"Қорғастың" қазақстандық бөлігі шектеуге ұшырады

4510

Ел арасында "сауда жәннаты" аталатын "Қорғас" алдағы жылдары бұл танымалдылығын жоғалтуы ықтимал.

"Қорғастың" қазақстандық бөлігі шектеуге ұшырады

Қазірдің өзінде оған барып келгендер бағалардың қымбаттай бастағанын аңғаруда. Бұған биылдан бастап енгізіліп жатқан өзгерістер ықпал еткенге ұқсайды.

"Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы (ШЫХО) өзіне сапарлаған адамдар саны бойынша 2018 жылдың қорытындысында кезекті рекорд орнатты. Мәселен, 2017 жылы ол 1 миллион 134 мың адамды қабылдаған. Ал былтыр осы қазақ-қытай сауда шаһарына 5,92 миллион адам келіпті. Жаңажылдық және басқа ірі мерекелер тұсында "Қорғасты" шабуылдайтын сатып алушылар саны күн сайын 15 мыңға дейін жетеді.

Дегенмен таяу арада баруды жоспарлағандар "Қорғас" ШЫХО-ға қатысты үлкен өзгерістер болып жатқанын біле жүргені маңызды.
Орталықтың қазақстандық және қытайлық секторларының әкімшіліктері 2019 жылғы 1 мамырдан бастап, Қазақстан кәсіпкерлерінің қытайлық бөлікке тауар жеткізуіне шектеу қою туралы бірлескен шешім шығарды. Дәл осыған ұқсас шаралар қытайлық кәсіпкерлерге қолданылады: оларға өз тауарларымен қазақстандық бөлікке өтуіне тоспа қойылды. Осыған қарамастан, қарама-қарсы жақта қала беруге ұйғарған кәсіпкерлердің барлығы қазір арнайы экономикалық режим қатысушыларына берілетін жеңілдіктерінен айырылып отыр. Нәтижесінде, кейбір сауда орталықтарында орындар босап қалған. Ал бәсекелестердің азаюы баға көтерілуіне әкелетіні экономика заңдылығы.

Мұның сыртында, Премьер Асқар Мамин қол қойған Үкіметтің 2019 жылғы 19 наурыздағы №121 "Мемлекеттік мүлікті республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берудің кейбір мәселелері туралы" қаулысымен "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының 100% акциялар пакеті Алматы облысы әкімдігінің құзырына берілді. Осыған дейін бұл акциялардың мемлекеттік пакеті кезінде орталықтың құрылысына инвестиция құйған "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының сенімді басқаруында болып келген еді.

Басқаша айтқанда, "Қорғас" енді облыстық коммуналдық меншікке айналып отыр.

Сонымен бір мезгілде, Үкімет "Қорғасты" жекешелендіру мәселесін де күн тәртібінен алып тастады. Аталған қаулыда: "Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысында бекітілген басым тәртіппен жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдардың тізбесінде: реттік нөмірі 7-жол алып тасталсын" делінген.

Әйтпесе, бұған дейін жекешелендіру нәтижесінде жаңа инвестордың келуі "Қорғастың" дамуына қуатты серпін береді деп күтілген болатын.

Өйткені қазақстандық бөліктің құрылысы мен абаттандырылуы, мазмұнмен толықтырылуы қытайлық бөліктен әлдеқайда артта қалуда. Орталық құрылғалы бергі 12 жыл ішінде қытай жағы өз бөлігінде көптеген сауда орталықтарынан, қонақүйлерден, ойын-сауық орталықтарынан, аттракциондардан тұратын тұтас қала тұрғызды.

Ал қазақстандық бөлік құрылыс сатысында жүр. Мәселен, 2019 жылғы 4 сәуірде өз отырысын өткізген "Қорғас" ШЫХО инвестициялық комитеті құрылысы салынады деп жоспарланған тағы бір жобадан бас тартуға мәжбүр болды. Жиында орталық аумағында нысандар тұрғызу үшін инвестор компанияларды іріктеу мәселесі талқыланып, келіп түскен өтінімдерді қарау нәтижесі бойынша шешім қабылданды.

"Golden Gate invest group" компаниясынан "Көпфункционалды сауда-көрме кешенін" салу туралы ұсыныс түсіпті. Алайда артынша 28 мамырда компаниядан қосымша құжаттар сұралған. Осы барлық құжаттар жиынтығын зерделей келе, инвесткомитет оған келісім беруден бас тартты. Отырыс хаттамасында көрсетілгендей, бұған "ҚХР азаматы Вэй Вэй мен "YUAN MAO" жауапкершілігі шектеулі қоғамы арасындағы инвестициялау бойынша құқықтық қатынастарды анықтау үшін ұсынылған құжаттардың жеткіліксіздігі" себеп болыпты.

Әйткенмен, "Қорғас" ШЫХО" АҚ президенті Қаһарман Жазин осы жылдар бойы инвестнысандарды салу бойынша 21 келісімге отырғандарын айтады.

"Тек 2018 жылы 12 инвестициялық компания тартылды. Іске қосылған сауда үйлерінің жалпы ауданы шамамен 25 мың шаршы метрге жетті. "Самұрық", "QazLumiere" сауда кешендерінде ойын-сауық аймағы, тамақтандыру орындары, қонақүй бар. Бұларда отандық және шетелдік өндірушілердің сантүрлі тауарлары сатылуда", – дейді Қаһарман Жазин.

Жалпы, кәсіпкерлер мен туристер "Қорғас" жақта кезігетін басқа да өзгерістерге тоқталсақ, биылдан бастап азаматтарға ШЫХО аумағынан әкетуге рұқсат етілетін жүк көлемі екі есе азайтылды.

"Тәртіп бойынша "Қорғас" ішінде сатып алған көлемі ірі тауарларыңызды шекарадан "Қазпошта" арқылы жөнелтесіз де, артынша өзіңіз кедендік терминалдан өткеннен кейін жүгіңізді қабылдау пунктінде кері қайтарып аласыз. Бұған дейін бір қолға 50 келі зат сатып алуға рұқсат етілетін. Заттарыңыздың жалпы салмағы одан асып кетсе, оныңыз "коммерциялық жүк" деп саналады. Тиісінше, бірыңғай ставка бойынша салық салынады: яғни, тауардың кедендік құнының 30%-ы көлемінде ақы төлейсіз. Енді қазір бұл салмақ 25 келіге, ал құны 500 еуроға дейін азайтып тасталды. Сондықтан азаматтар келген күні 25 келі тауарын өткізіп, автобус ішінде түнейді де, келесі күні кезекті 25 келі тауарына қайта аттанады. Осыған орай тасымалдаушылар да орындықтары жатын төсекке трансформацияланатын үлкен автобустармен қызмет көрсете бастады", – дейді қарағандылық саудагер Асқар Садуов.   

Жасыратыны жоқ, "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы көп жылдардан бері ірі жемқорлық жанжалдармен, туристердің шекарашылармен төбелесімен, бейберекет сауда және көлеңкелі бизнестің дауымен, шетсіз-шексіз кезегімен жаңалықтардан түспей келеді.

Жаңа қожайын және енгізіліп жатқан жаңа ойын ережелері "Қорғасты" сауда, экономикалық, кәсіпкерлік және инвестициялық өсім орталығына айналдырады деп сенім артылуда. Әзірге бұл үлкен той-томалақ өткізетін қазақстандықтардың, "1001 ұсақ-түйек" дүкендерін ұстайтын алыпсатарлардың қытай тауарларын баж салығынсыз тасуына жағдай жасайтын өткізу бекеті рөлін атқарып тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу