Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы құрылады

2811

Бұл бастама кооперацияға серпін береді.

Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы құрылады

Астана экономикалық форумы аясында өткен түркі тілдес елдердің  іскерлік кеңесінде ұйымға мүше мемлекеттердегі сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары түркі сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжатқа қол қойды.

"Түркі тілдес елдердің іскерлік кеңесінің отырысына келген барлық қатысушыларды құттықтаймын. Бүгінгі ортақ палата өңірлік және жалпы даму мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған болатын. Қазақстан үкіметі бұл бастаманы қуана қолдайды және оны дамытуға мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруда мүмкіндігінше қол ұшын береді. Бұл бастама түркі елдеріндегі жеке сектор үшін де тиімді болады. Ынтымақтастықтан нақты нәтиже күтеміз", – деді премьер-министр  Асқар Мамин кеңес отырысында.

Өз кезегінде "Атамекен" ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов түркі тілдес елдердің сауда-өнеркәсіп палаталары байланыстың тамырын тереңдете беруі тиіс екенін тілге тиек етті.

"Түркі тілдес елдермен біздің тарихымыз, мәдениетіміз бір. Бұл байланысты кәсіпкерлік саласында дамыту маңызды. Түркі тілдес мемлекеттерде 152 миллионға жуық халық бар, ал жылдық ЖІӨ көлемі 1 трлн доллардан асады. Біз дәл осы нарықты дұрыс қолдана білуіміз керек", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның сөзінше, түркі тілдес елдердің сауда-өнеркәсіп палатасы ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік бағытында кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келді.

"Бүгінгі таңда экспортпен айналысатын кәсіпкерлердің кәсіптік білімін жетілдіру және кедендік бақылау жұмысын талапқа сәйкестендіруге қатысты заңнамалық құжат әзірленіп жатыр", – деді "Атамекен" ҰКП төрағасы.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, жаңа іскерлік ұйым кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланысты, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын, ішкі туризм, кеден, көлік сынды өзара тиімді салаларды дамытуға ықпал етеді. Қазір "Атамекен" ҰКП түркиялық әріптестерімен бірлесіп, сауда-саттықты жеңілдететін және кәсіпкерлер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін ортақ мобильді қосымша құрастырып жатыр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу