Көрші ел Қазақстанмен шектесетін өңірлерінде алаңдатарлық шешім қабылдады

4768

Сарапшылар биыл да Ресейде бидайдың шығымдылығы нашар болады деп жорамалдап отыр.

Көрші ел Қазақстанмен шектесетін өңірлерінде алаңдатарлық шешім қабылдады Фото: canva

Ресейлік "СовЭкон" аналитикалық орталығының басшысы Андрей Сизов бұдан бұрын, 2024 жылғы желтоқсанда РФ-та соңғы 5 жылдағы ең аз астық жиналатынын болжаған болатын.

Оның тұжырымдауынша, 2025 жылы бидай көлемі бірден 3 миллион тоннаға құлдырап, астық ауқымы небәрі 78,7 млн тоннаны құрауы мүмкін.

Дегенмен, биылғы маусым айындағы есебінде "СовЭкон" РФ-та жиналатын бидай көлеміне қатысты болжамын жақсартты. Жаңа жорамал бойынша солтүстік көрші 2025 жылы 82,8 млн тоннаға дейін бидай оруы ықтимал.

Салыстырсақ, 2024 жылы РФ 82,58 млн тонна, алдыңғы 2023 жылы – 92,8 миллион тонна бидай жинап алған еді. Яғни, кейінгі екі жылда астық көлемі 2023 жылғыдан 10 миллион тоннаға күрт түсіп кетпек.

Сонымен бірге, талдау орталығы өзінің маусымдағы болжамы – оптимистік сценарий екенін, жалпы алғанда РФ-та ауа райы жағдайы күрделі болып қалғанын, егістіктердің ахуалы көңіл көншітпейтінін ескертті.

Салдарынан "СовЭконның" желтоқсандағы пессимистік болжамы жүзеге асса, онда Ресейде соңғы 5 жылдағы орташа мәннен 10 миллион тоннаға кем бидай ғана қамбаға құйылуы мүмкін.

Негізгі себеп ретінде сарапшы астық экспортына қатысты енгізілген баж алымының өсуін, бидай егуден түсетін табыс пен рентабельділіктің құлдырауын атады. Сизовтың мәліметінше, бұлардың шығындары түсімнің 10%-дан 40%-ға дейінгісін "жұтып" қояды.

Тағы бір фактор ретінде қолайсыз ауа райы аталды. Дәл дән себіліп, жасөскін өнетін шақта Еуропаны табаға салғандай қуырып жатқан Күн жарықтық Ресейге шуағын төгер емес. Бұлтты, жауын-шашынды күндер көбейген.

РФ-тің кей өңірінде бұршақ пен қар аралас жауын жауып, ызғар түскен. Бұдан бөлек, Сизов Ресейдегі егістіктердің жағдайы соңғы онжылдықтағы ең нашар жағдайға жеткеніне назар аудартты. Жергілікті аграршылар үнем қылып, тыңайтқыш төгуден немесе жеткілікті көлемде енгізуден аяқ тарту арқылы жердің деградациясына серпін беріпті.

Трейдерлер де тұнжыраңқы болжамдарын бөлісті: олар РФ-та орылатын бидай көлемі алдағы жылдары да тек қарқынды кеми береді деп санайды. Болжамынша, келесі 2026 жылы ресейлік астық 70 миллион, ал, 2027 жылы – 65 миллион тоннаға дейін құлдырайды.

Соның кесірінен, солтүстік көрші "ас атасының" шикізатымен енді өзін-өзі қамтамасыз етіп, өзін-өзі асырай алмайтын хәлге жетуі мүмкін.

Өйткені "Финам" инвестхолдингі сарапшыларының мәлімдеуінше, бидайға деген Ресейдің жылдық ішкі қажеттілігінің өзі 75 миллион тоннадан асады.

Мысалы, 2023 жылдың қорытындысында РФ 74,4 миллион тонна бидай тұтынған. Оның 44%-ынан нан, тоқаш өнімдерін, торт және басқа кондитерлік өнімдерді, өзге де тауарларды жасады. Тағы 56%-ы малдың жемазығы ретінде жұмсалды.

Осы орайда Ресейдің Қазақстанмен шекаралас өңірлерінде бидай егуден жаппай бас тартып жатқаны белгілі болды. Себебі, бұған дейінгі жылдары рекордтық астық жиған көрші санкция салдарынан онысын алыс шетелге көп өткізе алмады. Содан мол қалдығын Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне арзан бағамен өткізді.

Ресейлік мол астық негізінен Қазақстанмен шектес өңірлерден келетін. Егер биылғы күзде олардың экспортының легі күрт сұйылса, Қазақстанның ішкі нарығында бидай бағасы тұрақтанады.

"СовЭкон" орталығының директоры Андрей Сизов Қазақстанмен іргелес жатқан ресейлік өңірлерде осы жылы егістік күрт қысқарғанын жасырмады.

Оның мәліметінше, 2025 жылы онсыз да үлкен көлемі шіріп, қызып кеткен күздік (озимые) бидайды қоспағанда, жаздық бидайға (яровая пшеница) бөлінген аудан 11,8 миллион гектарға дейін азайтылған. Бұл 2024 жылғыдан 4,1% кем.

Сарапшы мұның ағымдағы онжылдықтағы ғана емес, бірнеше онжылдықтағы ең төменгі көрсеткіш, тарихи антирекорд екенін қаперге салды.

Соның ішінде бұрынғы бірнеше жыл бойы Қазақстанға белсенді түрде бидай жолдаған өңірлер қатты зардап шегіпті. Оларда егіс көлемі бірден 1 миллион гектарға азайып кетті. Соның ішінде Сібірде – 700 мың гектарға, Жайық өлкесінде (Орал) – 300 мың гектарға төмендеген.

Сарапшылар кейінгі жылдардағы орташа шығымдылықты – әр гектардан жиналатын шамамен 30 центнерді осы 1 миллион гектарға көбейте келе, Ресейдің 2025 жылы тек Қазақстанмен шектес өңірлерде 3 миллион тонна астық жоғалтатынын есептеді.

Қазақстан АШМ-нің дерегінше, ауыл шаруашылығы дақылдары 2025 жылы жалпы ауданы 23,7 миллион гектар алқапта егілді. Соның ішінде "ас атасы" нанның шикізаты – бидайға небәрі 13 миллион гектар ғана жер тиді.

Қазақстанда да, Ресейде де бидай жайқалған алқаптардың қысқаруының себебі бірдей – фермерлерге бидайды өсіргеннен майлы және бұршақты дақылдарды: күнбағысты, рапсты, зығырды, жасымық-чечевицаны, бұршақты еккен тиімді.

Осы соңғыларына мемлекет миллиардтаған теңге субсидия, яғни, қайтарымсыз қаржылай көмек береді. Түрлі жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынады. Ал, "монополист дақыл" саналатын бидайға мемлекеттен қолдау жоқ.

Оның үстіне бидайға қарағанда, майлы және бұршақты дақылдардың шығымдылығы жоғары: бір ғана гектарынан бірнеше есе көп тонна астық алады.

Бұған қоса, Ресейде бидай экспорттаушылар федералдық бюджетке арнайы баж алымын төлейді. Бұл да оның аграршыларын бидай өсіруден белсенді бас тартуға итермелейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу