмай қаламыздың кері. Қазақы түсінікке салсақ, жері мен малы аздар, жері мен малы көптерге жұтылып кетуден сескенеді. Екіншіден, ауылдағы ағайын  кооператив мүшесi болсаң  қосқан мүлкiң мен еңбегiне қарай өз үлесiңді алып отырасың дегенге аса сене қоймайды.  Сенгісі де келмейді. Енді не істемек керек? Облыс деңгейінде өткізіліп жатқан көшпелі семинарлар ауылдағы шағын қожалықтарды біріктіруге үндей ала ма? Жоқ әлде облыс әкімдіктің әрекеті "жиын өткіздік, түсіндірдік, қалғанын өзің білесің" дегенге саятын тірлік пе?

Отырар ауданының экономикасына сүбелі үлес қосып жүрген  "Мелио-сервис-Е"  ЖШС директоры Садық Есмұрзаев  облыс әкімдігінің бастамаларын толығымен қолдайды. Белді кәсіпкер ауыл болашағын кооперациямен байланыстырады. "Ауыл шаруашылығының ендiгi тағдыры фермерлердiң қолында" деген Садық Есмұрзаев ауыл шаруашылығын көтеруге байланысты бiрнеше кеңес ұсынып отыр.

"Шаруа қожалықтарының аграрлық саланы дамытудағы алар орны ерекше. Десек те ауыл шаруашылығы экономиканың iшiндегi күрделi салалардың қатарына кiредi. Сондықтан агроөндiрiстi өркендету үлкен күштi талап етедi. Осы орайда мен кооперативтер құру үшін жер-жерлерде, ауыл-аудандарда халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынған болар едім, – дейді директор.  – Бұл үшiн кооператив мүшелерiнiң бәрi өздерiнiң мал-мүлкiн ортаға салып, бiрлесiп жұмыс iстеуi керек. Сонда несиеге қол жеткiзу де оңай болады. Мұндай тәсiл әлемдiк тәжiрибеде бұрыннан бар. Мәселен Германияда шаруалар кооперативтерге бiрiгiп жұмыс iстейдi. Бiзде де ұсақ шаруа қожалықтары бiрiгiп өнiм өндiрсе, нәтижелi көрсеткiштерге қол жеткiзерiмiз анық".

Екiншiден, ауылдағы тұтынушылар кооперативiнiң (СТК) жұмысын жандандыру қажет. Мемлекет тарапынан қаржы, көмек болса, бұл кооперативтердiң түрлi шаруаларды атқаруға мүмкiндiгi мол. Су жүйелерiн тартып, ретке келтiру, коллектор, дренаждарды жөндеп, тоспаларды қою, жердi тегiстеу сынды жұмыстарды атқара алады. Сонда фермерлер мұқтаж болып отырған көптеген мәселелер өз шешiмiн табар едi.

Үшiншiден, соңғы үлгiдегi техника мен технологияны игеруден қалып бара жатқанымыз шындық. Сондықтан осы мәселеге де жiтi көңiл бөлiнiп, шаруаларға қаржылай көмек берiлсе екен. Егер фермерлер кооперативтерге бiрiксе, техника сатып алу да жеңiлдей түседi.

Төртiншiден, Қазақстан фермерлер одағы, басқа да қаржы институттары арқылы кооператив ұйымдастырып жатқан шаруаларға грант берiлуi қажет.

Бесiншiден, үкiмет арнайы жоба жасап, "Даму" бағдарламасы арқылы фермерлерге жеңiлдiкпен ұзақ мерзiмдi несие бөлгенi абзал. Қазiргi таңда елiмiзде пайдаланылып жүрген техникалардың жартысынан астамының тозығы жеткен, мото ресурстары толық сарқылып бiткен. Қосалқы бөлшектерi, агрегаттары табылмай, фермерлер қиналып жатады. Сондықтан алдағы уақытта ашылатын жабдықтау кооперативтерi Үкiмет тарапынан бiр рет қаржыландырылуға тиiс деген пiкiрдемiн. Аудан орталықтарынан жабдықтау кооперативтерiн ашуға мүмкiндiк жасалынса, тауар өндiрушiлер қажеттi жанар-жағармайды, сапалы тұқым, қосалқы бөлшек, минералды тыңайтқыш, пестицид, гербицидтердi алыстан iздемей-ақ, жақын жерден сатып алып отырар едi.

Қазiргi уақытта жабдықтау кооперативтерi фермелердің АҚШ-та – 70, Францияда – 40, Германияда – 60, Скандинавия елдерiнде 75 пайызын қажеттi дүниелермен қамтамасыз етiп отыр. Бiздiң елде фермерлердi жабдықтаушы кооперативтер жоқтың қасы.

Алтыншыдан, қазiргi таңда ауыл тұрғындары несиелерге аса мұқтаж. Бiздегi екiншi деңгейлi банктер "ауданда банк филиалы жоқ" деген сылтаумен құжаттарды қабылдамайды. Немесе өздерiнiң бағдарламасында шаруа ұсынған жобалардың жоқтығын айтып, меселiн қайтарады. Сол үшiн осы мәселе мiндеттi түрде ескерiлуге тиiс. Өйткенi, ауылға несие жетпей жатыр.

Жетiншiден, "КазАгроҚаржы" АҚ арқылы лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шарттары қайта қаралса, дұрыс болар едi. Техникалардың бағасы қымбат, фермерлерге техниканы сатып алудың оңайлатылған түрлерi ойластырылып, алаңсыз жұмыс iстеулерi үшiн ыңғайлы жағдай туғызу қажет. Бүгiнгi уақытта басты талап осы болып тұр. Ең негiзгiсi, лизинг қолжетiмдi болуға тиiс.

Сегiзiншiден, тек ауыл шаруашылығы кооперативтерiне және ауылдағы тауар өндiрушiлерге несие беретiн "Агробанк" немесе "Фермер банк" ашуды ұйымдастыру керек.

Тоғызыншыдан, барлық ауданда ғимараттар мен мүлiктердi несие берiлерден бұрын бағалайтын жұмыс топтары құрылуы қажет. Себебi, облыс орталығындағы бағалаушыларды ауылға келтiру қиын. Келген жағдайдың өзiнде ғимараттың елу пайызын ғана бағалап кетедi. Себебi, олардың көпшiлiгi екiншi деңгейлi банктердiң мүддесiне қарай жұмыс iстейдi. Сондықтан осы мәселенi халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қолға алып, тезiрек шешiлуiне ықпал жасаса, тауар өндiрушiлер бiр серпiлiп қалар едi.

Соңғысы, Сырдария және Арыс өзендерiнiң атырабында егiн егетiн шаруалар кейде нағыз судың керек кезiнде су тапшылығын тартып, қиналады. Осы мәселе де Үкiмет назарынан тыс қалмаса екен.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу