Еkonomist.kz онлайн сарапшылық алаңы мен MediaNet халықаралық журналистика орталығы өткізген пікірсайыста осы мәселе талқыланды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнестен түсетін копоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге берілді. Ал республикалық бюджетке тек ірі бизнес өкілдерінің корпоративтік табыс салығы түсетін болған. Экономист, EMCG консультанты Ақмарал Камалиева әлі де болса өңірлердің республикалық бюджетке алақан жаюы азаймағанын айтады.
"Бюджет шығындарының тиімсіздігі – мемлекеттік жоспарлаудағы негізгі проблеманың бірі. Жыл сайын миллиардтаған қаражаттың игерілмей қалғаны туралы есептері жарияланып жатады. Ал екінші жақта кейбір салаларға қаражат жетпейді. Осы мәселені шешудің бір жолы – мемлекеттік бюджетті орталықсыздандырып, жергілікті атқарушы органдарға көбірек өкілет беру керек" дейді сарапшы.
Оның айтуынша, 2010 жылдан бері жергілікті бюджеттердің кірісі мен шығысы айтарлықтай теңгерімді болған. Дегенмен шығыс кірістен көбірек болып келді. Ал 2020 жылдың алғашқы алты айында жергілікті бюджеттердің кірісі артыпты.
"Мұны орталықсыздандыру реформасымен байланыстыруға болады. Өңірлік бюджеттердің кірісі 38,5 пайызға өскен. 2019 жылдың осы кезеңінде оның көлемі 2,6 трлн теңге болса, биыл 3,6 трлн теңгеге жетті. Шығыстар тарауында білімге (39 пайыз), ТКҮШ-ке (14 пайыз), көлік және коммуникацияға (7 пайыз ) көп бөлінген. Реформа енгізілгенге дейін жергілікті бюджеттердің үлесі ел экономикасының оннан бір бөлігіне тең болатын. Алғашқы жарты жылдықта ЖІӨ-дегі үлесі 9 пайыздан 13 пайызға артқан. Бірақ әлі де болса жергілікті бюджет кірісінің жартысынан астамы трансферттен түседі", – дейді маман.
Сондай-ақ жалпы корпоративтік салықтың республикалық бюджет түсімдеріндегі үлесі артып кетпеген.
Ақмарал Камалтева бұл мұнай секторындағы ұйымдардың түсімдері тікелей Ұлттық қорға кететіндігімен байланыстырады. Ал мемлекеттік бюджеттің кірісін мұнайға қатыссыз кәсіпорындар толтыруға тиіс.
"Жергілікті бюджеттерді республикалық бюждетке тәуелділіктен арылтуымыз керек. Өйткені донор өңірлердің саны төртеуден артқан жоқ. Қалған облыстардың кірісі негізінен транферттерден қалыптасады. Болжамдарға сенсек, алдағы үш жылда бұл тенденцияның өзгеруі екіталай", – дейді экономист.
Биыл алғашқы 7 айда жергілікті бюджетке түсетін салық 30 пайыз артса, республикалық бюджет түсімі керісінше 26 пайыз кеміген екен. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 911 млрд теңге жетпей қалған. Оның ішінде 291,3 млрд теңгесі ғана жергілікті бюджетке шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы ретінде берілген. Сонда қалған үштен екі бөлігі экономиканың нашарлауынан болған. Яғни пандемия, дағдарыс, мұнай бағасының арзандауы сияқты факторлардың кесірінен республикалық бюджетке 620 млрд теңгеге жуық салық түспей қалған.
Бюджеттің бүйірін толтырушы донор облыстардың саны өзгерген жоқ дедік қой. Сол баяғы Алматы қаласы, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы алғашқы үштікте тұр. Бұл өңірлер жалпы салық түсімі бойынша да, корпоративтік табыс салығының түсімдері бойынша да алда келеді. Жеті айдың көрсеткіші бойынша Алматы қаласындағы бюджет түсімдерінің 38,3 пайызын осы корпоративтік салық түсімдері құрап отыр (11 млрд теңге ).
"Соңғы 3 жылда биыл бірінші рет 113 млрд теңге мөлшерінде жергілікті бюджеттің профициті байқалды. Бірақ бұл барлық өңірге тән емес. Түркістан және Жамбыл облыстарының әрқайсысында 30 млрд теңгеден асатын тапшылық байқалып отыр. Бұл осы өңірлердің даму деңгейін көрсетеді. Мысалы, Түркістан облысында алғашқы жеті айдағы салық түсімі 39 млрд теңге ғана болған. Ал бір ғана білім саласына 204 млрд теңге шығындаған. Жамбыл облысында да жағдай осыған ұқсас, 36 млрд теңге ғана салық түскен. Оның ішін тек 3 млрд теңгесі ғана КТС-дан түскен. Мұнда білім мен ТКҮШ саласының шығыны көп", – дейді Ақмарал Камалиева.
Сарапшылар мемлекеттік бюджетті орталықсыздандыру реформасын тиімді ұйымдастыру үшін жергілікті органдардың өкілеті туралы мәселенің басын ашып алу керек деп отыр. Өйткені бізде алым-салық Салық кодексімен реттеледі. Ол құжат бойынша әкімдіктер тек салық жинауды ғана ұйымдастырады. Салық базасын айқындап, мөлшерлемесін белгілейтін мүмкіндігі жоқ. Шығыстар бойынша өкілеті де осыған ұқсас. Осыдан кейін жергілікті билік жоғарыдан келетін трансферттерге алақан жайып отыра береді.
"Бюджет кодексі бойынша салық жүйесі мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасында вертикал қатынаспен реттеледі. Яғни, мәслихаттар бюджетті бекітіп, әкімдік оны орындайды. Бұл жүйемен жергілікті бюджеттердің дербестігін қалай қамтамасыз етуге болады? Жерігілікті әкімдіктер ШОБ-ты дамытуға арналған ішкі бағдарламаларын қабылдайалуы керек", – деген сарапшы шетелдік тәржірибелерді мысалға келтірді.
Украинада 2015 жыдан бастап орталықсыздандыру реформасы енгізілген екен. Қазір бұл елде корпоративтік табыс салықтан түсетін барлық кірістің 10 пайызы жергілікті бюджеттерге беріледі. Ал Польшада мұндай реформа 2004 жылы басталған. Бұл елде корпоративтік табыспен бірге жеке табыс салығының бір бөлігі жергілікті бюджеттерге табысталған.
"Ең сәтті мысал – Финляндия. Бұл елде жергілікті муниципалитеттер табыс салығының мөлшерлемесін емін-еркін белгілей алады. Тіпті, мүлік салығының мөлшерлемесін де өздері бекіте береді. Осы елдердің жетістіктерін ескере отырып, бізге де жергілікті органдарға қосымша салықтық және фискалдық өкілеттер беру керек", – деді Ақмарал Камалиева.
Есжан Ботақара
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!