Коррупциямен күрес комиссиясы барлық бухгалтерге қатысты суыт шешім қабылдады

10637

Жемқорлардың былығын жасырып, "тазалауға" қызмет ететін есепшілердің бассыздығына қарсы күрес басталды.

Коррупциямен күрес комиссиясы барлық бухгалтерге қатысты суыт шешім қабылдады Фото: atameken.kz

Кейінгі кезде есеп-қисаппен айналысатын мамандардың қылмысқа баруы жиілеп кеткендей. 

Биылғы наурызда Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары "ҚТЖ–Жүк тасымалы" ЖШС алматылық бөлімі бухгалтерлерінің аса ірі көлемде ақша ұрлауға бағытталған қылмыстық схемасын әшкереледі. Тергеу нұсқасы бойынша олар жалақы есептеуге арналған "SAP HRP" бағдарламасы мен кәсіпорынның төл интернет-банкингі арасындағы интеграцияның жоқтығын махинациялар үшін ұзақ пайдаланған. Яғни, бағдарламада бір санды, банкингте басқа санды теріп, айырмасын 4 жыл бойы сенімді тұлғаларының картасына аударып отырған. Іс сотқа тапсырылды.  

Ведомство мәліметінше, соның алдында, 2023 жылғы қаңтарда ұқсас қылмысы үшін осы кәсіпорында жетекші бухгалтер сотталыпты. Ол 80 миллион теңгеден астам қаражат жымқырған.  

Көлік прокуратурасы бір жайтқа назар аудартты: бұған дейін жыл сайынғы аудиторлық және ревизиялық тексерістер барысында талан-тараж болған қаражаттардың бәрі бірдей әшкерелене бермейді екен. Сондықтан прокурорлар бұл жағдайға құқықтық баға беру үшін тиісті сотқа дейінгі тергеуге бастамашы болды.

Белгілі болғандай, "SAP HRP" бағдарламасы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының көптеген кәсіпорындарында қолданылады. Оларда да қаражаттың ұзақ жыл бойы ұрланбағанына кепіл жоқ. Көлік прокуратурасы ұлттық компанияға төл бухгалтериясы қызметкерлерінің басты іс-әрекеттерін цифрландыруға ұйғарым енгізді.

Сондай-ақ биылғы 31 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты елорда әкімдігіне қарасты №2 қалалық көп бейінді ауруханасының бухгалтер-кассиріне үкім шығарып, жеті жылға соттады. Ол 32 миллионнан астам теңгені заңсыз жолдармен қалтасына басқан.

Былтыр және биыл елді білім беру саласындағы бухгалтерлердің қаржы жымқыруына қатысты алапат "қылмыстар толқыны" басты. Осы орайда Антикор білім саласында есепшілердің бюджеттік қаржыларды ұрлаудың қандай схемаларын қолданатынын жариялады. Олар жүйеде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында әшкереленген.

Антикоррупционерлердің түсіндіруінше, осы салада бухгалтерлердің ақ жолдан тайып, ел қазынасына қол салуына барлық жағдай жасалған деуге болады. Оның үстіне ақша да аста-төк: соңғы 3 жылда мемлекет білім беру саласына 12,1 триллион теңге құйды. Бұл 2021–2023 жылдардағы мемлекеттік бюджеттің бүкіл шығыстарының үштен бірін немесе 28%-ын құрайды. Қатардағы педагогтердің жалақысы 2 есе, ғылым дәрежесі және сабақтан тыс жаттығулар өткізетін ұстаздардың жалақысы – үш есе жоғарылатылды. Ол қаржыға да сұғанақ қолдар сұғылатынын өңірлердегі мұғалімдердің жоғарыға шағымдарынан байқауға болады. 

Антикор анықтағандай, тек Жетісу облысында ғана қалалық білім беру бөлімінің қызметкерлері 2,5 жылда 4,4 миллиард теңге ұрлаған. Агенттік ұқсас қылмыстық схемаларды бүкіл еліміз бойынша тапты. Ең ірі ұрлықтар Алматыда, Шымкентте, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облыстарында тіркелді. 

Биыл Талдықорғанда Антикор қызметкерлері қалалық білім бөлімінің 48 жасар бас бухгалтерін ұстады. Оның үйін тінту барысында 1 миллиард теңгеге жуық ақша, 14 пәтердің және 7 коммерциялық орынжайдың кілтін тапты. 

Бухгалтерлердің қаржы жымқыру тәсілдері әралуан: жұмыскерге лауазымы бойынша көзделгеннен көбірек жалақы аударылады, немесе керісінше, қиянат қылып, әлдеқайда аз береді. Айырмашылығын қалтасына басады. Мектепте жұмыс істемейтін "өлі жандарға", туыстарына, жақын адамдарына еңбекақы аударады. Бір қызметкерге жасалған ақша аударымдарын құжаттарда бірнеше рет қайталап көрсетеді.

