Ресей құқық қорғау органдары анықтағандай, Тула облысының тұрғыны анасының 2001 жылы өмірден өткенін тиісті мекемелерге хабарламаған. Ұлы ебін тауып, шешесінің мүрдесін шетелге шығарып, өзге мемлекеттің аумағында жерлеген.
"РИА Новости" мұндай оқиғаларды анықтау үшін "Ресей зейнетақы қоры" (Пенсионный фонд РФ немесе ПФР) арнайы тетік енгізгенін мәлім етті.
Оған сәйкес, бұдан былай зейнетақы мен жәрдемақыларды жеткізумен айналысатын Ресей поштасы, банктер, курьерлік және басқа түрлі ұйымдар ақшаны бермес бұрын төлем алушының тірі екеніне көз жеткізуге міндеттелді.
"Кейбір зейнеткерлердің зейнетақысын сенімхат бойынша жақын туыстары алады. Бірақ ең құрығанда жылына бір рет оны зейнеткердің өзі алуға тиісті. Егер жеке өзі алмаса, Ресей Зейнетақы қоры төлем төлеуді уақытша доғарады. Бұған дейін осы мәселемен жеткізуші ұйымдар айналысатын, енді бұл істі өзіміз бақылауға алдық. Егер зейнеткер жеке өзі келе алмаса, оған мобильді клиенттік қызметіміздің мамандары барады", – деп түсініктеме берді ресейлік Зейнетақы қоры.
Бұған қоса, учаскелік полицейлерге қариялар тұратын үйлерді арагідік аралап, хәл жағдайларын біліп, амандығын арнайы дәптерге тіркеп тұру жүктеліпті.
"Участковыйлар" өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы әрбір зейнеткерді аты-жөніне дейін білуге міндетті болады. Егер қарт өз үйінде жоқ болса, оның дерегін, оны соңғы рет қашан көргенін көрші-қолаңынан сұрап білуге тиіс.
Ресейде Парламент шетелде тұратындарға зейнетақы төлеуге тосқауыл қоятын заңнамалық түзетулерді қарастыруда.
Көршіміз Түрікменстан да әлемде теңдесі жоқ төл тетігін енгізді. Түрікменстандық "Azatlyk Radiosy" хабарлауынша, республикада енді зейнеткерлерден әлі тірі екенін үнемі дәлелдеп тұруы талап етіледі.
"Түрікменстанда зейнетақысын бұғаттаудан босату үшін ақсақалдар мен кейуаналар ары қарай да бұл фәниде жүргенін мезгіл-мезгіл дәлелдеп тұруы шарт. Осы мақсатта олар алдымен отбасылық дәрігерге көрінуі, содан соң әртүрлі 3 мемлекеттік инстанцияның алдынан өтуі керек. Бұл процедура жылына 2 рет қайталанады. Рәсімнің басталу мерзімі еш ескертусіз өзгертіліп тұрады", – деп жазды "Azatlyk Radiosy".
Ақпарат құралының дерегінше, республикада қариялар "тірілігін" дәлелдейтін науқан тағы басталып жатыр. Сондықтан зейнетақы алуға құқығы барын Үкіметке дәлелдеуге мерзімінде үлгеріп қалу үшін жанталаса құжат жинаған зейнеткерлердің кезегін байқауға болады.
Ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, үлкендерден бақиға аттанбағанын дәлелдеп тұруды талап ететін қағидаларға сәйкес, тіршілігін құжат жүзінде айғақтай алмаған зейнеткерлерге зейнетақы төленбейді.
"Азатлыкқа" аты-жөнін және лауазымын жазбауды сұрап, сұхбат берген жергілікті шенеуніктер бұл шараның қайтыс болғандар үшін зейнетақыны туыстарының заңсыз алуына жол бермеуге бағытталғанын түсіндірді.
Өйткені Түрікменстанда зейнетақы мен жәрдемақы төлеу цифрландырылған, төлемдер бірден банк карталарына аударылады.
Дегенмен, қылмыспен күрескен, нақтылыққа ұмтылған шенеуніктердің бұл тірлігі кейбір қартайған, буынынан әл тайған жандарды жылына 2 рет әуре-сарсаңға салып, қиыншылық әкеледі.
Жұртшылық әсіресе, шенділердің бұл науқанның басталу мерзімін және қағидаларын аяқ астынан өзгерте салатынына, ол туралы алдын ала құлағдар етпейтініне наразы.
"Анам тұрғылықты жері бойынша отбасылық дәрігерді таба алмады. Уақыт болса, тығыз. Сондықтан өз ауданының тұрғын үй әкімшілігіне барып, тірілігін айғақтайтын анықтама беруін өтінді. Алайда шенеуніктер алдына өзі келіп тұрған әжейге тірі деп құжат беруден бас тартады. Тәртіптің қатаң сақталуын талап еткен. "Бірінші кезекте сіздің отбасылық дәрігеріңіз анықтама беруге тиіс. Тек содан кейін ғана біз өз анықтамамызды береміз!" депті мізбақпастан", – деп Балқанабад қаласының тұрғыны өзінің 70 жастағы анасының құжат жинауда қандай сергелдеңге түскенін баяндады.
Осы екі құжатқа қол жеткізсе ғана зейнеткер тиісті өтінішпен паспорттық үстелге жүгіне алады.
Іс мұнымен бітпейді, зейнеткер паспорттық үстелден алған анықтамасымен одан ары өңірлік Зейнетақы қорына баруы қажет. Сонда ғана қор тиісті шешім қабылдап, бұғатталған төлемді "тұтқыннан" босатып, төлеуге кіріседі.
Ақпарат құралдары төлем төлеудің қайта жандануына қол жеткізген егде жастағы азаматтар басқа бір қиындыққа тап болғанын жазады. Түрікменстанда қолма-қолсыз ақшаны шешіп алу, банкнот ақшаға қол жеткізу қиындаған.
"Түрікменстан бүгінде қолма-қол қаражат дағдарысынан зардап шегуде. Үкімет мұндай проблеманың барын мойындамайды, жоққа шығарады. Алайда пластик картадан ақша шешіп алғысы келгендердің алдынан үлкен қиындықтар туындайды. Түрікменабад қаласының зейнеткерлерінің бірі анонимді тәртіппен бізге хабарлағандай, ол банкоматтан зейнетақысының 600 манатын ала алыпты. Соның 200 манаты ескірген, жыртылып, желімделген купюралармен берілген. Сонымен қатар, көптеген дүкендер, базардағы саудагерлер ескі банкноттарды қабылдаудан бас тартады", – деп жазды жергілікті "Азатлык".
Содан зейнеткер ескі ақшаны жаңасына айырбастау үшін банктерді жағалаған. Бірақ олар, соның ішінде банкоматтың иесі болып табылатын банк те жаңасына алмастырудан аттонын ала қашты.
Басылым хабарлауынша, "Туркменистан Банк" қызметкерлері банкоматының жарамсыз купюра бергені үшін өз мойындарына жауапкершілік алудан бас тартқан және ақшаны өз банкоматынан шешіп алғанын дәлелдеуді талап еткен.
Келесі банкке бас сұққан зейнеткер оның кассирінің өзі ескі, жырымдалған банкноттарды желімдеп отырғанына куә болды.
Ақпарат құралы 200 манат ресми курс бойынша 57 долларға тең екенін еске салады. Алайда қара нарықта бүгінде 200 манатқа тек 20 доллар ғана сатады.
Халықаралық сарапшылар соңғы онжылдықта экономикалық күйзеліс кесірінен Түрікменстандағы халықтың төлем қабілеттілігі күрт құлдырағанын айтады. Ел экономикасы көмірсутек, газ саудасынан түсетін табыстарға толығымен дерлік тәуелді болып қалуда.
Түрікменстанда ресми ең төменгі зейнетақы айына 550 манатты құрайды. Тәжірибеде бұдан аз алатындар да бар көрінеді.