Бұған тіпті биліктің отбасыларды көпбалалы болуға барынша ынталандыруға тырысуы да көмектесер емес.
Халықаралық сарапшылар бір мезгілде жұмысшылар мен тұтынушылар санының қысқаруы салдарынан әлемнің екінші экономикасы қиындықтарға тап болады деп алаңдайды. Өйткені шың елінің экономикасы күйзелсе, әлемдік дағдарыс басталуы мүмкін.
"Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қорытындысында Қытай халқы тағы 1,39 миллион адамға кеміді. Осылайша, бүгінде оның халқының жалпы саны 2023 жылғы 1,409 миллиардтан 2024 жылы 1,408 миллиард адамға дейін төмендеді. Халқының табиғи түрде азаюы Қытайда осымен үшінші жыл қатарынан тіркеліп отыр", – деп хабарлады Reuters.
Ханзу елі тұрғындарының санын өсірмей келген "бір отбасы – бір бала" саясаты Қытай компартиясының орталық комитетінің V пленумында, 2015 жылы жойылған болатын. Содан бері он жылдай уақыт өтті. Бұрынғы саясатқа әбден "еті өліп кеткен" қытайлар отбасы мүшелерінің санын арттыруға сол бойы елікпеді.
2023 жылы ҚХР-да 9,02 миллион бала туылып, 11,1 миллион адам қайтыс болған. 2024 жылы 9,54 миллион сәби дүние есігін ашып, 10,93 миллион адам өмірден өтіпті. Салдарынан Қытайда өлім-жітім бірнеше жыл қатарынан туылған балалар санынан асып түсуде. Жергілікті сарапшылар бұл тенденция таяу жылдары жалғасатынын ескертті.
БҰҰ анықтамасы бойынша репродуктивті, яғни, 15-49 жас аралығындағы қытай әйелдерінің саны осы ХХІ ғасыр соңына қарай үштен екіден астамға азайып, 100 миллионнан да азы қалады.
Айта кету керек, қарқынды түрде азайып бара жатқан, бірақ мигранттар есебінен шамалы толығып отыратын Еуропадан айырмашылығы сол, шың елі сырттан келетін ауқымды иммиграцияға жабық ел саналады.
Соның кесірінен, Ұлттық статбюро дерегінше, халық қатты қартайып барады: жасы 60-тан асып кеткен азаматтардың саны бір жыл ішінде бірден 13,34 миллионға артып шыға келді. Егер 2023 жылы егде тартқан тұрғындарының жалпы саны 296,97 миллион адамды құраса, 2024 жылы саны 310,31 миллионға жетті.
Басқаша айтқанда, қазіргі кезде әрбір 4 қытайдың біреуі – кәрі адам. Салыстырсақ, Қазақстанда әрбір 10 адамның біреуі – зейнеткер.
Зейнетақы жасындағы ҚХР азаматтарының (жасы 60-тан асқандар) саны 2035 жылы 400 миллион адамнан асады деп болжанып отыр. Мұндай жағдайда Қытайда екі қытайдың бірі – қария болмақ.
ҚХР мемлекеттік ғылым академиясы 2035 жылға қарай елдің зейнетақы жүйесінің қаражаты таусылатынын мәлімдеді. Айтқандай, жастарға қарағанда қарт адамдар анағұрлым аз қаржы жұмсайды, олардың көбі жыл сайын жаңа гаджеттер, көліктер алмайды, сән қумайды. Тұтынатын тауарларының ауқымы-ассортименті шектеулі.
"Бұл деректер эксперттерді мазалап отыр. Себебі, тұтынушылары да, жұмысқа жарамды азаматтары да бұлайша азая берсе, көлемі жөнінен жаһандық екінші экономика түрлі қиындықтарға душар болады. Оның үстіне отбасылар мен мемлекеттің қарияларға күтім жасау, зейнетақылық жәрдемақы төлеу шығыстары өсіп келеді. Бұл онсыз да берешекке батқан жергілікті билік органдарына қосымша жүктеме түсіруде", – деп түсіндірді Reuters.
Ол 1980-2015 жыл аралығында белсенді жүргізілген "бір отбасы – бір бала" саясаты кесірінен Қытайда қос үрдіс қатар өрбігеніне назар аудартады. Бір жағынан, бала туу күрт төмендеді, екінші жағынан, урбанизация күшейді.
Көрші Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты, қытайлардың үлкен көлемі ауылдық елді мекендерден қалаларға жаппай көшуде. Бірақ ауылға қарағанда қалада баланы тәрбиелеу қымбатқа түседі.
Балалардың күтімі мен білім құнының жоғарылығы, сондай-ақ автоматтандыру мен цифрландыру нәтижесінде жұмыс орындары санының азаюы, кейінгі жылдары экономикалық өсімнің баяулауы қос трендке қозғау салды. Бір жағынан, көп бала сүюге рұқсат етілгенімен, кейбір отбасылар тіпті бірінші баласын тууға асықпайтын болды.
Екінші жағынан, жас қытайлар отау құрып, некеге тұрудан ат-тонын ала қашатын болды (Tinder-дің Momo, Tantan, Soul сияқты баламалары Қытайда көп).
Жергілікті демографтардың пікірінше, саладағы проблеманың ушығуына гендерлік кемсітушілік, қызметке тұрғызбай, үй шаруашылығына жегетін ескі салт-дәстүрлер де ықпал еткен.
"Оған қарсылығы ретінде әйелдер ресми жұмысқа орналасуға, алдымен мансап-карьерасын қалауға ұмтылады. Қытай халқының азаюына көбіне бұрыннан қордаланған құрылымдық себептер әсер етеді. Іргелі құрылымдық жаңғырулар қажет: ана мен баланы әлеуметтік қорғау жүйесін жақсартқан, гендерлік дискриминацияны түпкілікті жойған жөн. Онсыз халық санының кему үрдісін тыю мүмкін болмайды", – дейді АҚШ-тың Мичиган университетінің әлеуметтану кафедрасының доценті Юнь Чжоу.
ҚХР үкіметі халықты көбірек бала тууға ынталандырудың көптеген шарасын қолға алуда. 2024 жылы да халық санын көбейтуге бағытталған бірқатар жаңа шараларды қабылдады.
Соның бірі, New York Times жазуынша, қыз балаларды ерте тұрмыс құрып, жүктілікке үгіттеуді қарастырады. Желтоқсан айында билік университеттер алдына оқу бағдарламасына "Махаббат білімі" атты курсты қосу жөнінде міндет қойды. Оның аясында жастар арасында махаббат, неке, сәбиді дүниеге әкеліп, тәрбиелеу, отбасын құру сияқты құндылықтар насихатталады.
Қараша айында ҚХР Мемлекеттік кеңесі (Үкімет) жергілікті билік органдарына ерте жастан тұрмыс құрып, бала тууға деген құрмет пен ізгі көзқарасты дәріптеуді жүктеді.
Бұдан бөлек, Қазақстанға үлгі бола алатын тетік бар: шығыс көршіде бірінші баласын туған жас отбасыларға жеке салықтық жеңілдіктер, арзан баспана, ақшалай көмектер беріледі.
Сондай-ақ мемлекет ерлі-зайыптылардың ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) шығындарын көтереді. Сонымен қатар елдің бірқатар өңірі жалғыз басты аналарды жазалайтын ескі шектеулерді алып тастауға бел буды. Мәселен, жүкті болып қалған жалғызілікті аналар бала тәрбиесіне берілетін жәрдемақыны ала алмайды. Бұл кезінде дәстүрлі құндылықтарды қорғау үшін енгізілген көрінеді.
Дегенмен, әзірге бұл шаралар тиісті нәтиже бермей тұр. Халық санының өсуінің доғарылуы бюджетке, денсаулық сақтау саласына, білім беру жүйесіне, тұтынушылық нарыққа қысым жасауда. Аймақтарда балалар жетіспегендіктен мектептер жабылып жатыр.
Мәселен, ҚХР-да ішкі нарыққа бағдарланған, балаларға арналған сүт қоспасын шығаратын көптеген өндірушілер енді қарттарға арналған, кальций мен селен қосылған коктейльдер шығаруға ауысты.
Бұдан басқа, ондаған жеке перзентханалар, ана мен балаға қызмет ететін клиникалар жабылып қалды.
Урбанизация күшейе түсті. 2024 жылы қалалықтар саны 10,83 миллион адамға артып, жалпы саны 943,3 миллионға жетті. Ал, ауылда 464,78 млн адам ғана қалған.
Xpert.Digital эксперті, Қытайда тұрған бизнес-аналитик Конрад Вольфенштейн 1980-ші жылдардан бері тоқтаусыз әрі жылдам жүріп жатқан урбанизация қытайларды өз отбасыларын барынша шағындауға мәжбүр ететінін айтады.
"Халық ірі қалалардың айналасында, анағұрлым шағын кеңістікте жаппай шоғырлануда. Бұл елге елеулі проблема әкелді. Қалаларда жұмыссыздар қатары артты. Қалалардың қоршаған ортасы қатты ластанды, өнеркәсіптік кәсіпорындардың улы түтінінен тыныстау қиындады. Бұған автомобилизацияның өсуі және көлік тығындары қосылды. Мұның бәрі халықтың репродуктивті қабілетіне соққы. Қытай қалаларының осал жері – таза ауыз сумен және электр қуатымен жете жабдықталмауы болып табылады. Майнерлерге тыйым салынуына сол да ықпал етті. Осы және басқа мәселелер Қытай халқының жыл сайын қартая беруіне себепкер", – деді Конрад Вольфенштейн.
Урбанизация, сондай-ақ бала туудың төмендеуі ҚХР-да 376 125 деревняның жабылуына соқтырды. 1990 жылы Қытайда 1 001 272 деревня болыпты. Ал, 2004 жылғы статистика бойынша 625 147 деревня ғана қалған. Бірақ одан бері 20 жылдан астам уақыт өтті.
Қалалар саны да азаюда. Мысалы, 2024 жылғы сәуірде China Observer арнасы ҚХР-дың Наньнинінде бұрын 50 мың адам тұрған шаһардың бос қалып, елес-қалаға айналғанын паш етті. Бұған америкалық Apple компаниясының iPhone өндірісін Үндістан мен Вьетнамға көшіруі нәтижесінде Foxconn корпорациясының өз зауыттарын жауып тастауы ықпал еткен.
Қала тұрғындары бұрын күн сайын 60 тонна күріш, 1,2 миллион жұмыртқа, 80 мың тауық, 280 шошқа тұтынған екен. Зауыттар жабылғалы бұл қаладағы жаңа көп қабатты үйлерден ешкім пәтер сатып алғысы келмеген.