Егер бухгалтерлер қолға түссе, айыбы дәлелденсе, әдетте соттар оларды аямайды. Бірақ кінәсін мойнына қою қиын. Себебі, бухгалтерлердің үлкен бөлігі құжаттарды жым-жылас жоғалтып жіберудің шеберіне, нағыз "фокусникке" айналып алған. Тіпті соған үйрететін жабық семинарлар бар деседі.

Бұл ауыр ахуал билікті де шошынтып отыр. 

Содан мәселе Мемлекеттік кеңесші, Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия төрағасы Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Оның қорытындысында Е.Қарин заң талаптарын бұзған бухгалтерлерге жазаны қатайту жөнінде тапсырма беріп, ол жиын хаттамасында көрініс тауыпты. 

Бұдан бұрын бағалаудың бірлескен раундтарының қорытындылары бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттер тобы (Group of States Against Corruption немесе GRECO) да Қазақстанды жайлаған осы былыққа назар аудартып, республикаға олқылықты жоюға ұсыным берді. 

Қазақстанда бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті орган – Қаржы министрлігі.

Қарин комиссиясы мен ГРЕКО ұсынымдарын іске асыру үшін әкімшілік айыппұлдар мөлшерін 2–3 есеге ұлғайту ұсынылды.

Осыған байланысты бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаевтың министрлігі Әкімшілік кодекске заңнамалық түзетулер жобасын ұсынып отыр. 

Бұл жерде әңгіме бухгалтерлердің "қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi жоқ" қарекеттері турасында болып отыр. Өйткені қылмыстық әрекеттері Қылмыстық кодекс аясында қудаланады.

Бірақ ГРЕКО сарапшылары нұсқағандай, қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi жоқ әрекеттердің өзі түрлі қылмысты жасыру, ізін жоғалту үшін қолданылуы мүмкін. 

Мысалы, қазақстандық көптеген есеп мамандары бухгалтерлік есеп саласындағы келесі құқық бұзушылықтарға барады: 

  • бухгалтерлік есепті жүргізуден жалтарады. 
  • Қате жібергенсіп, қаржылық есептілікті бұрмалайды.
  • Бухгалтерлік есепте көрсетілуге жататын міндетті деректерді жасырады (бұған аудиторларды адастыру үшін баруы ықтимал).
  • Бухгалтерлік құжаттаманы жойып жібереді. 
  • Көрінеу анық емес қаржылық есептілікті ұсынады. 
  • Қаржылық есептілікті ұсынудан бас тартады. 
  • Белгіленген ұсыну мерзімін бұзады және тағы басқа әрекеттерге барады. Оның бәрі қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады. 

Қаржы министрлігінің дәйектеуінше, қолданыстағы айыппұлдардың мөлшері өте аз, сондықтан ол бухгалтерлердің заңға қайшы қарекетке баруына тосқауыл болмайды, профилактикалық әсері шамалы. 

Нақтыласақ, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 239-бабының 1 және 2-ші бөліктеріне сәйкес, бухгалтерлері осы аталған әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаған шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (345 000 теңге), орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 200, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады.

Құқық қолдану практикасына талдау көрсеткендей, 2019–2022 жылдар аралығында құқық бұзушылар саны азаймай тұр. Осы үш жыл ішінде әкімшілік баптың 1-бөлігі аясында 381 заңды тұлға, 2-бөлігі аясында 47 заңды тұлға жазаланған. Бұл – саладағы компаниялардың 12%-ы.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, айыппұл мөлшері төмен болғандықтан, бухгалтерлік қызмет көрсететін тұлғалар жазаға алаңдамай, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталап жасайды.

Алайда Қаржы министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасында жаза комиссия тапсырғандай, 2–3 есе өспейді. 

Министрлік аталған әкімшілік құқық бұзушылыққа барған шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға енді – 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК айыппұл салуды ұсынып отыр. 

Егер бухгалтер бұл заңсыз әрекетін бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда шағын кәсіпкердің немесе коммерциялық емес ұйымның айыппұлы – 250, орта кәсіпкерлік субъектілерінікі – 500, ірі кәсіпкерлік нысандары үшін – 1,5 АЕК-ке дейін өспек.

Соған қарағанда, Жамаубаев командасы не есепті білмейді, немесе жазаны еселеп өсіруге батылы бармаған.

Айтпақшы, Қаржы министрлігі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы айыппұлдарды ұлғайту түрінде жазаны қатаңдатуды тек 2023 жылдың 2 жартыжылдығының соңында енгізбек. Ендеше заң аясындағы шаралар да келесі жылға ысырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу